Ертең – Жеңіс күні. Бұл ел тарихындағы ең бір қасіретті жылдарды еске алуымызбен, сол жылдардың қара нар көтере алмас ауыртпалығын арқалаған, сол жылдарда шейіт болған аға ұрпаққа тағзым етуімізбен, бейбіт заман, ашық аспанға шүкіршілік етумен аталып өтетін мұңды да, мәнді күн. Бұл күні Тағзым алаңына гүл шоғын қойып, сол бір сұрапыл жылдарда кеудесін оққа төсеген қайран ерлерге, арманда кеткен боздақтарға тағзым етеміз. Жылдар бойы, тіпті өмір бойы соғысқа аттанған ұлының, жарының жолын тосып, ошақ отын өшірмей ғұмыр кешкен асыл аналарға мың тағзым дейміз.
Екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен тарих бетінде қалған сұрапыл соғыста жеңісті жақындатуға қазақстандықтардың, оның ішінде сырбойылықтардың үлесі зор. Тарихи деректерге сүйенсек, сұрапыл жылдарда елін қорғауға 150 мың азамат туған жерден аттанды. 30 мыңнан астам қызылордалықтар майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан аумағында әскери бөлімдер мен бөлімшелерді қалыптастыру басталды. 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, түрлі әскери құрылымдардың 50-ге жуық жеке полкі мен батальоны құрылды. Олардың қатарында Мәскеу мен Сталинград түбінде ерлікпен шайқасқан Қазалы 35-ші атқыштар теңіз бригадасы бар. Қызылорда облысында әскерге шақырылушылардан ақтөбелік 101-ші атқыштар бригадасы құрылды. Олар Ржев, Великие Лукиде шайқасты. Алматыдағы жаяу әскер әскери училищесінде оқыған 250 қызылордалық Ленинград блокадасының жарылуына қатысты. Бұл соғыста Сыр елінің 22 азаматы Кеңес одағының батыры атанды. Бүгінде Сыр өңірінде бір ғана көзі тірі соғыс ардагері бар. Ғасырдан ұзақ жасау бақыты бұйырған ақсақал Сырдария ауданында, Тереңөзек кентінде тұрады. 19 жасында соғысқа аттанған майдангер Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға тап келеді. Соғыс жылдарында Сталинградты, Ленинградты, Курскіні, Барановты және Польшаны жаудан азат етуге қатысады. Данцинг портында аяғынан ауыр жараланады. Майдангер Берлинде аяғынан ауыр жарақаттанып, Жеңісті әскери госпитальда жатып естіген. Жарақатының беті бері қараған соң, бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдар да оңай болған жоқ. Қол қусырып отыратын уақыт емес. Жаралы майдангер ел еңсесін тіктеу үшін еңбекке араласты. Адал еңбегімен ел дамуына үлес қосты. Бүгінде 100-ден асқан батагөй қарияның бір ғана тілегі бар. Ол – елдің тыныштығы.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!