Сейсенбі, 07 мамыр, 11:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Үздік үштіктің сыры неде?

18.10.2023

414 0

Биылғы 9 айдың қорытындысымен Қызылорда об­лысы экономикалық өсу қарқыны бойынша өңірлер ара­сында үздік үштіктен көрінді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері ел экономикасы 4,7%-ға өсті. Қызылорда облысы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша 3-ші орында, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 4, ал құрылыс секторындағы жоғары өсімді қамтамасыз еткен өңірлер арасында 5-ші орында. Ведомство басшысы барлық экономикалық даму көрсеткіштерін есепке алғанда, Сыр өңірі алғашқы үштікте екенін атап өтті.

«Барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім 5 өңірде, атап айтқанда, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында байқалды», – деді Әлібек Қуантыров.

Жалпы өңірдегі жетістіктер, игі жобалар, нәтижелі тірлік қарапайым тұрғындарға да сезілетіні айқын. Қарбалас тірліктің нәтижесінде жыл бойы қоныстойлар жалғасын тауып, әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі, даңғыл жолдар, қоғамдық көлік қызметі сапасының артуы, көркейген қала – жыл бойғы жұмыстың игілігі. Бүгінде облыста ауыз толтырып айтырлық байырқалы бастамалар аз емес.

Жақында ғана Сыр өңіріне іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі өрелі істерді көзбен көріп, оң бағасын берді. Шыны керек, қазір аймаққа алыстан ат арытып кім келсе де не көрсетеміз деп әбігерге түсетіндей емес. Мұны кешегі Президент сапары да айқындай түседі. Мәселен, өңірде ғана емес, еліміз бойынша үлгі етіп көрсететін Нағи Ілиясов ауылының өзі ауылды дамытуға болатынын сөзбен емес, іспен көрсетіп келеді. Ауыл мен қаланың жағдайын теңестіру мәселесі әлі де өзекті болса, ауыл тұрғындарына қаладағыдай жағдай жасауға ұмтылған ел ағаларының ерен еңбегіне дүйім ауыл дән риза. Ауылдардың қарқынды дамуы аймақ әлеуетінің артуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Аймақ экономикасының дамуына оң ықпал ететін құрылыс нысандары бүгінде қарқын алды. Қашанда тұрғын үй құрылысын жүргізуден көш басында келе жатқан өңірде биыл сол жағалауда 7 қабатты үйлер бой көтере бастады. Мұнан бөлек, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетін ірі жобалар қатары аз емес. Мәселен, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы демеуші қаражатына салынуда. Жоба құны – 20 млрд теңге. Оның ішінде 15,7 млрд теңге демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Ал жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Жаңа терминал келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Нысан іске қосылғанда жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Халықаралық стандартқа сай әуежай аймақ экономикасын көтеруге серпін берер бірден- бір нысан екені даусыз. Соныман қатар заманауи үлгіде салынып жатқан автобекет жыл соңында іске қосылады деп жоспарланған және теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір үшін жол жайы қашанда маңызды. Осы орайда Қызылорда-Жезқазған автожолының салынуы – көптен бері айтылып жүрген түйткілді мәселенің шешімін табуы.

Өңірде жүзеге асқан бірегей жобаның бірі – облыс орталығында салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығы. Өткен жылы Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісім-шартқа қол қойғаны белгілі. Штелдік ивестиция есебінен салынып жатан жаңа жылу-электр орталығы 240 МВт электр қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 млрд теңге. Бір айта кетерлігі, бұл нысан қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп ғана қоймай, басқа өңірлерге сатуға да мүмкіндік береді.

Өңірдегі өсімнің негізгі көрсеткіші де көңіл көншітерлік. Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапарында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын ел Президентіне баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, Қызылорда облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 115,8 пайызға (227 млрд теңге), ауыл шаруашылығы 101,6 пайызға (157 млрд теңге), құрылыс 126,4 пайызға (117 млрд теңге), тұрғын үйлер салу 118,9 пайызға (618 мың ш.м), сауда- саттық 104,1 пайызға (531 млрд теңге) артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі.

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жыл ішінде 27 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты салынуда. Емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салынып жатыр. Өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік- мәдени нысан бой көтереді. Атап айтқанда, жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда шағын 11 дене шынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығында салынып жатқан Өнер орталығы жыл аяғына дейін ел игілігіне пайдалануға берілмек. Өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлері де елеулі үлес қосуда. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып келеді. Бұл – билік пен бизнестің туған жерді түлетуде біріге білуінің жемісі. Бүгінде өңірде қай салада болсын өсім бар. Құрылысы қарқын алған, өнеркәсібі өркендеген аймақтың үздіктер қатарында болуы заңды да.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: