Сәрсенбі, 08 мамыр, 17:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Жұлдызың биік болсын ұлттық басылым

03.02.2024

96 0

Сурет: Н. Нұржаубай

Енді газет-журналдарда еңбек ететіндердің де өз мерекесі бар. 2 ақпан – ұлттық басылым күні! Неге 2 ақпан? Өйткені дәл осы күні Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялылары негізін қалаған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шықты.

Қалам ұстаған қауымды Мемлекет басшысы да төл мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді. Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

«Қазақ» газетінің ел тарихындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі, түптеп келгенде ұлттық журналистикадағы алар орны ерекше. 

 Бұған дейін телевизия күні, радио күні сынды атаулы мерекелер болса, енді баспасөз саласында еңбек ететіндердің де төл мерекесі бар! Мұны журналистика күнімен шатастырмау керек, ол – бөлек кәсіби мереке, бөлек атаулы күн!

Бүгінде «Гезет деген керек пе?», «Газетке не үшін жазылуымыз қажет?» дейтін азаматтар бар. Олар бүкіл ақпаратты әлеуметтік желі арқылы көріп отыратындарын алға тартады. Төл мереке қарсаңында газеттің не үшін керек екенін тағы бір мәрте жазғанды жөн көрдік.

Хош делік, әлеуметтік желі арқылы ақпаратты ала алатын шығар, бірақ ондағы кейбір хабарлар екшеліп, түп-тамырына дейін тексеріле бермейді. Осыны ескеру қажет. Оның үстіне қазір үйде неше адам болса, сонша ұялы телефон қолданатын отбасылар бар. Студентін айтпағанның өзінде бесіктегі баласына дейін смартфонның әуенін тыңдап жатады. Рас қой. Көптеген үйдің мектеп жасындағы балалары бөлмелеріне кіріп алып, әлеуметтік желіде отырады. Кино көрсе де, тың ақпарат іздесе де ғаламторды шарлайды. Бір өкініштісі, барлық ата-ана бірдей баласының ғаламтордағы әрекетін бақылауда ұстамайды. Ол бала тілмен айту былай тұрсын, көзбен көруге ұялатын неше түрлі бейнелерді қарауы ықтимал. Мұның несін жасырамыз. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ.  Дәл осылай тоқтаусыз жалғаса беретін болса, газетті айтпағанда кітап оқитын адам таппай қалуымыз ғажап емес. Ал оқитын, оқуға құштар ұлттың болашағы жарқын болатынын жапондар әлдеқашан дәлелдеп қойды. Күншығыс елінің «The Yomiuri Shimbun» газетінің бір күндік таралымы 14 миллион дана екен. Қазақстандағы қай газет мұндай межеге жетті? Ел газеті деп жүрген «Егемен Қазақстанның» өзі жыл санап таралымы азайып келеді. Аймақтардағы басылымдардың да шекесі шылқып отырғаны шамалы. Тіпті кейбірі жабылуға шақ қап тұр. Қазір Қытай да газетке ерекше мән бере бастады. Өйткені олар даму үшін оқуға құштар ел болуы керектігін түсінді. Дәлел үшін айта кетейік, аспанасты елінің «Reference News», «People’s Dialy» басылымдары 2-3 миллион тиражбен тарап жатыр. Қытайдың қандай қарқынмен дамып жатқанын бүгінде күллі әлем көріп отыр. Бізге де ойланатын кез жетті.

Несін жасырамыз, бір адамның ұялы телефонына айына шамамен 2000-12000 теңге аралығында бірлік салынады. Ал осы қаражатқа 6 айға газетке жазылуға болады. Мәселен, «Ақмешіт апталығына» 3000 теңгеге жазылсаңыз, аптасына екі рет үйіңізге барады. Ол аз десеңіз 6 бойы сізбен бірге болады. Сонда қайсысы арзан, қайсысы тиімді екенін пайымдай беріңіз. Бірақ сапалы, нақты, қажетті деген дүниелер баспасөз бетінде екшелетінін ұмытпаған абзал.

«Бұрындары балалар атыс-шабыс киноны көп көреді» дейтін еді, қазір теріс ағымды насихаттайтын діни материалдар ғаламторда толып тұр. Тіпті өріп жүр десе де болғандай. Ал мемлекет тарапынан бақылауға алынған газет-журналда ұлттың тамырына балта шабатын бірде-бір дүние болмайды. Қайта керісінше, танымдық-тарихи, әдеби-мәдени, рухани мақалалар беріледі. Көптің көкейінде жүрген түйінді мәселе айтылса да әбден зерттеледі. Яғни баспасөздегі әр материалды журналистер електен өткізеді. Бұл – газеттің пайдасы артпаса түспегенінің айғағы.

Елімізде газетке жазылатындардың азайып бара жатқаны жасырын емес. Біз көпке топырақ шашпаймыз. Баспасөзге жазылуда белсенділік танытқандар жеткілікті. Ондай адамдарды газеттің шын құнын білетін, нарқы мен парқын түсінетін қадірлі де құрметті оқырман санатына жатқызамыз. Сіз бір газетке болса да жазылсаңыз, ұлттық басылымға қолдау көрсеткеніңіз. Ұлттық басылымның жұлдызы биік болсын десеңіз газет-журналдарға жазылыңыз, қадірлі оқырман!

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: