Дүйсенбі, 06 мамыр, 10:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект: Адамзат үшін пайдасы мен зияны

11.11.2023

2611 0

Технократтар заманында күн сайын жаңа технологиялардың пайда болуы қалыпты жағдайға айналды. Көз ілеспес жылдамдықпен дамыған жаңа технологияны игеріп үлгеру де мүмкін емес. Қазіргі таңда үздіксіз дамып келе жатқан жасанды интеллект адамдар үшін қызық әрі алаңдаушылық туғызып отыр десек, артық айтқандық емес.   

Ғалымдар ХХІ ғасыр жасанды интеллект ғасыры екенін айтуда. Бүгінде әлемде жасанды интеллектінің алғашқы қарлығаштары әр салада қолданыла бастады. Әрине, технологияның жетістігі адам игілігіне қызмет ететіні сөзсіз. Алайда жасанды интеллект саласы үздіксіз дамыған сайын, көңілде алаң да жоқ емес. «Адамзат үшін оның қаупі қандай?» деген сауал бүгінде көкейкесті күйінде тұр.

Жасанды ақыл-ой технологияларының адамзат өміріне айтарлықтай өзгеріс әкелетіні жайында аз айтылып та жүрген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge-2023» халықаралық форумында жаңа дәуірдің басталғанын атап айтты. Ел Президенті атап айтқандай, жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллект технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.  Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар болмақ. Жаңа технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқармақ.

Жасанды ақыл-ой технологиясының жетістігі­мен қатар қаупін әзірге дөп басып айтқан ешкім жоқ. Алайда жасанды интеллект саласының қарқынды дамығаны сонша, бүгінде өлең шығаратын, жазу жазатын, тіпті адам­ның басқа да іс-әрекетін қайталайтын роботтардың пайда болуы адамның орнын робот алмастырар ма екен деген алаңдаушылық туғызуда. Бұл мәселенің әлі де өзекті екенін Мемлекет басшысы атап айтты.

– Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект тех­нологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жа­һандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жасанды интеллект саласы еңбек нарығына қандай өзгеріс әкеледі? Қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?» деген сауалдар да өзекті.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Болжау және зерттеу» департаментінің зерттеуі бойынша жасанды интеллект саласы еліміздегі ірі қалаларда жұмыс орындарын авто­маттандырады. Жалпы Қазақстан бойын­­ша бұл үлес 24,9% болса, Шымкент, Астана және Алматы қалаларында 33,5%-дан 35,7%-ға дейін жетіп отыр. Бұдан басқа, автоматтандырудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік дамыған Атырау (28,2%) және Шығыс Қазақстан (26,4%) аймақтарында бар. Жұмыс орындарын авто­маттандырудың ең аз мүмкіндігі негізі­нен ауыл шаруашылығы аймақтарында қалыптасады, олар да халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуының жоғары деңгейі­мен сипатталады. Түркістан облысында автомат­тандыру деңгейі 17,9%, Жетісу облысында – 18,7%, Алматы облысында – 19,9%, Жамбыл облысында – 20,3% деп бағаланады.

«Жалпы қызметкерлерді босату және ауыстыру мүмкіндігі, олардың ауқымын ескере отырып, тұтастай алғанда Қазақстанның еңбек нарығына елеулі қауіп төндіреді», – дейді мамандар. Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында, ең алдымен, автоматты процестерді енгізу кезінде кірісті арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Егер, мыса­лы, халықаралық сауда орталығы статистикасы­ның деректеріне сәйкес АҚШ-та өндірілген бір өнеркәсіптік роботтың экспорттық құны 2022 жылы 23,6 мың долларды құраса, бұл орташа жылдық бағам бойынша тиісінше 10,9 млн теңгені құрады. Бірақ дәл сол АҚШ-та 2022 жылы орташа жылдық жалақы 61,9 мың долларды 10 немесе 28,6 млн теңгені құрады, бұл ретте Қазақстанда алдын ала деректер бойынша 3,7 млн теңгені құраған.

Еңбек нарығын автоматтандырудың нәтиже­сінде ірі қалалар үшін жұмыс орын­дарының 33%-дан 36%-на дейін ав­томаттандыруы мүмкін, сондай-ақ өнер­кәсіптік дамыған өңірлерге тән.  Салалық бөліністе қызметкерлерді жасанды интеллект алмастырудың ең үлкен әлеуеті кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына тән болып отыр. Дегенмен Қытайға бағытталған зерттеу мысалында атап өтілгендей, оң­тайландырылған жұмыс күші есебінен әлеуетті үнемдеу еңбек нарығына әсер етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстанда орташа жалақы дамыған елдерден едәуір төмен болғандықтан, автоматтандыру және жұмысшыларды механизмдермен және жа­санды интеллектпен алмастыру процестері өте баяу жүреді деп күтуге болады, өйткені компаниялар мұны пайданы ұлғайту тәсілі ретінде көреді», – деп болжайды сарапшылар.

Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Экономика және құқық институты директоры, экономика ғы­лымдарының кандидаты, «Қазақстан ІТ ма­мандар ассоциациясы» ЖШС директоры Нұрлан Құлмырзаевтың пікірін білдік.

– Шынында, жасанды интеллект жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі ықтимал. Себебі қазіргі уақытта адамдар орындайтын көп тапсырманы технология орындайды. Бұл өнді­ріс, көлік және тұтынушыларға қызмет көр­сету сияқты салалардағы жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәлі­меті бойынша, 2025 жылға қарай әлемде автоматтандыру әсерінен 85 миллион жұмыс орны жоғалуы мүмкін. Қазақстанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктрлігінің дерегі бойынша 2030 жылға қарай автоматтандыру нәтижесінде 1,5 миллион жұмыс орны жойылуы мүмкін. Дегенмен жасанды интеллект жаңа жұмыс орнын құра алатынын ескеру керек. Мысалы, жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу, техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажет. Сондай-ақ бизнес пен кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер жасай алады, – дейді ол.

Жасанды интеллект саласы өмірімізге дендеп еніп жатқанын айтудай-ақ айтып жүрміз. Ал жаңа технологияны игілігіміз үшін игеруде дайындығымыз қандай? «Oxford Insights» компаниясы «Үкіметтің жасанды интеллектке дайындық индексі-2022» зерт­теуін жариялады. Бұл зерттеуде әлем елдері үкіметтерінің мемлекеттік қызметтерді ұсы­нуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге дайындық көрсеткіштерін бағалаған. Зерттеу қорытындысы бойынша жасанды интеллект саласын мемлекеттік қызметте тиімді пайдалануда АҚШ көш бастаса, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония алғашқы ондыққа енген. Қазақстан –72, Әзербайжан –74, Өзбекстан – 79 орынды иеленген. Соңғы орындарда Сирия, Ауғанстан елдері бар.

Жасанды ақыл-ой технологияларын қалай қолдану керек? Бұл орайда тағы да маман пікіріне сүйендік.

Бүгінде жасанды интеллект білім сала­сына да еніп кеткенін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап айтты.

– Нейрожелі қазірдің өзінде оқу үде­рісіне араласып кетті. Оның дамуы да жылдам. Қазір бізге цифрлық сауатты болу жеткіліксіз. Жасанды интеллект сауаты деген ұғым да жақсы таныс болуы қажет. Яғни біз оны білім саласында оқытуымыз керек. Иә, бұл алгоритмнің кері әсері туралы да көп айтылады. Дегенмен біз оның дамуын тежей алмаймыз. Сондықтан сауатты түрде меңгеруіміз қажет. Кез келген салада ChatGPT-мен жұмыс істеуді меңгерген маманның бәсі жоғары тұрады, – деді министр жуырда өткен Digital Bridge 2023 форумында.

Еліміздегі алғашқы жылдам кәсіптер университетінің негізін қалаушы Диана Камаладиннің айтуынша, білім беру саласында оқытушының орнын чат-боттар ал­мастыра алатыны туралы пікірі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

– Батыста машиналардың жаңа моделі жыл сайын шығатын болса, Қытай нарығында алты ай сайын өзгеріп жатыр. Бұрын бір жаққа баратын болсаң такси ұстау, такси табу қиын еді. Ал қазір «Яндекс» бар. Тіпті көлікті 10 минут күтіп қалсаңыз, «неге тез келмеді» деп шағымданасыз. Мысалы, фаст-фудтар біздің жылдам тамақтануымызға ыңғайлы. Әрекеттеріміз күн өткен сайын жылдамдыққа негізделіп барады. Білім беру нарығына да осындай қарқынды өзгерістерге ілесе алатындай жүйе қажет. Мәселен, TikTok желісінде химия пәнін үйрететін мұғалім бар. Оның бейне сабақтары миллиондаған қаралым жинап жатыр. Мұның барлығы білім жүйесінің өзгеріп жатқанын аңғартады. Балаларымыз, яғни жаңа буын стандартты біліммен шектеле алмайды. Сондықтан да біз осы саланы жетілдіріп, жылдам білім бере алатын платформаларды қалыптастыруымыз қажет. Қазір адамдар өзіне қажетті білімді алу үшін қысқамерзімді курстарды сатып алады. Міне, осылай жылдам игеретін мамандықтар шығып жатыр. Бұл – заман талабы. Өйткені ақпараттар әп-сәтте ескіріп қалады. Сон­дықтан қоғамдағы өзгерістерге ілесе білуі­міз қажет. Сондай-ақ оқытушының орнын баса алатын чат-боттар пайда болды. Бұрын оқытушы деген бізге баға қойып, үй тап­сыр­масын тексеретін адам болса, қазір оқы­тушы ол режиссер тәрізді. Сізге тек мына­дай кітапты оқы, мынадай подкаст тыңда, мынадай вебинарларға, шеберлік сынып­тарына бар деп айтады, – дейді Диана Камаладин.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универси­тетінің құқық институты директоры Нұрлан Құлмырзаев ең бастысы жасанды зердені адамзат игілігіне пайдалана білуіміз керек деген пікірін білдірді.

– Бұл туралы ел Президенті де атап айтты. Жасанды интеллект – жақсылыққа да, жамандыққа да қолдануға болатын күшті құрал. Ең бастысы, жауапкершілікпен және этикалық тұрғыдан пайдалану маңызды. Жасанды интеллект адамдардың өмірін жақсарту үшін пайдаланылуы керек. Мә­селен, елдегі кедейшілік, ауру, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелерді шешу үшін қолдану қажет. Мәселен, медицинада жасанды интеллект дәрігерлерге көмекші бола алады. Деректерді жинау және талдау нәтижелерін талдау сияқты күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ дәрігерлерге кеңес беру арқылы емдеу сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Осы орайда жасанды интеллект саласын басқару үшін қолдануға болатын нақты принциптерді атап айтықым келеді. Бірінші, қауіпсіздік. Жасанды интеллект адамдар мен қоршаған орта үшін қауіпсіз болуы керек. Екінші, этика. Бұл моральдық принциптерге сәйкес қолданылуы керек. Үшінші, ашық­тық. Адамдар жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін және шешімдердің қалай қабылданатынын түсінуі керек. Төртінші, жауапкершілік. Адамдар жасанды интеллектпен байланысты әрекеттері үшін жауап беруі керек. Осы қағидаларды ұстана отырып, біз жасанды интеллектің адамзаттың игілігі үшін қолданылуын қамтамасыз ете аламыз, – дейді Нұрлан Құлмырзаев.

Жасанды интеллект саласын дамытуға өңірде де алғашқы қадамдар жасалуда. Жуырда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ара­сындағы ынтымақтастық аясында уни­верситет жанынан жасанды инттеллект мектебі ашылды. Алдағы уақытта оқу орнында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика мамандары да даярланбақ.

Қалай айтқанда да, жасанды ақыл-ой технологияларының дамуы – уақыт талабы. Ал оны тиімді пайдалану адам баласын әрдайым оқып, жаңаны үйренуге тиіс екенін көрсетіп отыр.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: