Жұма, 06 желтоқсан, 22:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Басты мақсат – білімді маман даярлау

30.11.2024

400 0

Әлем бір орнында тұрмайды. Заманауи технологиялар, ғылым мен гуманитарлық саладағы жетістіктер адамға шабыт беретіні анық. Әсіресе, білім беру саласы заманға сай өзгеріп отыруы міндетті. Сондықтан да бұл саладағы қолға алынатын іс-шаралар осы негізгі  міндеттерге бағытталуы тиіс.

Қаламыздағы «Болашақ» жоғары медициналық колледжі – келешегі кемел оқу орындарының бірі. Білім ордасы облыс көлеміндегі орта буын медицина қызметкерлерін дайындайтын оқу орны ретінде танылғанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде колледжде сапалы білім берумен қатар мәдени ауқымды іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

Мәселен, осы аптада «Инновациялық технологиялар: жаңа үрдіс және ұлттық сипат» тақырыбында апталық ұйымдастырылды. Апталықтың басты мақсаты – патриоттық сана қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жас ұрпақ санасына туған хал­қына деген құрмет, сүйіспен­шілік, мақтаныш сезімін ұя­лату, ұлттық рухты сіңіру. 

– Білім алушылардың танымдық іс-әрекетін жүргізуі, инновация­лық технологияларды тиімді пайдалануы және білім беруді нәтижеге бағыттау – апталықтың басты мақсаты. Қазіргі заманда мамандар­дан тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Осының негізінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, болашақ мамандарды түрлі бағытта дамытуды қолға алдық. Яғни заман талабына сай білім беруде оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерді сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын, білімді білікті маман болу керек деген сөз. Біз студентерді осы бағытта дайындаймыз. Яғни болашақ маман иелері бір саланы ғана қамтымай, түрлі бағытта білім алуы қажет екені айқын, – дейді «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің директоры Аида Қалжанқызы.

Апталықтың ашылуында «Ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Дәстүрімізге сай құндылықтарды ұлықтау мақсатында өткен көрмеге қазақы нақыштағы бұйымдар қойылды. Соңғы кездері ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге қызығушылық артып келеді. Жастардың заманауи технологиялармен қатар өзіміздің әдет-ғұрыпқа қызығушылық танытқандары қуантты.

Апталық аясында «Кітап – ұлттық рухани қазына» тақырыбында кітап көрмесі, «Мұражай – тарихты танытатын құндылық» атты Қазақстан мұражайларына виртуалды саяхат ұйымдастырды.

Білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Сондықтан жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр.

Апталық аясында «Ұлттық ойын – рухты ойын» атты Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, туризм бөлімімен бірлесіп ТжКББ ұйымдары білім алушылары арасында ұлттық ойындардан спартакиада ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Отбасым – менің мерейім» тақы­рыбында «Болашақ» универ­сите­тімен бірлескен ұлттық тәрбиені  ұлықтауға арналған іс-шара өтті. Одан бөлек «Жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ТжКББ ұйымдары білім алушылары арасында облыстық ғылыми теориялық конференция ұйымдастырылған. Мұнда жасанды интеллект арқылы  компьютерлік жүйелерге қоршаған ортаны қабылдауға, ақпаратты өңдеуге, шешім қабылдауға және тәжірибеден тәуелсіз үйренуге мүмкіндік беретін алгоритмдер мен модельдерді жасауға үйретуге қатысты көптеген мәселелер айтылды. Сонымен қатар жасанды интеллекттің дамуы, оның мүмкіндіктері мен білім беру процесіне енгізу тәсілдері туралы талқыланды.

Қызылорда облысындағы емдеу мекемелерін орта буынды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етуде «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің  үлесі бар. Колледжді бітірген түлектер республикамыздың барлық өңірлерінде еңбек етуде. Мұнда «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі», «Стоматология», «Фармация», «Лабораториялық диагностика», «Гигиена және эпидемиология», «Акушерлік іс» мамандықтары бойынша орта буын медицина мамандарын даярлайды.

Студенттердің білім деңгейін арттыру мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи үлгідегі озық техно­логиялармен жабдықталған. Айта кету керек, заманауи симуляциялық оқу орталығы – колледждің құрылымдық бөлімшесі және денсаулық сақтау саласындағы  үздіксіз  кәсіби білім беруде оқытуды ұйымдастыру әдістерін іске асыратын орталық саналады. Симуляциялық оқу орталығының негізгі атқаратын міндеті  – студенттердің өз бетінше жұмыс істеуін ұйымдастыру, ізденуге мүмкіндік беру. Яғни студенттер сабақтан тыс уақыттарда практикалық жұмыс істеп үйренеді. Колледж студенттерінің білім деңгейі мен практикалық дағдыларын бағалау симуляциялық орталықта клиницист-дәрігерлер мен аға медбикелердің қатысуымен жүргізіледі. Одан бөлек манекендермен, электронды симуляциялық тренажерлармен жабдықталған. Барлық симуляциялық кабинеттерге бейнекамералар орнатылып, оқу кабинетімен жалғастырылған.

 – «Болашақ»  жоғары медициналық колледжі  орта буынды медицина мамандарын даярлайтын 4 оқу орнының бірі, облыс көлеміндегі 27 емдеу мекемесімен  өзара келісім-шарт жасалған. Қазіргі кезде білім ордасының алдына қойған мақсаты – инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында студенттерге жүйелі, нақты білім беру. Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайды. Сондықтан да негізгі мақсат – білік пен дағды, іскерлікке қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі уақытта лайықты өмір сүру және жұмыс істеу, – дейді «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің директоры Аида Қалжанқызы.

Заманауи технологиялармен жабдықталған оқу ғимаратында білім аламын деген жастарға барлық мүмкіндік жасалынған.                

Оқу орнында жастар тəрбиесіне жете көңіл бөлінеді. Колледж жас ұрпаққа тек кәсіби білім беріп қана қоймайды, оларды заман талабына сай әлеуметтік құндылықтарды бағдарлай білуге тәр­биелейді. Колледжде білім алу­шыларға көмек көрсету және қолдау мақсатында психологиялық кабинет және жастар ісі жөніндегі комитет тұрақты қызмет атқарады. Мұн­дағы мақсат – тәрбие жұ­мысын жоспарлауда білім алу­шыларды сабақтан тыс уа­қытта алуан түрлі қоғамдық жұмыстармен, тәрбиелік іс-шараларға қатыстырып, бос уақыттарының мазмұнды да қызықты өтуіне қамқор­лық жасау.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: