Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Шаһарда шұжық өндіріледі

27.04.2021

2487 0

Кәсіпкерлігі қарқын алған өңірімізде азық-түлік өндірісі де өркен жайып келеді. Жұртшылық Сырды бұған дейін ақмаржанымен таныса, енді шоколад, шұжық сынды өнімдерін білетін болады.

Шаһарда  шұжық өндіріледі

Бүгінде аймақтың бас шаһарын­да шұжық өндіріледі. Бұл кәсіпті қала тұрғыны Қанат Мажитов 3 ай бұрын қолға алған. Қарапайым қызметкердің аяқ асты кәсіп бастауы­на мына жайт себеп болса керек.

Шаһарда  шұжық өндіріледі

– Кезекті демалыс кезінде жол түсіп Қарағандыға достарыма бар­дым. Сондағы таныс жігіт бізді өзінің шұжық дайындайтын цехына шақырды. Сол жерде бұрын-соң­ды білмейтін шұжық дайындау тех­нологиясына куә болдық. Осы сапардан кейін өзіміздің өңір­де де «осы кәсіпті неге қолға алмасқа?» деген ой келді. Әрі қазіргі тұтынатын шұжықтарды халал дегенімен, қандай жағдайда әзірленетінін білмейміз ғой. Ал бұл таза табиғи өнімнен дайындалады. Яғни халқымыздың о бастан мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық қылған жылқы, сиыр, қой етінен жасалады. Сондықтан ойға алған істі бастауға ниет еттік, – дейді кейіпкеріміз.

Шаһарда  шұжық өндіріледі

Осылайша жаңа өндіріс цехы іске қосылады. Алдымен қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін қаладағы мал шаруашылығымен ай­налысатын кәсіпкермен келі­сімге келеді. Осы орайда кейіп­керіміз шикізат көзі болған жылқы, сиыр, қой түлігінің тек өзіміздің аймақта өсірілетінін ерекше атап өтті. Сон­дай-ақ оны өздерінің цехында сойып, тазалап, өндіріске жібереді.

Шаһарда  шұжық өндіріледі

– Шұжық дайындау технология­сын мамандар он күн көлемінде қарағандылық кәсіпкерден үйренді. Өнімді әзірлеуге шамамен төрт күн уақыт кетеді. Алдымен жаңа сойылған ет тұздалады, одан соң түрлі дәмдеуіштер қосылады, кеп­ті­ріледі, арнайы аппаратта ыс­талады. Сосын бабына келгенше мұздатқышқа салынады. Бесінші күн дегенде ғана дайын өнім сатылымға шығарылады. Сақталу мерзімі – 6 градус салқында 30 күн шамасында. Ал пайдаланғаннан кейін 1-2 тәу­лікте жеп қоймаса, тез бұзылады. Бұл еш қоспасыз таза өнім болғасын кәдімгі шұжықтардан дәмі бөлек, сондай-ақ тез бұзылатындықтан көлемі де шағын, – деді өнімді таныстырған кәсіпкер.

Қазір цехта жылқы, сиыр, қой, тауық етінен шұжық шығарылады. Одан бөлек ысталған құйрық май, ысталған бауыр шұжығы, қақталған ет өнімдері де бар. Кәсіпкер Қанат өнімдердің дәмінің бастапқы кез­де басқаша болғанын айтады. Бірте-бірте қол үйренісіп, әдісін алғаннан кейін шұжықтардың дәмі кіріп, сұраныс артыпты. Десе де бұл өнімдер әзірге Арай шағын ауданындағы «Ауылым» дүкені мен қаладағы «Ажар», «Қызылорда» супермаркетінде сатылымға шыға­ды. Алдағы уақытта қала аумағы мен аудандарды өзіміздің өніммен қамту көзделіп отыр.

Кәсіпкер әңгіме барысында Қы­зылордадан шығатын өнімдердің қатарын толықтырғысы келетінін жасырмады. Соның бірін жақын күндері жүзеге асырғысы келеді. Қажетті жабдықтарды алдыртып жатқанын айтқан ол сәті келсе бала­лар күні мерекесі қарсаңында сиыр сүтінен дайындалған балмұздақтың 5 түрін сатылымға шығармақ.     

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: