Бейсенбі, 13 маусым, 09:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Кенеден келер кесел қауіпті

11.05.2024

511 0

Сурет:syrboyi.kz

Бүгінде кенеден келетін кесел Сыр өңірінде тұрақсыз болып тұр. Себебі жыл басынан бері кене шағу бойынша 108 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның екеуінен конго-қырым геморрагиялық қызбасына күдікті жағдай анықталса, 1 дерек бойынша зертханалық жолмен нақтыланған. Бұл туралы өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Әбдіқайымова айтты.
Жыл басынан бері 115 елді мекен қолайсыз деп танылған болатын. Осыған орай тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, сәуір айынан бастап кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі Шиелі, Жаңақорған ауданы және Қызылорда қаласында жүргізілді.
– Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып саналады. Бұған аталған өңірлердің климаттық жағдайы-кененің көбеюіне қолайлы болуы. Қазіргі таңда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Сондай-ақ наурыз айында зоопаразитологиялық топпен бірге кене жинау шаралары басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін кененің 11 979 данасы жиналып, оның 1331-не сынама жасалды. Нәтижесінде 13 кенеден оң нәтиже анықталды. Сондықтан облыс тұрғындары далалық аймақтарда, мал қоралары жанында жүргенде барынша сақтық шараларын сақтау қажет. Ал конго-қырым геморрагиялық қызбасының ауру белгілері анықталған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуі тиіс, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Исаеваның айтуынша, конго-қырым геморрагиялық қызбасының жасырын кезеңі – 2-14 күн аралығында болады. Негізгі клиникалық белгілері бойынша адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруымен қатар көз қызарады. Сондай-ақ мойын, арқа, бел ауруы, жүрек айну немесе құсу, іштің ауруы сынды белгілері де болады.
Өткен жылы кене шағу дерегі бойынша 1332 адам медициналық көмекке жүгінсе, биыл 108 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні конго-қырым геморрагиялық аурудың алдын алу үшін арнайы вирусқа қарсы иммундық плазма кеңінен қолданылады. Бұл ем ауруды жеңуге мүмкіндік береді.
– Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 9 сәуірден бастау алған болатын. Бүгінде ол 8 маусым аралығына дейін де жүргізіледі. Кенеге қарсы залалсыздандыру кезінде арнайы «ЦИПЭК-10%» препараты қолданылатын болады. Қазіргі таңда залалсыздандыру жұмыстары Сырдария ауданында жалғасуда, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердәулетұлы.
Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерік Қылышбаев қолайсыз деп танылған елді мекендерде 763 мың бас мал бар екенін жеткізді. Ал қора, суат, шаңлақтардың жалпы көлемі – 2,9 млн шаршы метр. Жалпы аурудың алдын алудың негізгі жолы – уақ малдарды тоғыту. Бүгінде облыс бойынша барлығы 85 мал тоғыту ваннасы болса, оның 54-і типтік үлгіде және қалған 31-і қарапайым түрде. Қазір 60 ванна мал тоғытуға дайын.
Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық ауруының алдын алу бойынша кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылып, барлық жағдайды тікелей бақылауда ұстауда.


Назира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: