Сенбі, 21 желтоқсан, 16:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сен өзгерсең, әлем де өзгереді

08.10.2022

796 0

Өмір болған соң, жаныңды жегідей жейтін мәселелер көбейіп, өз-өзіңді іштей сұрақтың астына аласың. Алайда қазақылыққа салынып, қажетті маманнан кеңес алуды жөн көрмейміз. «Қиындық әркімнің басындағы жағдай, оны еңсеруім керек» деп көндігіп, жүре береміз.

 Бүгінде қоғамда мәселе көп. Әсіресе әлеуметтік мәселе ғаламтор бетінен түспейді. Осы орайда, көңілдегі мәселеге шешім айтатын жандар да көбейіп келеді.  Тіпті «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегенге сенген қазақ психолог, коуч-тренер, нумерологқа тәуелді болып бара жатыр. Расында, қазақ әйелі көмекке зәру ме? Психологтардың кеңесін кітап арқылы оқып, өзін тәрбиелеуге мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар психологтың көмегіне зәру жандар көбейіп барады. Себебі инстаграм желісі арқылы тегін көмек беріп, бағыт-бағдар беретін мамандар да жеткілікті. Әрбір ойды жақсылықтан бастағанымыз дұрыс. Өйткені аталған маман иелері де осы бағытта тер төгіп жүр. Қазақ әйелдерінің ойын жақсартып, өміріне оң өзгеріс әкелгісі келеді.

Психолог кеңесі  ұят емес…

«Ең күшті қару – психологиялық қару»… Ал психологиялық тұрғыдан әлсіз адам үнемі мықты бола алмайды. Дегенмен адам күйзеліске түсіп, өзін-өзі жеңе алмағанда психолог­тың кеңесіне жүгінгені дұрыс. Өйткені психолог шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін бірден-бір маман иесі. Сүрініп кетсең, қайта тұруға қақыңның бар екеніне дұрыс бағыт сілтейтін де – сол «жан әлеміне саяхат» жасаушылар екені рас. Алайда бүгінде қазақ әйелдері психологқа баруды ұят санайды. Көпшіліктің ойынша, осы мамандарға тек жындануға сәл-ақ қалғандар барады. Жақында жұмыс орныма психолог маманы келді. Маған психологпен әңгімелесу қызық болды. Мүмкін кеңесі де қажет болған шығар. Қабылдауына кірдім. Бізді көбінесе бала тәрбиелеу, өзіңді-өзің дамыту мәселесі алаңдатыны анық. Ойымда жүрген түрлі ойларды психологпен бөлістім. Расында, әжептеуір жеңіл­деп қалдым. Әрбір маманның өзіндік орны бар деген рас екен.

Психолог Келбет Жолаханованың айтуынша, қазақ әйелдері мықты. Бірақ маман көмегіне жүгініп, күннен-күнге есік қағатындар саны артып келеді. Бұл олар­дың санасы өзгеріп, оң нәтиже байқалатынын көрсетеді. 

– «Психологқа бару ұят» деген ойдың қалыптасуында мен­та­литетіміздің де әсері бар. Мәсе­лен, отбасылық немесе ерлі-зайып­тылар арасындағы мәсе­ле­лерде көбіне-көп «Бас жарылса бөрік ішінде» дегенді ұстанады. Қандай да бір жағдай болса, оны сыртқа шығармай, жеңгелеріне, әпке­леріне, жақын-құрбыларына құпия түрде айтады. Яғни қазақ отбасы­ларының көбісінде үйінде немесе айналасында жылап баратын «дайын психологы» бар. Жаныңа жақын адамға шеріңді ақтарғанның еш әбестігі жоқ, тек бұл уақытша көмек. Танысыңыз сізді тыңдайды, кеңесін береді, бірақ өміріңізде ештеңе өзгер­мей­ді, сол қалпында қалады. Олардан мар­дымды жауап, бағыт алу қиын. Ең дұрысы, психологқа бару. Ақша, үй-жай деп тұңғиықта жүргендер көп. Соларға да психологқа баруға кеңес беремін. Қазіргі уақытта көбісі әлеуметтік желілер арқылы психологтарды оқиды. «Солардың жазғандары арқылы өзімді дамытамын» дейтіндер бар. Дегенмен ол психологтар сізді тыңдап жатқан жоқ, өзіңіз жеке психологпен кездесіп, ішкі мәселеңізді ақтарып, сыр тарқатудың пайдасы көп. Сол үшін де арасында маманмен бетбе-бет кездесіп, ақыл-кеңес алғанның еш ағаттығы жоқ, – дейді психолог Келбет Жолаханова.

Әрбір әйел дамуы қажет

«Сен өзгерсең, әлем де өзгереді». Бұл барлық психологтың айтатын кеңесі. Демек, жан-жағын өзгерткісі келген адам ең алдымен өзін өзгертіп, өзін тәрбиелеу керек. Әлеуметтік желі арқылы психологтардың  айтып жатқаны қоғамда бар мәселе. Жағдайға шынайы қараған жөн болар. Расында, қазақ әйелдері оттың басында, ошақтың қасында қалып қойды. Үй мен жұмыстың арасындағы бітпейтін күйбең тірлік. Осы ретте адам­дардың бір-біріне қарым-қатынасын реттеуде, өз-өзін бақы­лауына ықпал ету үшін психологтың пікірі қажет те шығар.

Осы орайда, бір кейіпкерді мысал етейік. Мақала жазу барысында бізбен сөйлескен қарапайым тұрғын Элвира Әбуова отбасы, ошақ қасында қалғысы келмейді. Еңбек етіп, жоғары жетістіктен көрініп, өмірдің сынақтарына төтеп беруге тырысып жүр. Өзі шешім қабылдап, өзіне сенуді ұйғарды. Қайырымды істер жасау арқылы жанынан жақсы жандар табыла білетініне күнде көз жеткізіп келеді. Алдағы уақытта білімін толықтырып жетістікке жету, бақытты, табысты болуға ұмтылады. Ол үшін ең алдымен рухани өсу керек. Бұл тұрғыда психологтардың парақшасын ақтарып, өзін-өзі дамытуды қолға алған. Олардың ақыл-кеңесі бойына азық берді.

– Әйел заты бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Осы тұрғыда оларға үлгілі жар, аяулы ана болу үшін үлкен жауап­кершілік керек. Сол секілді білімін толықтыру арқылы биік белеске жетеді. Демек, әйелдерге көмек қолын созып жүрген психологтардың семинары оң нәтиже береді деп сенемін. Сынға дұрыс қараймын. Бәріміз идеал емеспіз. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Айтылған дүниелерді ақырындап түзеп келе жатырмын. Әрине, тырнақ астынан кір іздейтіндер табылады. Ене мен келін, күйеу мен әйел арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі жайында айтылатын әңгіме көп. Жаныма жылу тауып, ішкі күйзелісті жеңуіне мүмкіндік туғызып, көп көмегін тигізуде. Адам рухани баю үшін тек кітап оқу аздық етеді. Адам жаны психологиялық кеңестерге зəру. Сол тұрғыда кейбірінен өзіңе қажетті дүниелерді алуға болады. Сондықтан соны саралайтын жүрекке біріншіден иман керек, екіншіден білім қажет деп ойлаймын.  Жеке тұлғалық қасиеттерімді ашу, бойымда сенімділікті арттыру қажеті туындаса психологиялық кітаптарға жүгінемін. Олар адамды жылылыққа, сыйластыққа, алға ұмтылуға мотивация берсе, нұр үстіне нұр емес пе… Сондықтан дәл қазіргі мәселесі көбейген күйбең тірлікте білікті психологтар артықтық етпейді деп ойлаймын, – дейді ол.

Жақсы ой жаныңызды жадыратар

Осы мақаланы жазуға К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» және Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» туындысын оқуым түрткі болды. Көңілге түйетін жайт көп. Инстаграм желісі арқылы аталған псилхологтардың жазғандарын оқығанмен, кітап есте сақтауға көп көмектеседі. Расында, ауылдағы әрбір келінді, басында қиындығы бар әйелді демеу қажет-ақ. Екі құрбының басы қосылса, осы тақырып қозғалатыны сөзсіз. Түсіне білсек, психологтар өмірден мысал келтіріп, қазақ әйелдерін өзгеруге, дамуға шақырады.

Адамды өзгертер болсаңыз, алдымен өзіңіз жақсы ойлаңыз. Жақсы ой    арқылы айналаңызға жылулық сыйлайсыз. Оларға көңілді естелік қалдырып, мейірім ұялатасыз.

Р.S. Әркім өз өмірінің қожайыны. Сондықтан көңіл құлазыған сәтте өзіңді құшақта, өзіңді жақсы көр.  Жалпы, барлығы да «жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақы қағидаға сай келеді. Соны ойдан шығармай, жақсы ой ойлап, жақсы іс жасауға ұмтылғанымыз жөн. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды бағалай білейік. Өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: