ҚР Денсаулық сақтау министрлігі отандық дәрі-дәрмек нарығына қатысты түсінік берді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 191,1 млрд теңге болды (2024 жылғы деңгейден 8,7%-ға жоғары). Жалпы, соңғы үш жылда қазақстандық фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетіп отыр.
-Кейінгі жылдары фармацевтика және медицина өнеркәсібіндегі инвестициялық белсенділіктің де артқаны байқалды. 2025 жылы инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 142,8 млн АҚШ долларын құрады (2024 жылы – 91,3 млн АҚШ доллары). 2025 жылғы экспорт көлемі 1,2 есеге артып, 39,9 млрд теңге болды (2024 жылы – 32,8 млрд теңге, 2023 жылы – 23 млрд теңге). Қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің және «СҚ-Фармацияның» сайттарында жарияланады. Бүгінде қазақстандық өндірушілерді қолдау бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Соның ішінде «СҚ-Фармация» сатып алуды жүргізу кезінде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаларына сәйкес отандық өндірушілерді қолдауды басты міндеттерінің бірі ретінде қарастырады, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың циклінің барлық кезеңінде: әзірлеу мен өндіруден бастап, тіркеуге, тіркеуден кейінгі мониторинг, көтерме-бөлшек саудада өткізуге дейін кешенді сапа бақылауын жүзеге асырады. Қазір Қазақстанда 6859 дәрілік зат тіркелген, оның 1066-сы қазақстандық өнім.
-Емделушілердің қауіпсіздігін және дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында нарықта тұрақты қадағалау жүргізіледі. Ол мыналарды қамтиды: фармакологиялық қадағалау, тасымалдау кезінде дәрілік заттардың әрбір партиясының қауіпсіздігін бағалау. Барлық қазақстандық компаниялардың тиісті өндірістік (GMP) сәйкестік сертификаты бар, бұл отандық өндіріс алаңдарының халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды. Қазақстанның реттеуші жүйесінің қарқынды дамуын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшылары растады. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші және ДДҰ Еуропалық өңірінде ұлттық реттеуші жүйенің 3-ші деңгейіне (maturity level 3) қол жеткізген төртінші реттеуші болды. Бұл нәтижеге жету үшін 8 жыл қажет болды: 2018 жылғы 1-ші деңгейден биылғы 3-ші деңгейге дейін, – деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Бұдан бөлек, алдағы жылдары құны 316 млрд теңге болатын инвестициялар туралы қол қойылған 6 келісім (Khan Tengri, Нобел, Алтинфарм, Ромфарм, Абди Ибрагим Глобал Фарм, Химфарм) есебінен отандық дәрілік заттардың үлесі артады. Бұл келісімдер қосымша 400-ге жуық дәрілік заттардың атауын өндіруді және 1100-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
