Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 08:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Иран-Ғайып 75 жаста

24.11.2022

1178 0

Сыр өңірінің киелі топырағында қанша ақын-жазушылар дүниеге келді. Солардың бірі Сыр елінің қабырғалы қаламгері, елге Иран-Ғайып атымен етене таныс, ақын және драматург Иранбек Оразбаев 75 жасқа толды.

Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерейтой иесіне арналған рухани шара өтті. Шығармашылық кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Мерейлі мерейтой иесі «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанының премьерасын Сыр халқына тарту етті.  

Иран-Ғайып 75 жаста

 «Сыр елі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы – Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген – Асан Қайғының, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың – Отаны. Осындай тектілікті қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды драматург, Сырдың саңлақ перзенті – Иранбек Әбітайұлы жалғап келеді.

Қарап отырсақ, қазақтың біртуар азаматы, елдің сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаев туралы жазған қаламгерлер көп-ақ. Алайда, ақынмен үзеңгілес жүріп, тіні үзілмес жыр жазған Иран-Ғайыптан басқаны атауға әсте келмес. Қашанда өлең сөздің шын бағасын беретін халық Иран-Ғайып ақынды Мұқағалимен мұңдас болғаны үшін де көкке көтереді.

– Тәуелсіз елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері болуы да Иран-Ғайыптың ақындық дарыны мен арынын дәлелдейді. Бүгінде кітапханалар сөресінен оқырман қолына ұдайы көшетін ақын өлеңдері ең оқылымды шығармалар саналады. Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өлеңіне салған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз де ерекше зор», – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Рухани кеште облыс әкімі Иранбек Әбітайұлына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауы мен облыстың ең жоғарғы наградасы Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.

Иран-Ғайып 75 жаста

Салтанатты іс-шара тәрбиелік мәні орасан, бірлікке, ынтымаққа баулитын «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанының Сыр сахнасындағы тұсаукесер көрсетілімімен аяқталды. Сондай-ақ, бүгін ақынның мерейтойына орай Н.Бекежанов театрында «Топырағыңды басқаным – тау асқаным» атты шығармашылық кеші өтті.

Мерейтой иесі Иранбек Әбітайұлы (Иран Ғайып) Оразбаев – ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, «Платиналы» Тарлан тәуелсіз сыйлығының лауреаты. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшайрасының бас жүлдегері. Ақынның «Жүрек жырлайды», «Түннің көзі», «Өмір-өлең» сынды өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді.

Абай өмірінің соңғы көзеңіне арналған «Мен ішпеген у бар ма?» атты драмалық дастаны, «Қорқыттың көрі» трагедиялық драмасы республикалық театрларды және Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында қойылып жүр.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: