2026 жылдың алғашқы тоқсанында ипотека мен автонесиеге сұраныс азайды. Бұл туралы Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды kursiv.media
Оның айтуынша, кейбір банктер сыйақы мөлшерлемелерін көтеріп, оның үстіне тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі қысқарғандықтан, ипотекалық қарыздарға сұраныс азайды. Нәтижесінде ипотекалық несиеге берілген өтінімдер саны тоқсандық есепте 21%-ға, төмендеп, орташа несие көлемі 20,5 млн теңгені құраған.
«Несие беру талаптары біршама күшейтілсе де, бұл жағдай кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге деген сұраныс динамикасын әлсіреткен жоқ. Өтінім саны 1%-ға өсіп, 103 мың болды. Ал қарыздың орташа мөлшері 12%-ға, яғни 13,6 млн теңгеге дейін өсті. Кепілсіз берілетін тұтынушылық несие сегментіндегі сұраныс та өзгеріссіз қалып отыр: жалпы өтінім саны 2%-ға азайып, 16,1 млн болды. Ал олардың орташа мөлшері 3%-ға өсіп, 963 мың теңгеге жетті«, – делінген хабарламада.
Банктер автонесиеге сұраныстың төмендеуін жаңа автокөліктердің арзандауы және автодилерлердің несиелік ұсыныстарына қызығушылықтың кемуімен түсіндірді. Соның салдарынан автонесиеге берілген өтінімдер саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға қысқарған. Дегенмен өтінімдердің орташа көлемі 12%-ға өсіп, 7,2 млн теңгеге жеткен.
Ипотекалық несиелер бойынша мақұлдау деңгейі 1 пайыздық тармаққа өсіп, 23%-ды құраған. Ал автонесиелер бойынша бұл көрсеткіш 1 пайыздық тармаққа төмендеп, 15%-ға түскен.
Айта кетейік, елде автонесие барған сайын қымбаттап барады. Жаңа жеңіл көліктерге несиенің жылдық мөлшерлемесі 23%-дан басталса, ескі көліктер 35%-ға дейін жетуі мүмкін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
