Сенбі, 20 сәуiр, 13:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Ер түрлері, жасалу тарихы

06.11.2021

1635 0

Әр халықтың  мәдениетіне  терең  үңілу  арқылы  ғана  сол  халықтың таным деңгейінің тереңдігін тануға болады. Қазақ  халқының мәдениетінің  биік белесінің көрсеткіші іспеттес «қолөнер бұйымдары» мәдени өмірімізде ерекше орын алады.

Көне  дәуір күмбірінен сыр шертетін қазақ халқының қолөнері сонау ықылым заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың этно-мәдениетінің айқын да айшықты белгісі ғана емес, сонымен қатар дөң жерге үйін тіктіріп, төскейге малын бақтырып, еркіндікті сүйген көшпелі өркениеттің  тамырын тереңге жайған мәуелі  бәйтерегі.

Қазақ  шеберлері  тері  мен  ағаштан  жасалған  бұйымдардың  беттеріне  бедерлеп  ою-өрнек салуды көне дәуірден-ақ меңгерген. Ағаштан жасалған үй жиһаздары мен ыдыстарды сүйек, пластинкалармен, асыл тастар мен металдармен әшекейлеуі, терімен қаптауы, ғасырдан-ғасырға мирас болып келе жатыр.

Ежелден  көшіп-қонып, мал  баққан  қазақ  халқы  үшін  көліктің  негізгі  түрі салт  ат  болды, ал  соған  орай, ер-тұрман  жабдықтарының  алатын  орны  да  өзгеше  еді. Халық  басынан  өткен  сан  қырлы  уақиғаларға сай мұның  да  өзінше  даму, өзгеру үдерісі жүріп  жатты. Мұның  өзі  қазақ  халқының  қолөнерінің  қандайлық  дәрежеде болғанын  аңғартты.

 Қазақ халқының ат әбзелі ер тоқым түрлері мынадай бөліктерге бөлінеді.

Ер кісі ері. Азаматтарға арналған  қазақ  ерлерінің сүйегі жұқа  және  ықшам болатындықтан, олар   өте  жеңіл келеді, оның  ағаш  ісіне  көп  көңіл  бөлініп, жете  өңделеді. Күміс  әшекейлері  тым  шағын, бірақ  өте  ұнамды  болады. Еркек ерлерін әшекейлеуге  мүйіз  бен сүйек  те  жиі  қолданылады. Мұндай  заттарды  алдын  ала  дайындап алып, бетіне  сан  түрлі  өрнектер жүргізіп, көбінесе, ердің  алдыңғы  қасына  ойып  орнатады. Сүйек  әшекейлері  орнатылатын  ерлер  мүйіз түсін  ашатындай  басқа түсті бояумен боялады. Бұлай  жасалған  ерлер  өте  сыпайылығымен  көз  тартады.

Әйел ері. Қазақстанның  қай  облысында  болмасын әйелге  арналған ер  өзінің үлкендігімен  де, әдемілігімен  де  көзге  түседі. Әйел  ерінің  сүйегі ауыр, әшекейі  де  мол  болады. Сондықтан  олар  өте  сирек  кездеседі. Мұндай  ер-тұрмандарға, негізінен, алтын, күміс, асыл  тас, сүйек, мүйіз, былғары, шұға және  барқыт  пайдаланылған. Бұл  әшекейлер  ердің  сыртын  түгелдей  жауып  тұратын, сондықтан  ағаш  негізін  жете  өңдеуге  көп  көңіл  бөлінбейді. Ал ердің  сыртқы  пішініне  келсек, алдыңғы  қасы  өте  биік, артқы  қасы  жалпақ  келеді. Әйелге  арналған ердің алдыңғы  және  артқы беті  түгелдей  күміс  шабылған  темір пластинкалармен немесе  қақтал­ған  таза  күміс  әшекейлермен безендіріледі. 

Шошақбас ер. Қазақтың басқа  ерлерінен  мұның  негізгі  айырмасы  атауынан-ақ көрініп  тұр. Дегенмен, мұның  жасалу  тәсілінде жалпы  қазақ  ерлерімен  кейбір  ортақтық  байқалады.  Шошақбас  ердің  кейбір  түрі  өзінің  жасалу  тәсілімен  де, сыртқы  пішінімен  де, әдемі  әше­кей­лерімен  де  көзге  түседі.

Құранды ер немесе үйсін ері. Құрап жасалатын ерді осылай атайды. Құранды ер бірнеше бөліктен құралады: ердің алдыңғы қасы, артқы қасы, екі қаптал, белдік ағаштан тұрады. Жетісу жерінде көп таралған. Мұны үйсін ері деп те атайды. Үйсін ердің – «дулат ер», «албан ер» деген екі түрі бар. Құс бас болып келеді. Дулат ерінің алдыңғы қасы домалақтау болса, албан ерінің алдыңғы қасы үшбұрышты, тікше болып келеді. Үйсін ерінің бүтін томардан шауып жасалған түрі де көп.

Қозықұйрық ер.  Мұны  кейде “ақбас  ер”, “шошақбас қазақ  ері” деп те  атайды. Қозықұйрық  ер, көбінесе, өте  жұмсақ  және  жеңіл  болатын жөке  ағашынан жасалады. Кейбір  жағдайларда қайың  ағашы  да  пайдаланылады. Бұл  ердің  тағы  да  бір  өзгешелігі: мұнда  орта  ағаш болмайды, оның  орнына көн  не  қайыс  тартылады. Ердің  сүйегі жеңіл, көлемі  шағын  келеді. Қасы  алдына қарай еңкіштеу болып  орнатылады. Қозықұйрық ердің сыртын түйенің  көнімен қаптайды. Кейде  көн  орнына  тарамыс талшықтарын  немесе кендір  шүйкесін  желімге  араластырып  жағады. Бұл  әдісті  халық  сіңірлеу  деп  те  атайды. Ерге  үзеңгі  бау, әнжіме, қанжыға, бүлдірге өткізетін  тесіктер  жасалады. 

Ашамай. Баланы атқа мінуге үйрету үшін қолданылатын ердің қарапайым түрі. Ашамайдың ер сияқты екі қасы (алдыңғы және артқы), екі қапталы, оқпаны болады. Үзеңгінің орнына тепкішек қолданылады. Тепкішек тебінгіге жапсыра тігілген, шағын киіз қоржын. Сәнді болу үшін оның беті кестеленіп, шүберекпен астарланады.

Айбас ер немесе найман ері. Сәні бөлек, салтанаты өзгеше. Өйткені бұл ерге күміс мол пайдаланылады. Қызыл-қоңыр немесе көк-жасыл ақық тастар ердің алдыңғы және артқы қасына әдемі әр береді. Ер-тоқымның басы жарты ай пішінді болып келетіндіктен, айбас ер деп аталған. Ел арасында найман ер деген аты бар. Найман ерінің әйелдерге арналған түрі де дәл осындай болады. Айырмашылығы – керсенінде (адам отыратын орны). Әйел ердің керсені үлкендеу, жатық жасалады.

Үйрекбас ер немесе арғын ері. Арқа қазақтарында кең таралған. Ердің басы үйректің басына ұқсайды. Арғын ері деп аталады. Сыртынан қараған адамға суда жүзіп жүрген үйректі көз алдыңызға әкеледі. Қазір бұл үйрекбас ер-тоқым Көкшетау жерінде көп кездеседі. Бұрын сал-серілер көп мінген. Әшекейі мол.

Шаппа ер. Жуан томардан бүтіндей шауып жасалатын ер. Қазақ ерінің көп түрі шаппа ерге жатады.

Жоғарыда  айтылған  ерлерді  қазақ  халқының  қолөнерінің ғажайып  үлгісі  және  ұлттық  тағылымның  туындылары  деп  қарау  керек. Осындай ерлердің бірнеше түрі Қызылорда қаласының тарихы музейінде сақтаулы.

Жадыра Жаркеева,

Қызылорда қалалық тарихи музейінің ғылыми қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: