Жұма, 26 сәуiр, 16:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Қазақ елі астананы көшіруде екі нәрседен айырылды»

21.08.2021

2098 0

Білікті педагог, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбіловпен «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары бойынша сұхбат жүргізген болатынбыз. Онда сол замандағы тарихи мәдени ғимараттар мен басқа да құнды жәдігерлер туралы кеңінен айтылады. Ғалым туған өлкенің кешегісі мен бүгіні туралы тұщымды пікірі мен пайымды ойын ортаға салып, әсерлі әңгіме өрбітті.

– Алдажар Әбдірәсуллеұлы, Қызылорда ел астанасы болған жылдары несімен ерекшеленді? Алғашқы әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қазақ елінде дамуы, өсуі ерекше қаланың бірі – Қызылорда. Өткен дәуірдегі Ақмешіт қаласы мен бүгінгі Қызылорда қаласының тарихы мен экономикалық даму жолын, ерекшеліктерін, тарихи кезеңдердегі рөлін, өнері мен ғылымын тұтас зерттегенде ғана қала туралы толыққанды айтуға болады. Ал қазір біздің айтып жүргеніміз үзік-үзік дүниелер ғана. Бұл тұста өлкетанушылардың, облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің мойнында үлкен міндеттер тұр деген ойдамын. Енді астана болған жылдары қала несімен ерекшеленеді дегенге келер болсақ, бұл тұста негізгі ерекшеленетін тұстар ретінде қала атының өзгеруін, республиканың – Қазақ республикасы атануын, халық ағарту институтының ашылуын, республикалық басылымдардың шығуы және соған сай баспахана ісінің дамуын, кәсіби театр өнерінің өмірге келуін, сауат ашу мектептерінің ашылуын, ауруханалар саны өсуін, кітапхана ісінің дамуын атар едім. Бұл тұста қалада мәдени ошақтар саны өскен, милиция қызметкерлерін, кіші медбикелер даярлайтын алғашқы 6 айлық курстар ашылған болатын. Енді ел астансы болғасын бұдан да басқа толып жатқан жұмыстар атқарылды. Жоғарыда біз атап өткендердің өзі сол тұста көптеген ғимарат салынғанын, бұрынғы патша заманынан келе жатқан біраз ғимараттың қайта жөнделгенін көрсетпей ме?!

– Қызылорда астана болған тұста бой көтерген ғимараттар мемлекет қорғауына алынды ма?

– Ол тұста салынған ғимараттардың мемлекет қорғауына алынғандары да бар, бұзылып кеткендері де аз емес. Ал қорғауға алынуы керектері де бар.

– Тарихқа үңілсек Сыр бойында үш астана болғаны белгілі. Жалпы Ақмешіттің өткені мен бүгінінде қандай айырмашылық бар?

– Ел тарихында Сыр бойында Қазақ елінің үш астанасы болды, ал Қызылорда болса бір рет қана астана атанды. Ақмешіттің өткені мен бүгінінде толып жатқан айырмашылық бар. Тіпті қала осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда да көп өзгерді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибені ескерер болсақ, қала бұдан да көркеюі керек. Оған қатысты менің өз пікірім бар, оны толық айтып шығуға көп уақыт керек болады. Негізгісін атар болсам, қала маңында дәрілік шөптер өсіруді қолға алу және соған сай қалада фармацептикалық зауыт салу, ауыл шаруашылығы өнімдері зауыттарын (ет, сүт, жүн, тері) балық өңдеу және өсіру зауыттарын ашудың маңызы зор. Аграрлық аймақ бола тұра сүт, қаймақ, ірімшік өнімдерінің басқа өңірлерден тасымалдануы бізге сын. Бұған аса мән берген жөн деп есептеймін.

– Ғылым мен мәдениетте, әдебиет пен өнерде қандай тұстарымыз жетіспей жатады?

– Бұл мәселеге келер болсақ, елімізге ортақ жағдай аңғарылады. Бұған қатысты пікірім кеңес дәуіріне қарағанда төмендеп кеткен тәрізді. Біз екі дәуірді көрген адамдармыз. Сондықтан салыстырмалы түрде қарау заңдылық. Ғылымда да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан сияқты, бірақ көбісі – бұрыннан белгілі жәйтке сәл бірдемені қосып, қайта қарау сияқты көрінеді. Мәселен, облыс медицинасының дамуы, темір жол, әуе жолдарының, тас жолдардың даму тарихы қаралмауы, өндіріс орындары тарихы назардан тыс қалуы да көп жәйтті аңғартады. Басқасын айтпағанда маған жақын сала – өлке әдебиеті мен мәдениетінің дамуы әлі ғылыми бағасын алған жоқ. Ал өңірдегі ауыз әдебиетінің зерттелуі сол бұрынғы қалпынан аса қойған жоқ. Бұл жөнінде де көп айтуға болады. Біреулер жазба әдебиет пайда болған соң ауыз әдебиеті жойылған сияқты көреді. Бұл тұста халық бар жерде халық ауыз әдебиеті бола беретінін, жасай беретінін естен шығармау керек.

– Бүгінгі ғылыми жүйеде бізге не жетіспейді? Жетілдіруіміз керек тұс қайсы деп ойлайсыз?

– Бүгінгі ғылыми жүйеде бізге не жетіспейді дегенге келсек, көп нәрсе жетіспейді. Бұл – ұзақ әңігме. Жалпы ғылымды ойыншыққа айналдырмау керек. Мектеп оқушыларының жаппай ғылыми жұмыспен айналысуын тоқтату керек. Бұл – мұғалім үшін де, оқушы үшін де артық жүктеме. Оның ар жағынан жалғандық, алдамшылық бой көрсетеді. Себебі ол еңбек оқушынікі емес, мұғалім мен ғылыми жетекшінікі ғой. Ал біз оны баланікі деп жас ұрпаққа теріс ұғым қалыптастыруға жол ашатын сияқтымыз. Керісінше, оқушыға мектеп бағдарламасын толық игертуіміз керек, тұрақты дайындыққа тәрбиелеуіміз қажет, сонда ғана нәтиже береді.

– Қазақы құндылық қазіргі қоғамда қадірін жоғалтқан жоқ па?

– Қазақы құндылық қадірін жоғалтқан жоқ. Бірақ қазіргі жастардың көзқарасы ойлануды қажет етеді. Кейде осы тұста біраз нәрсені жоғалтып алдық па деп те қауіптенемін. Ұлттық тіл мен әдебиетті, салт-дәстүр мен елдік ұғымды қалпына келтірмей болмайды.

– Ұлт болып ұйысу жолында басты керегі бірлік, білім тағы не деп ойлайсыз?

– Бұл тұста мынаған назар аударған жөн деп ойлаймын. Бірлік тек ұлттық мақсатты көздеу керек. Ал, жершілдік рушылдық бағыттағы бірлік ұлттық ұйысу үшін қауіпті. Білім де ұлттық мақсатпен үндесу керек, әйтпесе ол білімнің құны көк тиын болмақ. Ұлттық салт-дәстүр, тіл төрге шығуы қажет. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа тиым салынуы қажет. Бұқаралық ақпараттық құралдарындағы ұлт үшін зиянды бағдарлама, жарияланымдарға тиым салынуы қажет. Ұлт ұйысуы бағытында жұмыс жасап жүргендерге қолдау көрсетілуі керек.

– Ақмешіт Қызылорда болғанда қазақ зиялылары нені басты бағдар етті?

– Мұны бірнеше бағытта қарау керек. Бізге ең алдымен кешегі кеңес заманында орыс саясаты ұсынған пайымдардан арылу керек. Біз сол бойынша әлі де астананың Орынбордан Қызылордаға көшірілуі ел басқаруға қиындық әкелуден, астананың шалғайда болуынан деп келеміз. Кейінгі деректерге назар аударсақ, бұл тұстан да кеңестік саясаттың кедергі тұстары байқалады. Енді осыны тарата айталық. Орыстық саясат қазақ зиялыларына Орынбордың өзге аймақтардан шалғайлығын және Ресей жақын тұрғанда ұлттық басқару болмайтынын астыртын түрде жеткізе берген. Қызылорда Семейге, Оралға алыс емес пе, әрине, алыс. Сахалин Мәскеудің түбінде тұр ма? Оны бір қиян шетте деп орыс үкіметі басқара алмай отыр ма? Жоқ, әрине. Бұл тұста да сол заманғы қазақ зиялыларының алауыздығы ел мүддесі үшін өте зиян болды. Біреу Ақмолаға, біреу Семейге сүйреп жүргенде өзбек ағайын астанасын Самарқаннан Ташкентке көшіріп үлгерді. Сөйтіп, Қазақ елі астананы Перовскіге көшіру және астана көшірудегі анда тарт, мында тарттың арқасында екі нәрседен айрылды, оның біріншісі – қазақ ғылымы мен мәдениетінің орталығы болып тұрған Ташкент қаласы және оның маңындағы жер өзбек еншісінде кетті, екіншісі – Орынбор арқылы тұтас бір облыстың территориясы Ресейде қалып қойды. Міне, қазақ елінің ұтылған тұсы – осы. Ал біз болсақ мұны әлі күнге дейін сол кеңестік саясат бойынша біз қазақ үкіметінің оң шешімі ретінде қарап жүрміз. Перовск атауын Ақмешіт атауымен ауыстыруға да қазақ коммунистері үрке қарады. Себебі мешіт сөзі кеңестік идеологиямен үйлеспейтін. Міне, осыдан келіп, қала Қызылорда атанды. Бұл туралы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты мемуарлық романында жан-жақты баяндалған. Қазақ зиялылары астананы Ақмешітке көшіру арқылы қазақ елінің қақ ортасында боламыз, ел тізгінін өзіміз ұстаймыз деп ойлады. Олардың бұл ойын кеңес билігі іске асырмағанына тарих куә. Бұл – айтылғандардың барлығы да Қызылордаға қатысты тарих. Бұл мәселе бұрынғы күре жолмен емес, жаңаша, тәуелсіздік рухымен қайта зерттеліп, зерделенуі керектігін көрсетеді.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: