Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Нұрбек Әзірбек, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Күріш толық орылды»

19.10.2021

1355 0

 «Жайқалған ақ күріші,

Жаралған шаттық үшін», – деген ақын Зейнолла Шүкіровтің өлең жолдары Ақмешіттің ақмаржанын әспеттей түскендей. Сыр салысы бүгінде әлемдік деңгейдегі өнімдер қатарында тұр. Ауыл шаруашылығы еліміздің күретамыры саналады. Әлеумет әлеуетінің артып, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өз септігін тигізіп келеді.

Биылғы орын алған қуаңшылыққа қарамастан сырбойылық диқандар елге қажетті өнім жинады. Бұл – дала дарабоздарының еселі еңбегі екені.

Жер анадан несібесін тауып, еңбегімен ер атанған Ыбырай Жақаев, Сәлима Жұмабекова, Жадыра Таспамбетова сынды еңбек ерлерінің даңқты жолын бүгінгі ізбасарлары дәріпті жалғастырып келеді.

Топырағы құнарлы, шөбі шұрайлы, суы тұнық Сыр өлкесін Асанқайғы іздеген Жерұйыққа теңесе жарасып-ақ тұрғандай.

Биылғы жылы өнім көлемі жылдағы мөлшермен салыстырғанда қай деңгейде? Егілген өнім толық жиналып болды ма? Осы және өзге де сауалдардың жауабын қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбектен сұрап білдік.

– Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 4,1 млрд теңгені құрап, өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 2,9 процентке артып, өсімдік шаруашылығы 103,3 процентке, мал шаруашылығы өнімдері 102,6 процент құрады. Биыл 8905 гектарға егін егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 4113 гектар, дәнді дақыл 657 гектар, майлы дақыл 40 гектар, бау-бақша, көкөніс 2818 гектар, мал азықтық дақыл 1278 гектарға егілді.

Күріштің вегетация кезеңінде агротехникалық шаралар сақталып, 3850 гектар күріш тыңайтқыш­ тармен үстеп қоректендірілсе, арамшөптерге қарсы 3469 гектарға химиялық өңдеу жүргізілді. Егістікті сумен қамтамассыз етуде барлығы 86,3 мың текше метр топырақ, шаруашылық аралық және ішкі шаруашылық каналдарынан шығарылып тазартылды. 1 кент, 5 елді мекенге 8 насос құрылғысы орналастырылды. Оның ішінде атап айтар болсақ, Қосшыңырау, Ақсуат, Қызылөзек, Талсуат және Белкөл кентінде су насосы орнатылды. Егілген 524 гектар бидайдан 274 тонна өнім алынып, орташа өнім 7,5 центнерді құрады. Сондай-ақ 87 гектар арпадан 43 тонна өнім алынып, орташа өнім 5 центнерден, 40 гектар мақсарыдан 6 тонна, 40 гектар соргодан 40 тонна өнім алынып орташа өнім 10 центнерден келді. Сонымен қатар картоптан 6450 тонна, көкөністен 17397 тонна, бақшадан 13167 тонна өнім жиналды, – деді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек.

Бүгінде күріш толық орылып, 3800 гектары бастырылды. Орташа өнім 51,5 центнерден келуде. Суды үнемдеу мақсатында күрішті көшеттеп егу технологиясы еліміз бойынша алғаш рет біздің өңірде қолға алынды. «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС мен «Golden Bridge Turan» ЖШС бірлесіп, жапон технологиясымен 155 гектар жерге Өзбекстанның «Лазурный» және «Искандер» сорттарын еккен.

Қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнім­ дерімен қамтамасыз ету мақсатында Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар егістік жер бөлініп, тоқсанға жуық тұрғын бақша дақылдарын егіп, өнімдерін жинап алды. Тамшылатып суару тех­ нологиясымен Қарауылтөбе ауылдық округінде 4 гектар қызанақ және Қызылөзек ауылдық округінде 8 гектар картоп егілді.

«КазАгроМир» ЖШС-ның құны–1,1 млрд теңгені құрайтын Ақсуат ауылдық округінде көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжай құрылысы жұмыс жасауда. Автоматтандырылған жылыжай кешені былтыр іске қосылып, 165 тонна қияр өндірсе, биыл 120 тонна қияр жинап, қала аумағындағы сауда үйлеріне төмен бағада ұсынылды.

Барлығы 343 млн теңгеге 13 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. «КазАгроҚаржы» АҚ-дан – 4, өзге қаржы институттарынан – 8, өз қаражаты есебінен – 1 ауыл шаруашылғы техникасы алынды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 737 тонна дизель отыны жұмсалды. «РК Мұнай» және «Нефть-Транс-Қызылорда» ЖШС қажетті дизель отынын арзандатылған бағамен шаруашылық құры­ лымдарына дер кезінде жеткізіп отырды. Бұл да жұмыстың жүйелі жүруіне септігін тигізгені сөзсіз. Ала жаздай кетпен, күрегін арқалап дала төсін дүбірге бөлеген еңбек ерлерінің ерен істері қай кезде де құрметке лайықты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: