Сейсенбі, 05 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 (2245)
05.05.2026
PDF мұрағаты

Үндемеген ит қаба ма?

05.05.2026

27 0

Адамның айнымас серігіне айналған жануардың бүгінде адамға айбат шегіп, тіс батырып жүргенін көріп жүрміз. Табалдырықты күзеткен төрт аяқты достың  адамға азу салуы – табиғат пен адам арасындағы үндестіктің бұзылғанын аңғартқандай.

Елімізде иесіз және қараусыз иттердің адамдарға шабуылы жиілеп, тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Көшеде еркін жүрген иесіз иттер адам өміріне де қатер төндіре бастады. Осыған байланысты мемлекет деңгейінде жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі қайта қаралып, заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылуда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жиында жануарларды қараусыз қалдыру иесіз иттер санының артуына себеп болғанын айтты. Үкіметке үй жануарларын дұрыс күтпегендерге қатыс­ты әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, оларға қаты­гездік танытатындарға арналған қылмыстық жазаны күшейтуді ұсынды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы өңірлерде бұралқы иттер мәселесі өзекті болып, тіпті балалар мен ересектердің де зардап шегуі жиілегенін ескертті.

Елімізде жануар­­ларға жауап­керші­лікпен қарау мәсе­­­ле­леріне қатыс­­­­ты заң­намаға өзге­рістер мен толық­тырулар енгізу қарас­тырылып жатыр. Бұл заң жоба­сы жан­уарларды қорғау жүйесін күшейтіп, иесіз жануар­лар мәселесін реттеуге және қоғамдағы гумандық көзқарасты дамытуға бағытталған.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқару­шы органдар мен мәслихаттарға жануарларды ұстау, серуендету және оларды уақытша ұстау қағидаларын бекіту құқығы беріледі. Сонымен қатар жануарларға арналған арнайы серуен аймақтарын белгілеу және панажайлардың жұмы­сын ұйымдас­тыру міндеті нақтыланған. Ал иесіз жануарлардың санын реттеу, оларды уақыт­ша ұстау және есепке алу жергілікті билікке жүктеледі.

Әлеуметтік желіден бір топ иттердің адам­дарға шабуыл жасап, талап жатқанын көрген боларсыз. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәселе тым күрделі жағдайға жеткенін, ба­ла­лар, тіпті ере­сектер де жабайы ит­тердің құр­банына айна­лып өңірлерден түрлі мәліметтер келіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде бұралқы иттердің адам­дарға  шабуылы күн сайын  тірке­леді.

– Адамдардың салғырттығынан үй жануар­ларының жапа шегуіне жол беруге бол­майды. Үкімет жануар­ларды тиісінше күтпегені үшін әкімшілік жауапкерші­лікті күшейтіп, сондай-ақ оларға ең алдымен үй жануарларына, қаты­гездік жасағаны үшін қыл­мыстық жауап­кершілікті арттыруы тиіс. Негізінде иесіз иттер мәселесі – адам немқұрайлылығының сал­дары. Алдымен жануарды жақсы көргендей болып, кейін жалық­қан соң оны көшеге тастап кететіндер бар. Осын­дай әрекеттердің жолын кесу қажет, – деді ол.

Жануарларды тіркеу және бақылау жүйесін кү­шейтуге заңда «қаңғыбас жан­уар» термині «иесіз жануар» ұғымы­мен алмастырылады. Үй жануары иесін анықтауды жеңілдетіп, жауап­кершілікті арт­тыру үшін иттер мен мысықтар міндетті түрде чип арқылы есепке алынады. Егер есепке алынбаса иесіз жануар ретінде қарастырылады.

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адамға иттер шабуыл жасаса, оның ішінде 38 мыңын ит талап тастайды екен. Депутат Еділ Жаңбыршин иесіз қалған, бұралқы иттердің адам қабу мәселесін шешуді кешенді түрде қарау керегін жеткізді. Көшеде жүрген бұралқы иттер ауланып, 15 күндей ұсталады. Осы уақыт аралығында иесі немесе зооқорғаушылар келіп алып кетпесе, онда эвтаназияға жіберіледі.

– Біз заңды бірнеше елдің тәжіри­бесіне сүйене отырып әзірле­дік. Ұлыбританияда, АҚШ-тың көптеген штатында, Израильде, Норвегияда көбіне эвтаназия қолданылады. Скандинавия елдері шекарадан бұралқы иттер кіріп кетсе, дереу атып тастайды. Сондықтан біз де көшедегі антисанитарияны түзеп, иттердің адамға шабуыл­дау жағдайларын жөнге келтіруіміз керек, – деді депутат.

2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкер­шілікпен қарау туралы» заң иесіз иттерді атуға, өлтіруге тыйым салды. Олар­ды аулап, арнайы панажайларға апарып, зарарсыздандырып, қайта босататын. Мәжіліс пен Сенатта бұл мәселе қайта қаралып, иесі табылмаған иттерді 5-15 күн ішінде эвтаназия әдісімен жою мүмкіндігі талқылануда. Бір ұрғашы ит жылына екі рет күшіктеп, орта есеппен 10-15 күшік туады. Егер қаладағы иттердің тым болмаса 70-80%-ы зарарсыздандырылмаса, олардың саны өсе береді. Иттерді ату тоқтатылып, стерилдеу деңгейі төмен болғандықтан, популяция күрт өсіп кеткенін байқап отырмыз. Өткен жылдан бастап Қызылорда облысында иттерден зардап шеккендер саны 795 адамды құраған. Оның 90%-ы иесіз иттен зардап шеккен екен. Қала бойынша да бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Мәселен, Тасбөгет кентінің тұрғыны Сымбат Мырзамұрат өзі тұратын Омар Сейтпенбетов көшесінде соңғы кезде бұралқы иттердің көбейіп кеткенін айтты.

– Бұрын емін-еркін серуендейтін едік, ал қазір далаға шығудан қорқамыз. Баламның қауіпсіздігі де алаңдатады. Өзім де иттен қорқатын болғандықтан, сыртқа жалғыз шыға бермеймін, – дейді кент тұрғыны.

Сондай-ақ талқыланып жатқан заңда жан­уарларды азаптауға қатаң тыйым салу қағидаты да бекітіледі. Қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету иесіз жануарлармен жұмыс істеу жүйесі жаңартылады. Оларды уақытша ұстау пункттеріне немесе панажайларға орналастырып, ауру, қауіпті агрессиясы болса эвтаназия қолдану тәртібі заңда нақты белгіленген.

Егер жануар адамға немесе мүлікке зиян келтірсе, оның иесі толық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ жануарды дұрыс ұстау және серуендету талаптарын бұзу да заңды жауапкершілікке әкеледі.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: