Жуырда Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университеті алдындағы алаңда Сыр елінінің жәрмеңкесі өтті. Нақтырақ айтсақ, Сыр өңіріндегі тауарөндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкенің басты мақсаты – отандық өнімді қолдау ретінде аймақтағы өндірілетін арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін көрсету.
Астана тұрғындарына 60-қа жуық Сыр диханы мен тауарөндірушілері, 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннаға жуық өнім ұсынылды. Яғни Сыр өңірінен 70-тен астам өнім түрлері ұсынылған. Соның бірі – 85 жылдық тарихы бар Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауын мен қарбызы, ұлттық сусындар.
Нақтырақ айтсақ, Арал ауданынан елорда төріне 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері жеткізілді. Одан бөлек 30 тоннадай көкөніс пен жеміс-жидектер, 230 тонна бақша өнімдері мен 3 тонна ас тұзы және 10 тоннадай сүт өнімдерін әкелген. Сондай-ақ 5 тоннаға жуық сөк, талқан және кондитер өнімдері де ұсынылған.
Қазалы ауданының шаруалары 35 тоннаға жуық азық-түлік әкелді. Оның бірі 10 тонна балық пен шұжық өнімдері, 24 тонна қауын қарбыз және 2 тонна Қазалы кәмпиті, 2,5 т сүт пен 5 тонна ет өнімдері саудаға шығарылған.
Сырдария ауданының шаруалары 25 тонна күріш пен 30 тонна қауын әкеліп қана қоймай 200 литр қымыз бен шұбат және 5 тонна асқабақ әкелген.
Айта кетейік, жәрмеңкеде сатылған өнімдер төмен бағада ұсынылған.
Жəрмеңкеге облыстың 7 ауданы мен Қызылорда қаласы жəне «Байқоңыр» ƏКК» АҚ қатысты.
– Қиыншылықта жүрген елдің қабырғасын көтеріп, жақсы көңіл-күй сыйлап, арзан бағада жәрмеңке өткізіп жатыр. Осындай жақсылықта бас қосып жәрмеңкеде жүргенге Алла тағала ізгі ниет етсін, – деді елорда тұрғыны.
Алғашқы күннен-ақ отандық өнімдердің басым бөлігі сатылды. Қатарынан екі күнге ұласқан жәрмеңкеге келуші адамдар да көп болды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қызылорда облысының жәрмеңкесіне қатысты өз пікірін айтты.
– Жәрмеңкенің өтіп жатқанына екінші күн. Өнімдер біраз азайыпты. Соған қарағанда Қызылорда облысынан әкелінген өнімдер сапалы деп есептеймін. Себебі 500-ден астам тонна өнімнің 350 тоннасы сатылып кетті. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар мен өнімді әкелген ауыл шаруашылықтарына алғысымды білдіремін, – деді депутат.
Одан бөлек елорда тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлау үшін арнайы концерттік шара ұйымдастырылған. Оған Сыр елінің өнерпаздары қатысқан.
Жәрмеңкеде сатылған өнімдер жоғары сұранысқа ие болған. Сондай-ақ елорда тұрғындары да өнімнің сапалы екенін айтып, дән риза болды.
Н.АЛТЫН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!