Сенбі, 04 мамыр, 05:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Лента қимайтын әкім немесе үлкеннің батасынан артық еш нәрсе жоқ

09.12.2023

635 0

«Мен жаңа нысандардың ашылу салтанатына барғанда лента қимаймын. Елдегі ақсақалдарға, үлкендерге қиғызып, олардың батасын алғанды жөн санаймын. Себебі бұл – елдің қуанышы. Мен үшін үлкеннің батасынан артық ешнәрсе жоқ», – деді облыс әкімі Н.Нәлібев.

Осы аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берді. Соңғы кезде Сыр өңірінде ауқымды жобалар жүзеге асып жатқаны жұртшылыққа белгілі. Сыр өңірінде қандай жобалар жүзеге асуда? Аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне облыстағы қандай игі істерді атап айтты? Бұл көп көкейіндегі сұрақ десек артық айтқандық емес. Аймақ басшысының Астана төрінде нендей жетістіктерді атап айтқанын саралап көрелік…

Инвестиция тартудан үздік өңір

Облыста негізгі капиталға салынған ин­вестиция 2021 жылмен салыстырғанда 52 пайызға өсіп, 472 млрд теңгені құрады. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар.

– Мемлекет басшысының патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету бастамасын, «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуін кәсіпкерлер қолдады. Демеушілер есебінен 37,5 млрд теңге қаржы тартылды. 3,3 млрд теңгеге 630 жобаға жоба-сметалық құжаттама әзірленді, – деді аймақ басшысы. Атап айтқанда, облыс орталығында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жобаның жалпы құны – 20 млрд теңге, оның 15,7 млрд теңгесі Болат Өтемұратов қорынан. Жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға қарастырылған. Нысан 2024 жыл­дың мамыр айына іске қосылады.

Мұнан бөлек «Қазақстан темір жолы» ком­паниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Жоба құны – 577 млн теңге. Сондай-ақ Қызылорда қаласында құрылысы басталған заманауи үлгі­дегі Оқушылар сарайы келесі жылы пайдалануға берілмек. «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледж ғимаратын салады. Жобаға 4,8 млрд теңге жұмсалады. Биыл Қызылорда қаласындағы 1,7 млрд теңгеге салынған «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға берілді. Демеушілер есебінен қаланың орталық алаңын қайта жаңғырту жұмыстары басталды, оған 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Одан бөлек облыс орталығындағы 30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталып, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды.

Аудандарда да көптеген игі істер қолға алынып, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Мысалы, Жаңақорған ауданында 790 млн теңгенің заманауи демалыс саябағы, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында 450 млн теңгенің «Еңбекшілер саябағы» бой көтерді. Арал ауданының Тоқабай ауылында апаттық жағдайдағы мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа мектеп салынуда. Нысан 2023-2024 оқу жылының соңына дейін пайдалануға беріледі. Қармақшы ауданының Жаңажол ауылындағы орталық алаң «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен абаттандырылып, халық игілігіне табысталды. Ал Жалағаш ауданының Таң ауылында спорт кешені, «Тағзым алаңы» құрылыстарымен қатар, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қызылорда қаласының Түркістан облысымен шекарасында құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды. Мұның барлығы өңірге инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесі екені белгілі.

100 жаңа жұмыс орны

Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы 11 айда толық орындалды.

– Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жыл басы­нан бері экономиканың барлық саласында 44695 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы шеңберінде биыл облыста жоспар бойынша 10651 жұмыс орнын құру көзделсе, қазір 11654 адам жұмыспен қамтылды, яғни Президент тапсырмасы 11 айда толық орындалды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, жастар арасындағы жұмыс­сыздық деңгейі 3,5 пайыз, жалпы жұмыссыздық 4,8 пайыз. Өткен жылмен салыстырғанда жұ­мыссыздық көрсеткіші төмендеді. Былтыр об­лыста жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4 пайыз.

«Көгілдір отын» елге жетті

Қызылорда облысының барлық аудан орта­лығы мен 4 қала, 19 елді мекен табиғи газға көшірілді. 

