Сенбі, 09 мамыр, 02:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 (2246)
09.05.2026
PDF мұрағаты

Шымылдық

09.05.2026

35 0

Жылы жүзді кітапханашы апаймен көшеде кездейсоқ кездестім. Үлкен әкелері шыққан топырақта туған қарияның дүниеден озғанын айтып, сирек тағдырлы жанның өмір тарихын тарқатты. Сонан соң біразға дейін үнсіз қалды. Әңгімені біраз жыл бұрын естігенмін. Айтса, аңызға бергісіз екен. Көңіл толқытқан бұл оқиғаны қағаз бетіне сол сәтте түсірудің сәті түспеді. Арада 5 жыл өткенде тақырыпқа қайта оралуды парыз санадым. Себебі санамда күтумен өткен ғажап ғұ­мыр жатталып қалыпты. Оның ғажаптығы сүйгенін сарыла күтуінде ғана емес еді…

Дүниеден озған кейуананың жасы сексен алтыда екен. Алдымен оның про­за­шы Шерағаңның «41-жыл­ғы келін­шегі­мен» тағдырлас болуы қайран етті. Ш.Мұртазаның сол әңгімесін оқушы күнім­де оқыған бойда көкейде жатталып қалған-ды. Күйеуі соғыста шейіт болған кейіпкер­дің күні кешеге дейін ортамызда жүргенін «Айқын» газетінен оқыдым. Мұқым ауыл құрмет тұтқан кейуана 2009 жылы пәниден озды. Елімізде онымен тағдырлас жандар жоқ емес, бар. Қайран қалдырғаны, текті әжейдің ақтық демі үзілер шақтағы соңғы сөз еді. Соның есімнен шықпай-ақ қойғаны.

…Тосыннан соғыс өрті тұтанып, дүниенің астан-кестеңі шықты. Жары жалын-оттың ішіне кете барғанда бұл 18-де еді. Көп ұзамай майданнан үшбу хат орнына «қара қағаз» келді. Сенбеді. Үлкен үмітпен күткен Жеңіс көктемі де жетті, бірақ қосағы келмеді. Аттанарда қызарып батып бара жатқан күнге қарап: «Қайтып ораламын, күт!» деп сыбыр еткен. Жаулығы желбіреп, талай рет төбеге шығып, жолын тосты. Оралмады. Заң­ғар сезім сонда да бір басылмады. Жылдар зырғып өтіп жатты.  Жалын жас­тық пен қарттық арасын үміт жалғады. Осылайша, жесірлікпен жетпіс жыл өтті. Соғыс сызы әлдеқашан естен шықса да үміті үзілген емес.

Кейуана соңғы демі шығарда бір-ақ сөз айтыпты деседі. Өсиет емес, жалқы сөз ғана…

Сонау бір шақта, сағынышпен өрілген ғұмырының басында ма еді, ерімен үш-ақ күн жұпты өмір сүрді. Жар қызығын үш күн көрді. Сараң тағдыр шаттық шуағын небәрі үш тәулік қана төгіпті-ау?! Ал келесі күні есіл ерді қан майданға алып кете барды. Бұл бар ғұмырын сарыла күтумен, сартап болған сағыныш түгесілгенше тосумен өткізді.

Қазақ – жетімі мен жесірін жылатпаған, дініне берік, салтына мықты халық. Жесір жеңгесіне жақын қайнысы ұлын қиды. Аялап өтті. Жалғыз ол ғана емес, ауылдағы ағайын да айрықша құрмет тұтты. Бұл бол­са шаңырақтың отын өшірмей қа­райып отыра берді.

Өмір шіркін, шектеулі екен. Опасыз жалғанмен қоштасар сәт те туды. Кейуана күбір етті де бұйрықты тағдырға риза кейіппен күлімсіреген күйі жүре берді. Соңғы сөз әуеде қалықтап тұрып қалды: «Шымылдық!»

Ақырғы мезетте жарқын ғұмырына өзек болған қас-қағым қуанышы – асыл жарының ақ шымылдыққа алғаш енген ең аяулы сәті елестеген болар, сірә?

Сонау торғын шымылдықта толған айдай толысып отыр­ған сағым шағы ше… Ауылдағы ағайынның «Шаңыраққа келін түсті!» деп шаттанғаны, балақайлардың алақайлап сүйін­шілегені, құдай қосқан қосағына наздана қарағаны, бауырына қысқан ғажайып сәті еске түскен болар, бәлкім…

Бәлкім, сол мезет екі дүниені бөліп тұрған, арғы дүниемен ортадағы шындық шымылдығы түрілген шығар. Кім білсін, не болғанда да бұл сүйіспеншілік сынынан сағы сынбай өтті. Бұл – сирекке берілетін сынақ. Хақ шебер қашан да әділ. Демек, тұтас ғұмырын күтумен пендесіне Жасаған иенің тартқан сыйы осы болар: «Сүйген жары оралды!»

Сөз соңы:  Содан беріде қаншама жыл өтті. Әйтсе де, сұм соғыс туралы шын­дықтың жазылып бітпегені сияқты, сол аласапыранның алапат қасіре­ті де әлі айтылып біткен жоқ әлі.

Е.ДӘУІР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: