Жексенбі, 08 желтоқсан, 04:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бітімгер әскердің көмегі көп

11.01.2022

706 0

Тәуелсіздікке табан тірегелі ел ішінде бүгінгідей қантөгіс болмаған. Сұйытылған газ бағасынан басталған даудың соңы «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт күннің шырқын бұзды. Елдің құты қашып, жер-жердегі атыс-шабыс, ұрлы-қарлықтың салдары қарапайым халықты есеңгіретіп тастады. Кеуделеріне қорқыныш ұялатты.

Арандатушылардың ізінен еріп, ерлік пен аңқаулықтың аражігін ажырата алмаған көпшілік жер-жерде бұзақылық жасап, мемлекетке зиянын тигізді. Осынау бассыздықты басу үшін үкімет барынша әрекет етіп бақты. Алайда оған мойынұсынған ешкім болмады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы жаңа шараларды қолға алды. 5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың құтын қашырған елдегі тәртіпсіздікті сыртқы күштердің агрессия актісі деп атады. Міне, осыдан соң теледидар арқылы халықпен байланысқа шығып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрағанын жеткізді. Аталған ұйымның мүшелігіне бізден бөлек Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеті кіреді. 6 елден тұратын ұйымның Кеңесі бітімгерлік миссиясын жіберуге сол күні-ақ келісім берді. Әскер жіберілетіні айтылды. Келесі күні аталған одақтас елдерден десантшылар жеткені хабарланды. Олар сол 6 қаңтардан бастап стратегиялық нысандарды күзетуге көмектесіп келеді. Айта кететін жайт, олар елімізде тек күзетпен айналысады. Елде бүлік шығарған содырларды құрықтау және жою операцияларына Қазақстанның өз әскері жұмылдырылды. Стратегиялық маңызды нысандарға содырлардың оп-оңай кіргені, тіпті күзеттің болмағаны, болса да дайындығы қару асынғандарға қауқар таныта алмайтындай дәрежеде екені осы тұста көрінді. Президент айтқандай сараптайтын, әлі де болса реттейтін дүние баршылық.

Осы тұста айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Онымен қоса тағы бірнеше адам қамауда отыр. Бұл туралы ҰҚК хабарламасында тайға таңба басқандай анық жазылған. Бірақ нақты кімдер екені айтылмай отыр. Мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған бұларға.

Жалпы елдегі ахуал біршама оңал­ғанымен, Қазақстанның кейбір қала­ларында қауіп әлі де сейілмей тұр. Сон­дықтан ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскерінің Қазақстанға кіргені шынында үлкен көмек болып отыр. Өйткені содырлар оқтын-оқтын шабуыл жасап жатқаны теледидардан хабарлануда. Енді жалпы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскері не үшін әкелінгеніне тоқталсақ…

– Өздеріңізге белгілі, ҰҚШҰ-ның жарғы­лық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес, Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді, – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше ел­дер бұған дейін де аталған одақтың көмегі­не жүгінген. Нақтырақ айтсақ, 2010 жылы ішкі саяси жағдайларға байланысты Қырғызстан екі рет, 2020 жылы Әзірбайжанмен Таулы Қарабақ үшін соғысып жатқанда Армения одақ көмегін сұрады. Биыл біз сұрадық. Бірақ бізге дейін одақтан көмек сұраған мемлекеттерге әскер жіберілмеген. Се­бебі олар тастаған ұсыныстар одақтың ережелеріне сәйкес келмеген.

Елді дүрліктірген бұл жағдай қоғам талқысына түсті. Айтулы оқиға туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Бұл – банда. Уахаббист, салафисттер. Нақты бағасы – осы» деді. Ал ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев болса, алғашқы сәтте террорлық әрекетке тойтарыс беру қиын болғанын айтады.

– Террористер сапында арнайы винтов­касы бар мергендер болды. Бақылау камераларын, байланыс пен аудиобейне жіберуші құрылғыларды олар сындырды. Олар негізінен тәртіп сақтау қызметкерлерін нысанға алған. Тіпті бір жас курсанттың басын кесіп алған оқиға тіркелді. Басында күш жеткіліксіз болды. Бірнеше өңірде жағдай күрделі болғандықтан, қосымша күш тарту қиындық туғызды.

Бітімгерлік миссиясы біз үшін маңызды. Бірақ ҰҚШҰ әскері әскери қимылдарға қатыспайды. Террористерді жоюмен айна­лыспайды. Тазарту операциясын Қорғаныс министрлігінің әскери бөлігі, Арыстан, Арлан, Бүркіт бөлімшелері атқарды. Сонымен бірге ұйымның бітімгершілік миссиясы қорғау және күзету қызметін орындайды. Операция нәтижесінде, қаладағы барлық әкімшілік ғимараттар террористерден тазартылды, – деді Д.Абаев.

Негізі Ұйымның жедел әрекет ету ұжымдық күшінің саны 18 мыңға жуық. Бірақ көмекке оның бәрі келген жоқ. Тек 2 жарым мың қарулы күш тартылды. Әскердің басым бөлігі – Ресейден. Беларусиядан жеткен қарулы күш саны – 100-300 арасында. Ал Армения – 70, Қырғызстан – 150, Тәжікстан – 200 сарбазын жіберетіні хабарланған. Қазақстан билігі мен ұйым басшылығы ұжымдық күш әскерилері тек стратегиялық нысандарды, маңызды инфрақұрылымдарды қорғайтынын, анти­террористік операцияға қатыспайтынын мәлімдеді. «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің басты мақсаты – бейбітшілік. Арнайы жасақ Қазақстанға алауыздық тудыру үшін емес, ел тыныштығын күзету үшін келді. Артық әрекетсіз нақты тапсырма бойынша жұмыс жасайды. Бәрі аяқталғаннан кейін елге оралады» деді Ұжымдық Қауіпсіздік Туралы Шарт Ұйымының баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов.

Лаңкестерге қарсы операция кезінде мыңдаған әскери жарақат алған. От пен оқтың арасында жүріп, ерлікпен қаза болғандарда бар. Елді шулатқан лаңкестік оқиғадан соң айналысатын мәселелер туралы ел Президенті былай деді:

– Құқық қорғау органдары мен армия­ның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анық­тайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың тер­ракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды, – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

А.БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: