Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елеулі қызметімен танылған емхана

16.07.2024

422 0

Қала орталығындағы заманауи үлгіде салынған медицина нысандарының ішіндегі көп функционалды қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымының

бірі – №3 қалалық емхана.  Бұл емдеу мекемесі

52 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Емханаға қарасты 30 жалпы тәжірибелік дәрігерлік аймақ бар.  Олардың 92,3 пайызы дәрігермен қамтылған. Әр аймақ орташа есеппен талапқа сай

1700 халыққа сәйкестендірілген. Емханада   89 дәрігер болса, 287  орта буын медицина қызметкерлері.

Емхананың бас дәрігері Жанат Қожарипованың ай­туынша,  «Egov» элек­тронды үкімет веб пор­талы арқылы дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, бас­тапқы медициналық сани­тариялық ұйымға тіркелуді қамтамасыз ететін «egov» бұ­рышы ашылып, мемлекеттік қыз­мет түрлері көрсетілуде. Емхана интернетпен  100% қамтылған.

– Тұрғындардың қозғалысы­на қолайлы жағдай жасалып, кедер­гісіз жүру мақсатында навигация орнатылған. 2 ғимараттың да бірінші қабатында «Цифрлы пост» ұйымдасты­рылып,  Call  орталығы ашылған. Орталық­тың қызметі – дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, ОСМС сұ­рақтары, ауруханаға жатқызу порталы туралы, шағым, алғыс бойынша және тағы да өзге сұрақтар бойынша хабарласуға болады.

Сонымен қатар емделушінің өзіне-өзі қыз­мет көрсетуі үшін 3 терминал орнатылған. Бұл терминалда барлық дәрігердің жұмыс кестесі көрсетіліп тұрады. Емханаға тіркелген тұрғын  өзі қалаған дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Ол үшін өзімен бірге жеке куәлігі болуы қажет. Терминал пациенттің жазылған күні мен уақыты көрсетілген талонын шығарып береді. Сонымен қатар дәрігердің қабылдауына алдын ала да жазыла алады, – дейді бас дәрігер.

Емханадағы тіркеу бөлімінің жұмысы қауырт. Себебі мұнда емхана сыйымдылығынан жоғары негізде үздіксіз қызмет көрсетілуде. Тіркеу бөлімі емхананың  бірінші қаба­тында орналасқан.

№3 емхананың бас мейіргері Гауһар Алтынбекқызының айтуынша, бөлімшеде 12 қызметкер жұмыс істейді. 1 аға мед­тіркеуші, 4 Call орталық  бойынша келіп түскен шақыртуларды қабылдап отырушы мед тіркеуші, 2 анықтама бюросы мейірбикесі, 5 мед тіркеуші. Медициналық тіркеу бөлімшесінің жұмысы жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтар мен емхананың тар буынды мамандары­мен тығыз байланыста жүргізіледі.Тіркеу бөлімі сағат 8-00-ден 20-00-ге дейін, үзіліссіз жұмыс істейді. Дәрігерлерді шақыртулар саны жазғы маусымда – 80-90 болса, қыс мезгілдерінде оның  саны 200-ден асады.

– Медициналық тексеруге жататын адамдардың мақсатты топтары скрининг кабинетке және зертханалық тексеруден өтуге келген емделу­шіге қан тапсыратын ем-шара  кабинетінде электронды кезек жүйесі ұйымдастырылған. Қазіргі таңда тар буынды мамандардың қабылдау кестесіне  бүгінгі күнде пациенттер жалпы тәжірибелік дәрігер мамандардың көмегіне сүйенбей-ақ жазылады.

Емханаға тіркелген емделушілерге ыңғайлы болу үшін 1-ші қабаттағы  емхананың тіркеу бөліміне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде  қабырғалары тегістеліп,  мрамор жабыстырылды. Қазіргі заман талабына сай  тірек-ресепшн, кезегін күтіп отырған науқасқа жайлы, сыйымдылығы 3-4 адамдық ыңғайлы арқалықтары бар диван-креслолар қойылып, қабылдау бөлмелерінде жайлы жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде бізден жанына шипа іздеген жандарға үлкен қамқорлық деп ойлаймын.  Себебі өзі жабырқап келген науқасқа бұл да көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймын, – дейді бас мейіргер.

Емханада күндізгі емдеу бөлімі жұмыс істейді. Күндізгі стационар 2014 жылы ашылып, емделушілердің науқастан айығуына септігін тигізіп, халықтың алғысына бөленуде.  60 төсекке бейімделген  орында қазір бөлім меңгерушісі Назерке Жұматаева, педиатр Ұлпан Ибраева, гинеколог Айғаным Нұржан, травмотолог Еркебұлан Тәжіғұлов және  медбикелер жұмыс істейді. Өз жұмыстарына өте жауапкершілікпен қарап, науқасқа қажетті ем-домын жүргізіп, мейірімін төгетін ақ халаттыларға емделушілер дән риза.

Бақыткүл Ысқақова, емделуші,

– Мен панкреатит деген аурумен емделіп жатырмын.  Келгенде мазам кетіп, қатты науқастанып, әбігерге түскен едім. Аллаға шүкір, қазір ауыртпалық артта қалды.  Күндізгі емдеу бөлімі өте жақсы жабдықталған. Бөлмелері кең, таза. Дәрігерлер де, медбикелер де  зыр жүгіріп, ем-шарасын жасап жатыр.  Емделушіге бұдан артық қандай қызмет керек.  Әсіресе осындағы Нұржамал деген мейіргерге дән ризамын. Өте елгезек. Тыным таппай, әр науқастың халін біліп, көңіл-күйін тексеріп отыратын елгезек жан.  Көпшілігі сол Нұржамалды іздеп тұрады.  Дәрігер болу,  дертпен күресу оңай емес. Сондықтан жұмыстарына табыс тілеймін.

Сәнімкүл Тұрғазиева, емделуші,

– Осы емхана бізге жақсы болды.  Мен қант диабеті деген науқаспен жылына 2-3  рет тұрақты емделіп жатамын. Дәрігерлер де, мейіргерлер де өте инабатты, мейірімді. Әрі өз жұмыстарын жетік біледі. Емделуге келген науқастармен де емен-жарқын сөйлеседі. Қажетті емімізді алуға дәрі-дәрмек те жеткілікті. Қажетті ақыл-кеңесті де беруге жалықпайды.  Сондықтан біз олардың сапалы қызметіне ризамыз.

Күндізгі емдеу орнының меңгерушісінің қызметін уақытша атқарушы, педиатр-дәрігер Ұлпан Ибраеваның айтуынша,  күндізгі стационарға  тіркелушілердің көптігіне байланысты 130 адамға дейін қабылдап,  ем шара жүргізе береді. Бүгінде емделушілер саны 60 мыңнан асқан.

– Күндізгі стационар бөлімі жоспарлы профилактикалық сауықтыру және көрсеткіштер бойынша қызмет көрсетеді. Мұнда терапия, хирургия, гинекология, педиатрия бағыттары бойынша медициналық ем жасалады. Бөлімше мамандары жүрек қан тамырлары, артериалды гипертензия және неврологиялық аурулар сондай-ақ қант диабеті, эндокринология, жүктілік патологиясы бойынша және де басқа науқастарды қабылдайды.

Бұл жерде науқастар хирургиялық отадан кейінгі ауырсынуды басу және инфекцияның алдын-алу үшін ем алады. Стационарда терапевт, гинеколог, хирург, пульмонолог мамандары және балалар мен ересектерге арналған мейірбикелер жұмыс істейді.

Оңалту орталығы да бар. Онда дәрігер Ақнұр Антай ем жүргізеді.  Орталықта жарақаттан, ДЦП-дан, инсульттен кейінгі  науқастар емделеді. ЛФК, массаж, физкабинет емдеу қызметін көрсетеді. Күндізгі стационардың тағы бір қызметі – 75 жастан асқан қарттарға емді үйіне барып жасаймыз. Соңғы 6 айда осындай қызметті 15 науқасқа көрсеттік. Емханаға көбіне тыныс алу жолдары, жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесінің бұзылуы секілді аурулар мазалап келеді. Соңғы 6 айда емханада 2102 науқас емделді, – дейді Ұ.Ибраева.

Бүгінде сапалы қызметімен, білікті дәрігерлермен ел құрметіне бөленіп отырған медициналық емдеу мекемесі өздеріне бекітілген аумақтағы тұрғындарға  сапалы қызмет көрсетіп отырған  қала көлеміндегі үлгілі емхана.

Бетті дайындаған Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: