Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласында тұратын Жылқыбай қарт айып батальонында болып, кінәсін қанмен жуған әкесінің жауынгерлік жолын тебірене айтып берген-ді.
– Әкем Балшын Рысбаев 1899 жылы Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылында (сол кезде Ленин совхозы) дүниеге келген. Атадан жеті ағайынды, алты ұл, бір қыз. Халыққа нәубет әкелген 1937-нің зобалаңында алты ұлдың кенжесіне нақақтан жала жабылып, 25 жылға Сібірге айдалыпты. Талайларды ажал құштырған алапат соғыс басталғанда атам Рысбайдың бес ұлына бір күнде әскери комиссариаттан шақырту келіпті.
– Сол кезде Шақаман әжем төсек тартып жатыр екен. «Ұлдарымнан біреуінен де бір уыс топырақ та бұйырмайтын болды-ау» деп дауыс шығарып жылапты. Сол кезде Балшын әкем: «Апа, сізге топырақ салмайынша мен ешқайда кетпеймін, – дейді.
Адам Алланың берген өлшеулі ғұмырын сүреді, әркім өмірде өз соқпағымен жүреді деген рас екен. Бүкіл елге ылаң әкелген сұм соғыстың алдында, 1940 жылы дүниеге келіппін, өмірімнің көбі Қармақшы өңірінде өтті. Балалық шақ сұм соғыспен тура келді. Жастау күнімде колхозда түрлі жұмыс істедім. Есейе келе шопан таяғын қолға алдым. Аталарымның ізі қалған Қызылдың қиясында бірталай өмірім мал соңында өтті. Содан болар, ондағы жер-су атаулары көкірегімде сайрап тұр. Білген адамға Қызылдың қиясында да талай тарих ізі жатыр. Қазір көзден қалып, үйде отырған жайым бар. Бұрын қазақта сөз ұстарту дәстүрі болған ғой, қазір ол жоғалып барады. Өмірден өткен аталар сөзі, ғибратты әңгіме айту тоқтады, ондай әңгімені тыңдайтын құлақ та жоқ. Мен әкемнен естігенімді айтамын, егер артық-кемі болса айып етпессіңдер. Ол «Мен айтайын» деп бастайтын әр сөзін, мен де сөйтейін, – деп тоқтады қарт.
Атам Рысбайдың 6 баласы болды дедім. Соғыс басталғанда әжемнің жасы ұлғайып қалған кез екен. Алты бірдей ұрпағын соғысқа алып бара жатқанда: «Балаларымның біреуінен де топырақ бұйырмайтын болды-ау, Аллай-ай!» деп аңырап жылапты. Кетіп бара жатқан әкем бұрылып қайтып келіп: «Апа, жылама, мен сені көмбей неміс тап осы күні келіп алатын болса да соғысқа бармаймын!» – деп серт беріпті.
Содан бәрін қызыл вагонға мінгізіп, Қармақшының стансасынан батысқа жөнелтеді. Жиенбай баласы Рүстембек жырау жырлайтын Жосалының вокзалы ғой. Әкем Төретам стансасынан өте бере эшалоннан секіріп түсіп қалыпты, қашқаны ғой. Біреудің қолында болып, сол үйде жасырынып тұра береді. Ара-тұра түн жамылып ауылға келіп кетеді екен.
Кейін Жетіасардың сай-саласындағы қалыңның арасында, өзектің бойында тығылып күн көрген ғой, шамасы. Бір жолы ауылға келгенде белсенділер ұстап алады. Рулас Жарасбай деген кісі де белсенді болыпты. Ол байғұсты да «ағаңды ұстап бермедің» деп қысқан болар. Екінші рет қызыл вагонға мінгізіп жіберсе тағы Төретамнан өте секіріп түсіп қалады. Осылайша, ол үш рет қашып кеткен.
Әкем жасында палуан болған, қарулы адам еді, бір-бір жарым жылдай қашып-пысып күн көрген. Мен екіге толған кезде (1942 жылы) әжем Шахаман дүние салып, ауылдағы үлкенді-кішілі бір қауым ағайын ақ жауып, арулап қояды. Бейіт басына келіп, бір уыс топырақ салған ұлы Балшын: «Мен сөзімде тұрдым. Енді майданға аттанамын», – депті дейді көзкөргендер. Ата салтымыздан келе жатқан наным-сенімге сәйкес бір уыс топырақ алып, үйге келеді. Шешеме үшбұрышты тұмар тіктіріп, оны мойнына тағып алады.
Осы істі бітірген соң шешеме: «Жұрттан менің жаным артық емес, киімдерімді дайында. Мына балаңды бақ. Келсем келермін, келмесем жат жерде қалармын. Соғысқа ағаларым да, інілерім де кетті. Солардан жаным артық емес» деп, мені мықтап тапсырады. Мылтығын өткізіп, туыс інісі Жарасбайға: «Енді мені ұстап бере бер, соғысқа өз еркіммен кетем», – деп хабар береді. Ол кезде милиция әкемнен қорқады екен. Әкемнің қаруы бар, далада жүрген аңшы, мерген адам ғой. Бірер күннен соң үйге бір топ «қызыл жағалы» келеді. Жүрегі дауаламай сыртта үрейленіп жүр дейді.
Сәлден соң әуелі Жарасбай, артынан тағы біреуі үйге кіріпті. Өзі де дайындалып отырған адам, екеуіне ілесіп далаға шығады. Шықса төрт бұрышта төрт милиция тұр екен, ауылдас ағайыны Жарасбаймен – бесеу. Басшысы Балтабаев деген кісі екен, Қармақшының начальник милициясы. «Бұл бәле ұстатпайды» деп, әбден дайындалып, топталып келген беттері болса керек.
Қауын пісіп жатқан кез, маса жаудай екен. Әкемді жайдақ атқа мінгізіп, екі аяғын аттың бауырынан алып жіппен таңып, қолынан да байлап, апарып «Күйеуасардың» түбінде астық өткізетін пункт бар екен, соған қамайды. Көп жыл өткен соң әкем: «Қоймаға апарып қамағанда қол-аяғым байлаулы болды, маса шағып, денем гүп болып ісіп кетті», – деп айтып отыратын. «Қолымды шешіңдер, мен өзім берілген адаммын» дегенін тыңдамапты. Қорыққан ғой, бәлекеттер.
Қош. Еріксіз қашқын атанған әкем ана қабіріне бір уыс топырақ салған соң өзі тіленіп майданға кетеді. Барған бойда иығына «қара бес жұлдыз» тағып, штрафной батальонға қосады. Айып баталоны дегеннің не екенін білесің, алдымен ажал құшатын солар. «Қан төгілсе адалданды, болмаса «халық жауы» деп атып тастай салады. Шегінсе ту сыртынан, желкеңнен ата салады» деп айтып отырушы еді, жарықтық.
Содан бұлар соғысқа кіреді.
Бір күні қызыл әскерлер бір деревняны алады. Ертеңіне немістер қарсы шабуыл жасап, әлгі деревняны басып алады. «Сонда ұрысқа кіргенімді білем, бірдеңе дүрс ете қалды, одан кейінгісін білмеймін. Есімді жисам, үстімді топырақ басып тастапты, жалма жан арши бастадым. Қарасам, бір аяғымда жан жоқ, әйтеуір теріге ілініп ғана тұр. Содан обмоткамен таңып, шинелімді жыртып, байлап тастадым. Деревнья жақын, екі аралық – 100 қадамдай жер. Тас қараңғыда көшеде еңбектеп келе жатсам бір есіктің астынан жарық түсіп тұр. Есікке сүйретіліп жетіп, қақтым. Ішінен бір орыс әйел шығып, бірден маңдайымды сипады.
Маңдайымда пилоткада «қара бес жұлдыз» ғой, бірақ қарасы білінбейді, содан ішке кіргізіп алды. Аяқты әдемілеп жуып, таңып, картоп сақтайтын подвалына түсірді. Ертеңіне қайтадан қырғын соғыс болды. Таң алдында «уралаған» дауыс шыққанда мені подвалдан әзер дегенде шығарды. Санитарканы шақырып, носилкаға салып, далалық госпитальға апарды. «Жарақаты ауыр, аяқ жарамайды» деп, бірден Мәскеуге жіберді. Ондағы дәрігер «аяғыңды кесеміз» десе, «кеспейсің, осылай жазылады» деп қасарысып тұрып алыпты. Бірбеткейлігінің арқасында аяғы бүтін қалған. Соғысқа жарамағанымен, кейінгі 7-8 жыл зауытта жұмыс істеген. Әйтеуір, бас-аяғы 10 жыл дегенде келеді.
Өзімен бірге бір татар келіншек алып келді, аты – Валя болатын. Туған жерге алып-ұшып келсе, бізді таппайды. Ол кезде анам екеуміз Жалағаштағы «Аламесек» ауылындағы жерде түп нағашымызды паналап тұрып жатқан кезіміз. (Шақаман әжемнің төркіні), Апам екеуміз жетімбіз ғой, сонда барып күн көрдік. Әкем бізбен сол жерде табысты. Еріп келген татар келіншек ауылда көп тұрмады. Бірде әкеме «Мен еліме қайтам», – дейді. «Неге қайтасың?» – деп сұрайды әкем. «Менен жас әйелің, балаң бар екен. Мына баланы жылатпаймын», – дейді.
Ол кезде оң мен солын ажыратып үлгермеген бала болсам да осы әңгіме есімде жақсы сақталып қалыпты. Әлгі кісінің Ресейде қалған бір қызы, бір баласы бар екен, ақыры қайтып кетті. Бірақ екіқабат кетіпті. Кейін бір хат келді. Хатқа баланың қолын сурет етіп салып, ішіне «Балшын» деп жазыпты.
«Аман-сау босандым, сенің атыңды ұмытпайын деп балама Балшын деп ат қойдым», – депті. Содан хабар жоқ, кетті ғой, Ресейде бір қазақтың қалғанын білемін, өлі-тірісінен хабарым жоқ. Бұл да тағдыр шығар…
Әкемнің дәм-тұзы 72 жасқа қараған шағында түгесілді. Бұл – 1971 жыл. Салт жөнімен арулап, ата-баба бейітіне жерледік. Баяғыда қазақтың батырлары жорыққа шыққанда туған жердің бір уыс топырағын өздерімен бірге ала кетеді екен. Әкем сол дәстүрді білген деп ойлаймын. Қазақ үшін туған жер қашан да қасиетті. Бәлкім, қиян-кескі ұрыстарда оны ажал оғынан атамекеннің бір уыс топырағы сақтаған шығар. Кім білсін?!
Алтын АЛМАС
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!