– Облысымыздағы барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекеніміз табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 12 ауылдық елді мекенімізге газ кіргізілуде. Осылайша өңірімізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді, – деді аймақ басшысы.

 Келер жылға жоспарланған 4 млрд теңгеге 12 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіледі. 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді.

Сондай-ақ облыс халқының 98,1% орта­лықтандырылған ауызсумен қамтылған. Келер жылы 4 млрд теңгеге ауқымды 4 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 2025 жылы облыста орталықтандырылған ауызсумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.

Шыны зауыты шағын кәсіпті дамытады

Сыр өңірінде өткен жылы іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға экспорттауда.

Зауыттың негізгі қуаттылығы – 197 мың тонна. Кәсіпорын іске қосылғалы бері жобалық қуаттылықтың 85 пайызын игеріп, 167 мың тонна өнім шығарды.

– Шыны зауытының айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құруға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады, – деді өңір басшысы.

Атап айтқанда, жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, шыны бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталмақ. Бұл 3 жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге.

Сондай-ақ Шиелі ауданында 1 млрд теңгенің әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады.

Мұнан бөлек, аймақта алдағы жылы 27,1 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асып, 630 жұмыс орны құрылады.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы

 – Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,4 млрд теңгені құрап, 36,6 пайызға артты. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды. Су тапшылығына қарамастан, күріш өнімділігі бойынша өткен жылғы деңгейді сақтап қалдық, – деп баяндады аймақ басшысы.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда 84 млн АҚШ долларының өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96 пайызы – өңделген өнім.

 Сондай-ақ суды үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде.

– Осы жылы су үнемдеу технологиясымен 872 гектарға дақылдар егілді. Бұл тенденцияны жыл сайын 1000 гектарға арттырамыз. Мем­лекет басшысы биылғы Жолдауында: «Агро­ғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет, – деген болатын. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық берудеміз. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инно­вациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды, – деді облыс әкімі.

Алдағы уақытта өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізу көзделуде. Ғалымдар бірнеше жаңа сортты сынақтан өткізуде. Нәтижесінде пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енгізілмек.

Егіс алқабын әртараптандыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 2025 жылға қарай күріш алқабы 89 мың гектардан 80 мың гектарға дейін қысқартылады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға ұлғайтылады. Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 13 пайызға, мал азықтық дақылдар алқабы 8 пайызға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары алқабы 0,5 пайызға, басқа дәнді дақылдар егісі 21 пайызға артады.

Су тапшылығы сезіледі

Аграрлық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін суармалы су мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару әдістері кеңінен қолданылуда.

– Су тапшылығы аймақ халқын алаңдатуда. Оны Президентке де жеткізіп, баяндадым. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» әзірледік. Ол бойынша тасқын суды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру, жаңғырту шаралары атқарылуда. Суды бөлу мен есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тарттық, – деді аймақ басшысы.

Еске салсақ, соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты мәселе Парламентте, Үкіметте үнемі көтерілуде. Өткен жылдан бері 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. 2024 жылы зақымданған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге 2 арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылады. Нәтижесінде теңізде су айналымы қалыптасып, тұздылығы төмендейді.

Ауыл халқына серпін берген байқау

Қызылорда облысында Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақ­тарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатқа 18 млрд теңге бөлінді.

– Елді мекендердің инженерлік инфрақұ­рылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 18 млрд теңге бағытталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша биыл 47 ауылда 216 жобаны жүзеге асыруға 12,4 млрд теңге бөлінді, 157 жоба іске қосылды. «Ауыл аманаты» жобасына қаралған 3 млрд теңге ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға бағытталуда, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мұнан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдар­ламасының 2,5 млрд теңге қаржысына жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Бұл орайда ауыл тұрғындарына серпін берген басты жаңалық – ауылдық елді мекендерді дамыту үшін облыста алғаш рет «Үлгілі елді мекен» конкурсы өтуі. Байқауға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті тұрмысқа қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді.

Ыстық су да болады

Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудағы маңызды факторлар – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту. Алдағы уақытта Қызылорда тұрғындарының өзекті мәселесінің бірі – ыстық сумен қамтамасыз ету қолға алынбақ.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы сапарында өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақты жолға айналдыру және Қызылорда қаласына ыстық су қосу мәселесі алдағы үш жыл ішінде шешіледі, – деді облыс әкімі.

Жылу-электр орталығы салынуда

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес Сыр елінде ірі жоба жүзеге асуда. Жақында Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.

– Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – жылу-электр орталығының құрылысы біздің аймақта басталды. Құны 215 млрд теңге болатын орталық 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылуға, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақта жылу беру маусымы тұрақты өтуде, 1067 әлеуметтік нысан мен 855 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне толық қосылған.

Қоғамдық көлік қызметі жақсарды

Қызылорда қаласында қоғамдық көлік қызметі жақсарып келеді. Жаңа автобустар халық қажеттілігіне сай қызмет етуде.

– Облыс орталығындағы жолаушылар тасы­малдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 жаңа автобус алдық. Биыл қосымша 50 автобус әкелінді. Қалған 100 автобус келесі жыл­дың басында табысталады, – деді ол.

Бұл – жақын арада аймақтың бас шаһарында­ғы қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі деген сөз. Бүгінде облыс орталығында 975 млн тең­геге заманауи үлгідегі автовокзал салынуда. Пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус бағыты ашылады.

Жайлы мектеп  атына заты сай болады

Астана қаласындағы Орталық комму­никациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласындағы жұмыстарды да атап өтті.

– Облыс бюджетінің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде білім саласына 278 млрд теңге бөлінді. Салада ауқымды жоба­лар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады, – деді ол.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы басталды.

Мұнан бөлек 4 мектеп жанынан 1850 орын­ға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді.

– Қосымша ғимараттар біріншіден, бала­лардың қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражаты үнемделді. Бір мектеп салғанға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал қосымша құрылысқа кеткен шығын шамамен 700 млн теңге, – деді облыс әкімі.

Жаңа нысандар – ел игілігіне

Өңірде жаңа медициналық нысандар көптеп салынуда. Мәселен, Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Медицина ұйымдарын сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында 2,9 млрд теңгеге қан орталығының құрылысы жүргізілуде.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынады. Оның 15-і жыл аяғына дейін тапсырылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық халық игілігіне беріледі. Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,1 млрд теңге бөлінді. Былтырғымен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 3 есе көп. Өткен жылы 45 жедел жәрдем көлігі тапсырылса, биыл 25 санитарлық көлік алынуда. Былтырдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда аймақ медицинасы мен білім саласына 4 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, 1,1 млрд теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек алынды. Алдағы жылға да жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі.

Руханият орталығы салынады

Жақында Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсін­дері облыстық музейге тапсырылуы аймақ мәдениеті үшін жаңалық болғаны рас.

Өңірде мәдениет пен спорт саласында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, 7 мың орынға арналған орталық стадион, сондай-ақ жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.

– Аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынды. 1,5 млрд теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметіне кіріссе, 3,7 млрд теңгенің «Өнер орталығы» жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Келесі жылы 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды бірікті­ретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығы салынатыны айтылды.

P.S. Жыл аяқталар тұста облыстың тыныс-тіршілігіндегі жетістікті де, мәселені де жасырмаған аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің алдында облыс әкімі ретінде ұстанымын да байқатты. Яғни Нұрлыбек Машбекұлы бюджеттің әр тиыны үлкен жауапкершілік екенін, оны «жеті рет өлшеп» барып жұмсау керегін айтты. Сонымен қатар туған жердің әрбір азаматы үшін адал жұмыс істеу бірінші орында тұруы тиіс. Әсіресе елде кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер үшін адалдық маңызды. Әйтпесе, мемлекет қаржысын қалайда алып қалуға, қағаз жүзінде ғана жұмыс істегесі келетіндер де жоқ емес екен. Үнемдеу мен адалдықты ұстаным еткен аймақ басшысының бұл ісі елге қызмет еткен барлық шенеуніктің ұстанымына айналуға тиіс.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: