Сәрсенбі, 17 сәуiр, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Кермек күн

29.05.2021

1308 0

Өткенге ой жіберіп, тарих жылнамасын көңіл сүзгісінен өткізсеңіз, біз көрмеген құқай жоқ. Қазақ қазақ болғалы соғысты да, ашаршылықты да, жаугершілікті де, сатқындықты да, қуғын-сүргінді де басынан өткерді. Жұбанша жазар болсақ, «Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Жаза берсең жан жараңның беті қайта сыздайды. Айтпайың десең сөз атасы өледі. 1997 жылы Мемлекет басшысының пәрменімен ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «Халық жауы» атанып кеткен арыстарды ақтау дәуірі басталды. Бұл теңдессіз Тәуелсіздігіміздің жемісі мен жеңісі.

Ел тарихындағы ақтаңдақ атанып кеткен 31 мамыр саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы қолдан жасалған ашар­шылық салдарынан миллиондаған қандасымыз  құрбан болып, жазықсыздар жапа шекті. Асылды, атылды. Ата қоныстан аластатылды. Бұл кешегі күннің күркүрі. Жалпы, осы жылдары нәубетке ұрынбаған, тауқымет тартпаған қазақ кемде-кем. Егер осындай орны толмас қасірет болмағанда халық саны бұдан да көп болуы ықтимал еді деген көңілде өкініш тұрады.

– Менің әкем соғыста болған. Анамызды басқа туысқандарымен бірге мұздай темір вогонға тиеп, ұзақ жол жүріп, қазақстанға әкелді. Халықты қынадай қырған қасіретті жылдар көз алдымда сақталып қалды. Бұл адам баласының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күні.  Азаттықтың ақ таңы атқан алтын дәуірде ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Мыңдаған жазықсыз жанның қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттері. Бүгінгі ұрпақ борышы – құрбан болған азаматтар есімін ұмытпау һәм ұлықтау. Тарих пен ұлттық дәстүр халықтың өткені мен бүгінін және келешегін жалғайтын тұғырнама. Сондықтан алдымызда тарихи естеліктер феноменін сақтау міндеті тұр. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ даласында миллионға жуық отандасымыз туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен береке бастауы.  Бүгінде қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Қиындық атаулыны жеңетін бір күш ол – бірлік. Ел басына күн туған алмағайып заманда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Бір күлшені бөліп жеген барша ұлыс өкілдері дархан көңілді қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді, – дейді Рая Алхазова есімді әзиз ана өткен күндерін тебіреніспен толғанып.

Расымен де, кеңестік қызыл империя қазақтай алып бәйтеректің діңгегіне балта шапты. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемдері бола­тын. Алаштың арда туған саңлақтары еді. Тар жол тайғақ кешу жылдары аттың жалында, түйенің қомында жүріп те, ұлтының қамын ойлаған оғландар мұз жастанып, қар жамылды.  Осылайша ұлы террорлық әрекет алаш азаматтарын орға жығып, құздан итерді. Елім деп елжіреп жұртым жұмылған жауһарларымыз суық қарудың көзіне ілінді. Қолда бар қазыналарымыздан жұрдай етті. Төрт түлігімізді тартып алып, астығымыздан айырып, аштықты қолдан жасады. Миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды. Осы­лайша көпэтносты елге айналдық. Олардың барлығын отандастарымыз құшақ жая қарсы алды. Содан бергі уақытта  бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,  татулық тұғырынан табылудамыз.  Жер дүниені дүр сілкіндірген осы тарихи сәт арада ғасырларға жуық уақыт өтсе де жыл күнтізбесінде өз сырын ішіне бүгіп, қала береді. Оған куә еліміздің дархан даласы мен биік таулары, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер, мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Біз бүгін басып жүрген топыраққа ата-бабамыздың қаны тамған.

Иә, қазақ халқы сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта адам айтса нанғысыз жағдайларды көзбен көріп, басынан өткерді. Шүкір. Бүгінде заман тыныш, бесік құтты, Қызыл қанға боялған топырақтан қып-қызыл қызғалдақтар өсіп шықты. Өткенге тағзым, бүгінге парыз. Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе ұмыт қалмайды.

                  Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: