Жұма, 06 желтоқсан, 21:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Қарт майдангер – 100 жаста

30.11.2024

356 0

Екінші дүниежүзілік соғыста оқ пен оттың ортасында жүріп ел қорғаған майдангер Әбдірахман Бәйтіков ақсақал 100 жасқа толды. Қарт жауынгерді мерейтойымен құттықтай барған қала әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімінің құттықтауын арнайы жеткізіп, 1 миллион теңгелік қаржылай сияпат сертификатын табыстады. Майдангердің мерейтойымен құттықтаған зиялылар қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев та бар.

Әбдірахман Бәйтіков құттықтап кел­ген азаматтарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Егемен елімізде ендігі жерде, бейбіт өмір, береке-бірлік болсын деген ниетін де білдірді.

– Қазір қалада бір ғана ҰОС ар­дагері бар. Ол – Әбдірахман Бәйтіков. Бұл кісіден басқа ҰОС ардагеріне теңестірілген мыңға жуық тыл арда­гері бар. Олардың барлығына жыл сайынғы Жеңіс күнінде 40 АЕК көле­мінде бір реттік қаржылай көмек беріледі, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама­лар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева.

Рух пен намыстың, батырлықтың үлгісіндей болған Әбдірахман Бәйтіков 1942 жылы әскер қатарына шақы­рылғаннан 1943 жылдың тамыз айының аяғында Курск доғасында ауыр жарақат алып, 1944 жылы 20 жасында елге ІІ топ мүгедегі болып оралды.

Ол соғыстағы ерлігі үшін Совет Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі және мерекелік бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан кейін «Комсомол» совхозында отыз жылдай қой фермасында, колхоз кеңсесінде есепші болып, 1985 жылы зейнетке шықты. Марқұм жұбайы Кеңескүл Абуова екеуі өмірге он бала әкеліп, оларды өсіріп жеткізді. Осы күні сол балалардан 40-қа жуық немере, бірнеше шөбере сүйіп отыр.

– Кішкентай кезімізде ағамның қара аты болатын. Мені мектепке сол атпен апарып, алып қайтатын. Солай оқытты. Қолдады. Көмектесті. Біз ағамызға арқа сүйедік. Газет-журналды көп оқыды, көзі ашық азамат қой. Көп оқыған адамның айтары да көп болады. Осында көшеге шығып, көрші-қолаңмен тарихи тақырыптарда әңгімелесіп отыратын. Қазір де ағамыздың жағдайы жақсы болып, жүзге келгені – балаларының жақсы болғанынан, – дейді қарындасы Туғанай Шәкиева.

Елге келгеннен кейін маңдай терін төгіп, ауыл шаруашылығы сала­сында қызмет еткен майдангер бала­ларын да жастайынан еңбекке бау­лыды. Адал еңбектің наны тәтті бола­тынын ұғындырды. Балалары алған тәрбиесінің нәтижесінде бүгінде әрбірі өмірден өз орнын тауып, бір-бір саланың майталманы атанған.

– Әкеміздің үйреткені көп. Барлық жақсы қасиетті бойымызға сіңірді. Адал еңбек еткеннің несібесі мол болатынына көзімізді жеткізді. Бақша екті. Қайтар жолда есектің екі жағына бау шөп байлап, өзі үстінде келе жататын. Біз оны күтіп тұрамыз. Бізді көріп қуанған әкеміз өзі есектен түсіп, орнына бізді мінгізіп қайтатын. Әкеміз үйге келгенде біріміз алдында, біріміз арқасында, енді біріміз мойнына мініп аламыз. Бір қабақ шытпай, әкелік қамқорлығын арнады, – дейді кенже қызы Гүлсара Бәйтікова.

Қарт жауынгер елге ақ жүрегімен алғыс айтты. Оның айтқан әрбір сөзінде салмақ бар. Өмірлік тәжірибесінен алынған тағылымы мол, ғибраты жетерлік батасына жиылған жұрт риза болды. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген осы да…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: