Жұма, 26 сәуiр, 08:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бағытты бағдар айқындайды

21.08.2021

1546 0

Ата-бабамыз сан ғасыр бойы өз алдына зайырлы тәуелсіз ел болуды армандады. Оған жету жолында Ұлы Дала не көрмеді десеңші? Талай қилы заманды бастан өткеріп, қаншама асуды бағындырды. Бодандық, зұлымдар көрсеткен зәбір, бір үзім нанға зар еткен аштық, әділетсіздіктің құрбаны болып, жазықсыз жер құшқандар, жойқын соғыс, кешегі Желтоқсан ызғары… Міне, осының бәрі – Атамекен үшін, еркін ел болу үшін жасалған батыл қадам мен көзсіз ерлік. Оның құны атаның қаны, ананың көз жасымен өлшенетіні де сондықтан. Кең байтақ жазық даланы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін өмірі ат үстінде өткен бабалардың ерлігін ұмыту әсте мүмкін емес.

Міне, осылайша сан ғасырлық Тәңірден тілеген тілегіміз орындалып, егеменді ел атандық. Бүгінде межеленген шекарамыз, елдігіміздің белгісіне айналған рәмізіміз, тұтастығымыздың кепілі – Ата заңымыз бар.

Ауыз толтырып айтарлықтай уақыт болмаса да, 30 жыл ішінде еліміз біршама жетістікке жетіп, әлем мойындайтындай мемлекетке айналды. Кәсіпкерлік саласы өркендеп келеді. Алдымен экономика, сосын саясат бағдарын ұстанған елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселенің бірі болды. Себебі бұл саланы дамыту экономиканы тұрақтандыру мен бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты күштердің бірі. Бүгінде қай сала болмасын нарықтық экономикада кәсіпкерлік саласымен біте қайнасып жатыр. Осыған орай елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.

Қазіргі кезде облыс бойынша 55738 кәсіпкер бар. Еліміз бойынша кәсіпкерліктің өсім қарқыны жағынан біздің аймақ алдыңғы қатарда. Өңір бизнесін дамыту үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек», «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламалары арқылы қаншама адам өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр.

2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуы арқасында «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдау құралдарының ауқымы айтарлықтай кеңейді. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті несиелеу, шағын және орта бизнесті несиелендіруге кепілдік беру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске арналған оқыту бағдарламаларын кең ауқымда жүзеге асыру басталды.

Биылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 8,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 780 жобасы субсидияланды. Берілген несиелердің 6,9 млрд теңгені құрайтын 430 жобасы Қызылорда қаласының үлесінде, ал қалған 2 млрд теңгенің 350 жобасы облыстың аудандарына тиесілі. Жеке кәсібін ашу үшін несие алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артты.

Бүгінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қарапайым халыққа «Онлайн» микрокредиттер берілуде. Әлем алысқан дерттің салдары кәсіпкерлік саласын да айналып өтпеді. Соңғы екі жылдағы қатаң карантиндік талаптар қаншама кәсіпкердің кәсібін құлдыратты. Осыған орай қазір экономиканың зардап шеккен салаларына қаржы бөлініп, кәсіпкерлерді қайта қаржыландыруда.

Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама негізінде екінші деңгейдегі банктердің назарынан тыс қалатын азық-түлік сауда дүкендері, тамақтану орталықтары, шаштараз, көлік тасымалдау тағы да басқа кәсіп түрлеріне жеңілдетілген несиеге қол жеткізу мүмкіндіктері кеңейді. Нәтижесінде республика бойынша Сыр өңірі алғашқы бестікке енді.

Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап жалпы 9,6 млрд теңгеге 119 жоба, оның ішінде биыл 10 жоба қаржыландырылды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында 371 адамға микрокредит берілді. Бүгінде «Қызылорда» өңірлік инвестииялық орталығы ауылдағы кәсіпті дамыту үшін 136 жобаны мақұлдады. Жобаның басым көпшілігі мал шаруашылығына арналған.

Елімізде кәсіпкерлікті қолдау үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коммерциялық емес ұйымы құрылды. Бүгінде кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік мүдделерін қорғайды, ішкі және сыртқы сауданы қоса алғанда, кәсіпкерліктің барлық саласын қамтиды. «Атамекеннің» негізгі міндеті – бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау және бизнес жұмысының заңнамалық және өзге нормативтік ережелерін қалыптастыру үдерісіне барлық кәсіпкерлердің барынша қатысуын қамтамасыз ету. Қазіргі кезде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жаңа микроқаржы ұйымы құрылуда. Ондағы басты мақсат – «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтаған жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыру. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына өзгеріс жасап, халыққа микрокредит беру құралын енгізді. Нәтижесінде 1927 бизнес-жоба қаржыландырылып, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Жалпы бұл жобаны екінші жартыжылдықтан бастап іске асыру көзделуде. Одан бөлек өткен жылы «2023 жылға дейін облыстың экономикалық даму жоспары» қабылданып, бизнеске 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны іске асыру үшін ұсынылған болатын. Былтыр 89 жобасы іске асырылып, мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

– Сыр елінің жергілікті тұрғындарының басым көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан осы саладағы кәсіп түрлеріне басымдық берілген. Атап айтқанда, қой, сиыр және жылқы етінен бұқтырылған консервілер,

сондай-ақ күріш, қарақұмық және арпа ботқасы өндірісі бар. Қызылорда қаласында шұжық өнімдерінің 16 түрін өндіру бойынша жоба іске асырылды. Бүгінде жартылай фабрикаттарды, ет және консервіленген өнімдерді, оның ішінде қияр мен қызанақты, джемді және басқаларын (ет өнімдерінің 18 түрі, салаттардың 20 түрі, жартылай фабрикаттардың 10 түрі) өндіру және сату басталды. Барлық шығарылатын өнім экологиялық таза болып табылады. Одан бөлек түйе жүнін өңдеу және өндіру цехы, айна өндірісінің зауыты, күріш сабанынан целлюлоза өндіру зауыты, бақша дақылдарын өңдеу бойынша агроөнеркәсіп кешені, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және тағы басқа өндірістерді жобалау жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Соңғы жылдары Сыр өңірінде туризм саласы да қарқынды дамуда. Қазіргі кезде облыс бойынша 4 жағажай, 4 шипажай, 12 демалыс орны, 13 туристік фирма демалушыларға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 12 туристік соқпақ бекітілген. Бүгінде «Қамыстыбас» демалыс аймағында 22 кәсіпкер қызмет жасайтын 104 демалыс үйі орналасқан. 2019 жылдың қорытындысымен демалушылардың саны 90 000-нан асса, өткен жылы эпидемиологиялық ахуалға байланысты жұмыс жасаған жоқ. Сондай-ақ «Орда Сығанақ», «Жаңақорған шипажайы», «Шипажай Жаңақорған», «Ақ шуақ» шипажайлары халыққа медициналық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, облыстық жобалық кеңсе аясында «Visitorda.kz» ресми ақпараттық-туристік сайты әзірленуде.

Бүгінде кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламаларды оңтайлы пайдаланып, қызығын көруге ұмтылғандар да аз емес. Бір қуантарлығы, облыста кәсіпкерлік тек сауда-саттықпен шектелмей, кең өріс алып келе жатыр. Ең бастысы, біздің өңір-ден шығатын өнімдерге шетелден, көршілес облыстардан сұраныс бар. Бұл да болса, тәуелсіздік жылдардағы кәсіпкерлік саласының жеткен жетістігі.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: