Жұма, 19 сәуiр, 22:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Сырбойылықтар ел қамбасына 500 мың тонна күріш құйды

26.10.2021

1034 0

Биылғы жыл аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының мамандарына оңай тиген жоқ. Сырдариядағы су деңгейі, құрғақшылық салдары егістік пен мал шаруашылығына біраз қиындық тудырды. Десе де аймақ экономикасына бірден-бір басты әсер етуші сала жұмысын тоқтатқан жоқ. Өткен аптада сол агро саланың биылғы еңбегі қорытындыланып, озат шаруалар марапатталды.

Күзгі егін науқаны жұмыстарын қорытындылайтын «Алтын дән-2021» мерекелік шарасына аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, дала еңбеккерлеріне құрметін жеткізді.

Жиынға сонымен қатар Қазақстан Респуликасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қызылорда филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов, сала үздіктері және онлайн форматта 250-ге жуық шаруашылық өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өтпелі қиындықтарға қарамастан ел қамбасын астыққа толтырып, мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен шаруа қожалықтарының басшыларына алғысын жеткізіп, ізгі ілтипатын арнады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ең сенімді валюта – азық-түлік» деген сөзі бар. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы артып келеді.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандары биылғы жылғы вегетация кезінде су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында 500 мың тоннаға жуық Сыр күріші ел қамбасына құйылды. Биылғы жылдың маусым – шілде айларындағы ауа райының ыстығына, суармалы судың тапшылығына қарамастан маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен диқандарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Өздеріңізге барша Сыр жұртшылығы – жерлестеріңіздің атынан алғысымды білдіремін! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жалпы өткен жылы өңірде 143,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, биылғы 9 айда 118,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 2,4 процентті құраған. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5 процентке өскен.

Соңғы жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Мәселен, жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азығы дақылдары 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейген.

Суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылып, оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемдері 9,8 мың гектарға дейін жетті.

Бүгінгі күні құны 20,6 млн АҚШ долларын құрайтын өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары 15 мемлекеттің сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Облыстан Германия, Нидерланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия секілді елдерге 1780 тонна балық, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58 237 тонна күріш жөнелтілген.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Сырдария өзенінің жағдайына арнайы тоқталып, суды кезектілікпен үнемдеп алған шаруа қожалықтарының қажырлы еңбектеріне тоқталды.

– Барлықтарыңыздың, әсіресе шаруалардың көкейлерінде болашақтағы су мәселесі бар екенін жақсы білемін. Шардара су қоймасындағы судың аз болуына байланысты Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі төмендеп, осы жылдың 8 қыркүйегінен 18 қазанына дейін төменге секундына 30 текше метр су жіберіліп келді. Ал, 18 қазаннан бастап төменге жіберілген су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз Үкіметпен тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыстың 237 жобасы енгізілуде, – деді облыс басшысы.

Бүгінде «Қызылорда», «Әйтек» су тораптарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192

су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылатын болады. Сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр тасқын су жинайтын «Қараөзек арнасындағы су қоймасын» салу ісі де басталмақ.

Мерекелік шарада облыс әкімі мезгілдің сан құбылуына қарамастан аянбай еңбек етіп, тер төккен, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан озаттарды марапаттады. Атап айтқанда, Жалағаш ауданы, «Мәдениет» ШҚ төрағасы Ақділдә Қыпшақбаев, Қызылорда қаласы, «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС егіс бригадирі Айдархан Қойшыбаев, Арал ауданы, «Алмат» ШҚ төрағасы Жетес Асанбаев, Қазалы ауданы, зейнеткер Берік Бейсембаев, Қармақшы ауданы, «Ертілеу» ШҚ маманы Рүстембек Сәрсенбаев, Жалағаш ауданы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, Қармақшы ауданы, «Актөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, Сырдария ауданы, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейткамал Сұлтанов және басқа да сала үздіктері марапатталды.

«Үздік аудан» номинациясымен Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай марапатталса, егін шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков және мал шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемов, өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» номинациясын Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев марапат алды.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді жаңалықтарды халыққа ақпараттандыруда ерекше еңбек еткен «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық телеарнасының тілшісі Елжас Әбділда мен «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас марапат биігінен көрінді.

ЖӘРМЕҢКЕДЕ 1000 ТОННА ӨНІМ САТЫЛДЫ

Сенбіде облыс орталығында «Алтын дән-2021» шарасы аясында барлық аудандардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жаз бойы тынымсыз еңбек еткен ауыл диқандары жинаған өнімін қала тұрғындарына жеңілдікпен сатты.

Жәрмеңкеде Сыр диқандары 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімді тұрғындарға базар бағасынан арзанырақ саудалады. Мәселен, күріш 220 теңгеден, сиыр еті 1750 теңгеден, пияз 80 және картоп 170 теңгеден, ал балық 1000 теңгеден саудаланды.

Молшылық тойына өңір аудандарынан 190 тоннадан астам ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна бас пияз, 320 тоннадай көкөніс, 180 тонна бақша өнімі, 40 тонна асқабақ, 20 тоннадай ет өнімі, 40 тонна балық, 7 тоннадан астам сүт өнімдері мен 40 тоннадан астам мал азығы жеткізілді.

Аймақ басшысы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарының өнімдері саудаланған жәрмеңкені аралап көрді.

Жәрмеңкеде балық, құрт, ірімшік, көкөніс пен жеміс-жидектерге сұраныс жоғары болды. Облыс әкімі ала жаздай тер төгіп, өнім өндіруде табандылық танытқан шаруалардың еңбегін айрықша атап өтіп, алғысын да жеткізді.

Жәрмеңкеге Қармақшы ауданының шаруалары 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға жуық бақша өнімі, 16 тонна картоп, 10 тоннадай ет пен балық, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 25 тонна мал азығы жеткен. Ал Жалағаш ауданының шаруалары 50 тонна күріш, 15 тонна картоп, 10 тонна пияз, 6 тоннадай ет пен балық, 25 тоннаға жуық көкөніс, 30 тонна қауын, қарбыз, 1 тоннадан астам сүт өнімін 60 көлікке тиеп, халыққа ұсынды.

Қалаға іргелес жатқан Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 66 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.

Арал ауданының жәрмеңкесі де халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Халық Аралдың балығы үшін кезек тосты. Теңізді өлкеден 40 тоннадай көкөніс, 17 тонна балық өнімі, 5 тонна ет, 1 тоннаға жуық сүт өнімі, 3 тонна ас тұзы және 60 бас қой мен тоқты жеткізілді.

Молшылық мерекесіне Қазалы ауданының шаруалары да үлес қосты. Жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 60 тоннадан астам көкөніс, 3 тонна сүт өнімі, 10 тонна ет пен балық өнімі әкелінді. Сонымен қатар 30 бас қой мен 30 бас тоқты сатылды.

Астана даңғылының бойында жәрмеңке жасаған Жаңақорған ауданының диқандары халыққа өз өнімдерін әкелді. 52 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде 40 тоннадан астам күріш, 20 тонна картоп, 120 тоннадан астам көкөніс, 16 тонна асқабақ, 1 тоннадан астам сүт өнімдері және 70 бас тоқтыны саудаға шығарды.

Тасбөгет кентінің Орталық алаңында шиеліліктер табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды. Мұнда тұрғындар үшін Шиелі ауданынан 40 тоннадан астам күріш, 75 тонна бақша өнімі, 60 тонна картоп, 65 тоннадан астам көкөніс, 1 тоннадай балық пен ет өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 15 бас тоқты жеткізілді.

АЛАМАН БӘЙГЕ: БАС ЖҮЛДЕ АЛМАТЫЛЫҚ ШАБАНДОЗДА

«Алтын дән – 2021» мерекесі аясында ат бәйгесі өтті. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев және Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Айтбай Көшербай қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде қызылордалықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және «Қала күні» мерекесімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуды көздейтін мәдени-спорттық шаралардың мәні зор екенін тілге тиек етті.

– Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Әсіресе айбарланып атқа қонып, елдің шебін қорғаған қазақ үшін жылқы ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айрылмас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады.

Қазақ даласының әр түкпірінде тұяғының дүбірі ерек сәйгүліктер көп болған. Әлімсақтағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ақтамбердінің Керкиігі, берідегі Исатайдың Ақтабаны мен Аманкелдінің Шалқасқасы, Ақансерінің Құлагері ұлт тарихымен біте қайнасып кеткен тұлпарлар, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы кезінде облыстық, республикалық бәйгелерге облыстан қатысқан асыл тұқымды «Император», «Қара қыз», «Ызғар», «Гауһартас» секілді тұлпарлар аймақтың атын асқақтатқанын айрықша атап өтті.

Ат бәйгесіне 50-ден астам шабандоз қатысты. Аламан көркін қыздырған қатысушылар арасында тай бәйгені ақтөбелік Нұрасыл Айтжан иеленсе, құнан бәйгені алматылық Арнат Мұратхан алды.

15 шақырымды еңсерген тоқ бәйгеде жүлделі ІІІ орын қызылордалық Ерасыл Рахатқа бұйырса, ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Ансар Арыстанбек алды. Ал, І орынға қызылордалық Мейіржан Досжанов лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға сертификаттарды Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Айтбай Көшербай табыстады.

25 шақырымдық аламан бәйгенің ІІІ орын ақтөбелік Дәуір Ілиясқа бұйырды. ІІ орынды қызылордалық Сейтжаппар Дидар иеленді. Ал аламанда өзгелерден оқ бойы озған алматылық Арнат Мұратхан І орынды иеленді. Облыс әкімі жеңімпазға 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Айта кетейік, бүгінде ұлттық спорт облыста бұқаралық сипат алды. Өңірде 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Жыл сайын облыста 8000-нан аса палуанның қатысуымен өтетін «Алтын белбеу» турнирі ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне айналды.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» ашылды. Мұның барлығы өңірде ұлттық спорттың өркендеуіне септігін тигізіп, үлкен мүмкіндік беруде.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: