Бейсенбі, 09 мамыр, 16:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

«Алтын сақа» һәм «Жалмауыз кемпір»

05.03.2024

484 0

«Алтын сақа» ертегісіндегі жалмауыз кемпірден қашып, бәйтеректің төбесіне шығып кететін баланы ұмытпаған шығармыз. Кейде халқы қайтсем тығырықтан шығамын деп ұмтылып жатқан бүгінгі қазақ қоғамын осы ертегіге ұқсатамын. Несиеге белшесінен батқан халық «алтын сақаны» аламын деп, екінші деңгейлі банктердің жалмауыздай жалмайтын пайыздарына шырмалып жатыр. Айлықтың өзі жалмауыз кемпірдің лақтырған тісінен түсіп қалатын тұлпардың тұяғындай болып, банктердің берешегін өтеу түгілі отбасын асырауға да жетпейді. Енді не істеу керек?

Бұл Жолдаудың өткен жылдың 1 қыркүйегінде жол­данғанын назарға алсақ, Президент шетелдік банктерді тарту туралы мәселені осыдан 5 ай бұрын көтергенін түсінуге болады. Біз айтып отырған 5 айдың ішінде неге шетелдік банктер тартылмай жатыр? Әлде Қазақстанның қаржы нарығы шетелдік банктермен бәсекеге түсуге қауқарсыз ба? Бәлкім, енді келетін шығар. Біз асығыс айтып отырған болуымыз да бек мүмкін.

Шетелдік банктер Қазақстанның қаржы нарығына келсе, елдегі екінші деңгейлі банктерді әлсіретіп жіберуі мүмкін дейтіндер де табылады. Себебі дамыған елдердегі кейбір банктердің несие пайызы төмен. Шамамен 1-6 пайыз арасында. Олар біздің нарыққа келгенде аз пайызбен несие берсе,  халық солардан жаппай қарызға ақша алып, Қазақстандағы банктердегі берешектерін жабуы ықтимал. Сәйкесінше, біздегі екінші деңгейлі банктер де  амалсыздан несие пайызын түсіруге мәжбүр болатын еді. Алайда елге пайызы аз банктерді кіргізе ме екен? Мәселе осында. Себебі осы уақытқа дейін талай шетелдік банк келген. Ресейді айтпағанның өзінде қытайлық және ислам банктері жұмыс істеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, елімізде үш қытай, бір корей, бір түрік банкі бар. Әйтсе де халық олардың пайдасын көре қоймады-ау?.. Мамандар шетелдік банктің пайызы төмен болуы екіталай екенін де алға тартуда. Мәселен, журналистерге айтқан сөзінде экономист Мақсат Халық Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік банктер келсе, ипотекалық несиенің пайызы төмендейді деп ойлау дұрыс емес екенін айтады.  Себебі шетелдік банктердің бөлімшесі Ұлттық банктің ережесімен жұмыс істейді. Сонда не істеу керек? Бәлкім, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесін барынша төмен түсіру керек шығар?..

Банктердің өзі қарыз

Қаржының сақталатын орны банк дейтін болсақ, біздің елде банктердің өзі қарыз екен. Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы 6 банкке мемлекеттік деңгейде қаржылық қолдау көрсетілген.

Нақты қандай банктерге көмек көрсетілгенін өткен жылдың 26 сәуіріндегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова баян еткен.

Агенттік төрағасының айтуынша, банктерді қаржылай қолдау бағдарламасы 2017 жылы бекітілген.

– Қазір қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен еді. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған-ды. Осы проблемалық займдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабылданды, – деді Әбілқасымова.

Қолда бар деректерді сөйлетсек, 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФ банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK сынды қаржылық ұйымдар қатысып, жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алған.

Мемлекеттің қолдауымен ғана еңсесін тіктеп отырған банктер шетелдік қаржы ұйымдарымен бәсекеге түсе алады дегенге көп адам сене қоймас. Әйтсе де мамандар Қазақстандағы банктердің қазіргі әлеуетінің жаман емес екенін алға тартуда.

Қазақстанның қаржы нарығына қызығатын банктер бар ма?

Сарапшылар Президент пәрмені орындалып, үш банк келген жағдайда экономиканы қаржыландыру мөлшері мен банктер арасындағы бәсекелестік артады деп отыр.

Ресми органның мәліметінше, әлі ешқандай ұсыныс түспеген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов журналистермен кездескенде бұл мәселенің зерттеу деңгейінде ғана екенін айтқан. Кездесуде Шығыс Азия елдерінен, Оңтүстік Кореядан, Таяу Шығыстан, соның ішінде Қатардан, сондай-ақ Шығыс Еуропадан келген инвесторлар туралы әңгіме болған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне олардың ешқайсысы әлі ресми түрде ұсыныс түсірмеген. Қизатов заң жобасы әзірленгенін мәлім етті. 

– Аудит жүргізу барысында бұрын тіркеу кезінде талап етілетін елу құжаттың біразы қысқартылды. Қалай болғанда да ірі халықаралық банктердің біздің нарыққа келгенін қалаймыз, олардың келуі банк секторының одан әрі сапалы өсуіне оң әсер етеді деп сенеміз, – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары.

Ресми ұсыныс болмаса да қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанға Батыс Еуропа, Азия мен Таяу Шығыстан банктердің келу мүмкіндігі барын мәлім еткен.

Өмір ертегіде ғана әдемі болмауға тиіс

Әлемдік тенденция бойынша ішкі мүмкіндіктерге сүйену үшін мемлекет халқының саны 50 млн адамнан кем болмауы қажет. Әзірге қазақстандықтардың саны оның жартысына да жетпейді. Біз бұл мәселені не үшін жазып отырмыз? Өйткені Қазақстаннан филиал ашатын шетелдік банктер бірінші кезекте елдің ішкі мүмкіндігіне қарайды. Сондықтан халыққа пайдалы шетелдік банктерді алып келеміз десек, мемлекет олар үшін бөлек бағдарлама жасауға тиіс. Бірінші кезекте базалық мөлшерлемені түсіру керек. Жұмыс жоқ демейміз, елімізде банкке қатысты қыруар жұмыс атқарылды. Тіпті базалық мөлшерлеме 14,75 пайызға дейін төмендеді. Мамандар дәл осы базалық мөлшерлемені түсірудің арқасында жылдың екінші жартысында екінші деңгейлі банктегі несие де төмендейді деп болжап отыр. Лайым, солай болсын. Қалай деген күнде де «алтын сақаға» қызығып, жалмауыздай жалмаған пайызға шырмалған халықты тығырықтан шығару керек. Өмір тек ертегіде ғана әдемі болмауға тиіс.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: