Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінде қазақ сахнасының айтулы тұлғасы, КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың туғанына 110 жылдығына орай «Театр. Өмір. Сахна» атты еске алу кеші өтті.
«Сырдың сұлу сары алтыны Сәбира» атты деректі фильмімен ашылған салтанатты шара Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» қойылымымен жалғасты.
Шара барысында Сәбира Майқанованың қызы, медицина ғылымдарының докторы Гүлдар Әбдірашитова және Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің кавалері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының актерлік-шеберлік және режиссура кафедрасының педагогы, профессор Рахилям Машурова тағылымды естелік айтты. Айта кетейік, Сәбира Майқанова 1914 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. 1970 жылы ҚСРО-ның халық әртісі атанған. Театр сахнасындағы тұңғыш рөлі – Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай образы болды. Мұнан соң сахна шебері замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Аяулы аналар образын бейнелеп, сахна суреткері ретінде танылды. Актерлік өнері қарапайымдылығымен, ұлттық бояуының қанықтығымен ерекшеленді.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!