Жұма, 01 мамыр, 01:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2244)
01.05.2026
PDF мұрағаты

Бекіре өсірген мекеннің берекелі тынысы

01.05.2026

32 0

Қазір жұрт Талсуат десе «бекіре өсіріп жатқан ауыл ғой» дейді. Шынында бекіренің бабын тапқан кәсіпкер осы ауылдың тұрғыны. Бір айта кетерлігі, ауыл халқы кәсіпке бейімделген. Бірі бекіре баптаса, бірі жылыжайды жасап, енді бірі телефон жөндеуде. Ең бастысы, бос жатқан ешкім жоқ бұл ауылда.

Талсуат ауылы – қалаға жақын орналасқан елді мекеннің бірі. Ең бастысы, «көгілдір отынның» игілігін көріп отырған ауылда ауызсу, аяқсу, жол, жарық мәселесі шешімін тауып келеді. Қоғамда талқыға түсіп жатқан жұмыссыздық жайы бұл ауылды айналып өткендей.  2 мыңнан астам халыққа құтты қоныс болған елді мекендегі экономикалық белсенді халық саны – 1266, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 130. Кәсіпкері көп ауылдың бірі болғандықтан болса керек, бюджет пен салық түсімін молайтуда өзгелерге үлгі боларлықтай. Ең бастысы, инфрақұрылым игілігін көріп отырған ауылдың бірі.

Инфрақұрылым игілігі

Өткен жылы ауыл тұрғындарының көптен көтерген мәселесі шешімін тауып,  жаяу жүргіншілер жолы салынып, көшеге жарық бағаналары орнатылды. Жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында облыстық полиция департаменті тарапынан А.Құнанбаев көшесіне бір мезетте бірнеше жолақтағы қозғалысты қадағалап, заң бұзушылықты анықтайтын бейнебақылау орнатылған.  Ал биыл Құмкөл, Атырау, Ақмешіт, С.Нұрмағамбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынып,  мектепке қатынайтын оқушылардың жүріп-тұруына  қолайлы жағдай жасалды. Сығанақ көшесіне тасжол төселіп,  7  аялдама салынған.

Байыпты бағдарлама жемісі

Шағын ғана ауыл­да мемлекеттік бағдарла­маның пайдасын көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар көп. Шынында, талсуаттықтар кәсіптің көзін тауып, берекелі тірлік кешуде. Шағын және орта кәсіпкерлікті  мемлекеттің қолдауы нәтижесінде 189 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, 174-і дара кәсіпкерлер, 6-ы  шаруа қожалығы. Асыл тұқымды мал, құс шаруашылығын өсіруге де жергілікті тұрғындарға қол­дау көрсетуге мемлекеттік бағдарлама  көмектесуде.  Тіпті ауылда телефон жөндейтін шеберхана да бар. Енді ауыл тұрғындары мобильді құрылғы мен гаджетті жөндеу үшін қалаға сабылмай, ауылда  ашылған арнайы орталық мамандарының қызметін пайдалана алады.

– Елді мекенде өткен жылы «Хан Бекіре 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бекіре өсірумен айналысуда. Су маржандары мұнда тереңдігі 50 метр болатын жерасты ұңғымасы арқылы тазарту сүзгісінен өткен суда өсіріледі. Жеке кәсіпкер Ғалымжан Нағиев шаруашылықтың құрылыс жұмысына және толық жабдықталуына «Ауыл аманаты» жобасымен 31,4 млн теңге несие алған еді. Бұл ауылдағы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған аса ауқымды жоба. Мұнда жылына 40000 тонна бекіре балығы өндірілмек. Кәсіп иесінің жоспары алдағы уақытта ауыл, қала, көршілес елдерге балық өнімінің түрлерін ұсынып, ел қажетін өтеу, – дейді ауылдық округ әкімі Ерлан Бейсенбаев.

Тігіншілікті кәсіп еткен жеке кәсіпкер Гүлжан Ахметованың қолынан шыққан бұйымдар халықтың кәдесіне жарап тұр. Мерекелік, ұлттық киім, құрақ көрпе, ерекше үлгідегі ұлттық өрнекпен сәнделген белдемшелер көздің жауын алады. Дизайнын да өзі жасайды.

– Тігін өнері анамнан дарыған.  Іс тіккенді өте жақсы көремін.  Жас кезімде саусағы майысып тігін тігіп отырған анама қызығатынмын. Мен де сол кәсіптің нанын жеп отырмын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп халқымыз тегін айтпаған. Көпбалалы анамын. Балаларымды да еңбекке баулып келемін. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен 2024 жылы 7 млн теңге несие алдым. Айына 50-100 данаға дейін киім тігемін. Бүгінде 5 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмын, – дейді «Расул» жеке шаруашылық иесі Г.Ахметова.

Талсуаттағы ауылдық клуб үйінде оқушы қыздарды қолөнер шеберлігіне  баулып жүрген Шолпан Ахметова нағыз қолөнер шебері. Үйірме жетекшісімен  жұмыс үстінде жолықтық. Қолөнер бұйымдарының ішінде көзге түскені әйелдердің қол сөмкесі болды.  Ерекше безендірген сөмкені оқушылар тігіп  жатыр.

– Қыздардың көпшілігі сөмке тігуге құлшыныс білдіруде. Қазақта «Өнерді үйрен де, жирен» деген сөз бар.  Басқа да зергерлік бұйым, ойыншық, үйге киетін аяқ-киім тоқуды үйретіп жатырмын.  Мұнда іске бейім қыздар жиналған. Үйреткеніңді лезде ұғып алып, жасай бастайды. Ең бастысы ынталы екені сезіледі, – дейді үйірме жетекшісі.

Салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуға да ауылда жағдай жасалған.  Жеке кәсіпкер Махсат Кударов ескі ғимаратты жаңа, заманауи қалыпқа келтіріп, спорт кешенін ашқаны әсіресе ауыл жастарына  спортпен айналысуға мүмкіндік берді.  Бүгінде  спорт кешенінде тұрақты түрде 60 бала каратэ үйірмесіне және 60 бала қазақша күрес үйірмесіне қатысады.

– Спорт кешенін ашудағы мақсатым ауыл балаларының да спортпен айналысуына жағдай жасап, чемпиондар шықса деген үмітім бар. Негізі қай спорт түрінен болсын жеңімпаздар ауылдан көптеп шыққан. Алғашқы жеңістерді де қоржынға салдық. Каратэ үйірмесінің балалары қалалық, облыстық және республикалық жарысқа қатысып, қалалықтан  5 алтын, 2 күміс, 6 қола алса, облыстықтан 1 алтын,  1 күміс, 3 қолаға қол жеткізсе, республикалықтан 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді қанжығасына байлады. Қазақ күресінде қалалық жарыстан  4 алтын, 1 күміс, 3 қола иемденсе, облыстықтан 1 алтын, 12 күміс, 3 қоламен оралып, республикалық жарыстан 1 күміс, 3 қола медаль еншіледі, – дейді жеке кәсіп иесі.

Ауылдағы «Береке» шаруа қожалығы қой шаруашылығымен, жылы­жай өсірумен айналысуда.  Мемлекеттік бағдарлама аясында 5  млн теңге жеңілдетілген несие алып жұмысын бастаған. Кәсіп иесі  Айдарбек Кетебайұлының айтуынша, жылыжай кәсібі оңай емес. Оны балапандай баптамасаң дұрыс өспейді.

– Алғашында  қызанақтың дұрыс көшетін таппаған соң көшетті өзім өсіруді ойладым. 7 жыл бұрын көшет егуді бастадым. Керек тұқымды Шымкенттен алдым. Өсіріп базарға апарып саттым. Солай тәжірибе жинап, кәсіпті кеңейту үшін несие алдым. Қазіргі егіп жатқаным тәтті бұрыш, дүнген, ащы  бұрыш, қызанақтың «Волгоград», қызғылт «гигант», Израйлдың «молии» сорттары. Аудандар мен ауылдық округке барып егіп беріп жүрмін. Гүлдің топырағына отырғызса, тамыры тез жетіледі. Жыл басында 3 жылыжайды дайындап, ақпан айының ортасында, наурыздың басында егеміз. Ендігі жоспарым қыстық жылыжай салу. 40 000-50 000 түп көшет егу тәжірибем бар.   Қызанақ еккенде қиналамыз, қияр ексек қуанамыз, себебі қызанақ тұқымы майда, қияр тұқымы ірілеу. Бейнетсіз рахат жоқ қой. Отбасымызбен еңбектенеміз. Бос уақыт жоқ. Балаларымды, келінімімді де кәсіпке бейімдеудемін. Кәсіптің көзін тапсаң қай істің де берекесі кіреді, – дейді кәсіпкер.

Шынында, кәсіптің көзін тапқан берекенің өзін табады. Шағын ауылдың шаруашылығы шарықтап, кәсібі өркендеуде. Ең бастысы, көшелер самаладай жарық, әлеуметтік нысандарға баратын жол асфальтталған.  Ауылдық  округті қаламен байланыстыратын жолаушылар көлігі жиі қатынап тұр. Ауыл халқы бекем бірлік пен адал еңбектің арқасында туған жерін түлетіп, қай іске де білек сыбана кірісіп отырғаны қуантады. 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: