Жексенбі, 19 мамыр, 13:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Сібір жарасы-қауіпті ауру

06.05.2024

311 0

Сурет: dairynews.today

Қызылорда облысында 2023 – 2024 жылдары сібір жарасы немесе оған күдікті жағдайлар адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында  тіркелген  жоқ. Дегенмен, облысымыздың аумағында аса қауіпті табиғи ошақтық инфекция сібір жарасының  ошақтары сақталған. Облыста сібір жарасы ауруынан 60 стационарлық-қолайсыз нүктелер және 68 сібір жарасы ауруының топырақтық ошақтары тіркелген.Сібір жарасының ошақтық көмінділері барлық аудандар мен Қызылорда қаласының аумағында бар. Облыста соңғы жағдай 2008 жылы Шиелі ауданы Еңбекші елді мекеніне қарасты «Дәуітбай сазы» жайлауында тіркелген. Аурудың алдын алуда облыс бойынша жоспарлы түрде ауылшаруашылығы жануарлары сібір жарасына қарсы егілеп отырады. 2023 жыл қорытындысымен  407 700 мүйізді ірі қара мал, 867 950 ұсақ мал басы, 198400 жылқы, 950 бас шошқа, 59300 түйе сбір жарасына қарсы егілді. 2024 жылы да ауруға қарсы егу жұмыстары ауылшаруашылығы жануарлары арасында жоспарлы түрде жүргізілуде.

2023 жылы Қазақстан Республикасы (әрі қарай республика) көлемінде сібір жарасы ауруынан эпидемиологиялық ахуал күрделі болып қалыптасты.   Республика  көлемінде барлығы 37 жағдай тіркелсе, оның ішінде көршілес облыс Жамбыл облысынан-19,   Ақмола облысынан 15, Қарағанды облысынан-3 жағдайдан тіркелді, (2022ж республикада -27ж).  

Ауру жұқтыру көзі – мәжбүрлі сойылған ауылшаруашылығы жануарлары. Берілу жолдары мен факторлары – мәжбүрлі сойылған және өлген ауылшаруашылығы жануарының  қанымен, терісімен және етімен тығыз жанасу.

Айта кету керек, біздің өңірде де малды ветеринарлық куәландырусыз сою, сонымен қатар, ветеринариялық анықтамасы жоқ жануарларды сату фактілері жиі кездеседі. Бүгінгі күні облыстар арасында ауылшаруашылығы малдарының қозғалысы қарқындау кезінде індеттің алдын алу шараларын тиісті деңгейде жүргізілмеген жағдайда облыс тұрғындарының сібір жарасымен ауырмайтындығына кепілдік беру мүмкін емес. Сібір жарасының алдын алуда -санитарлық қорғау аймағында топырақты қазуға және ауыстыруға, іздестіру, гидромелиоративтік, құрылыс құрылыс жұмыстарына, жалға беруге,  жеке меншікке сатуға, бау-бақшаға немесе өзге де мақсатта пайдалану үшін жер учаскелерін бөлуге жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар  – сібір жарасының топырақтық ошақтарын бүкіл периметрі бойынша ормен және биіктігі кемінде 1,5 метр және диаметрі 5 шаршы метр қоршаулармен (бетон немесе металлдан) қоршалып, «сібір жарасы» деген жазылған тақтайшалар ілінеді, қауіпсіздік үшін кіруге тиым салынады. Облыстағы сібір жарасының ошақтары арнайы белгілермен белгіленіп, қоршалған. Тұрғындар тарапынан осы қауіпті аймақтарға мал жайылуын немесе басқа да қажеттілікке пайдалануын болдырмауы тиіс.

 Сібір жарасы туралы жалпы түсінікке келсек, (түйнеме немесе күйдіргі ) бұл жұқпалы аса қауіпті ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде уланумен сипатталады. Сібір жарасы көп жағдайда терілік формада  кездеседі, өте сирек ішектік , өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін. Аурудың қоздырушысы –таяқша пішінді аэробты бактериялар, бұл бактериялар адам  немесе жануарлар ағазасынан тыс жерде споралар түзіп, қоршаған ортада топырақта  ұзақ жылдар бойы сақталады. Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз-үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады.

Аурудың жұғу жолдары: адамға ауру малды сою кезінде, терісін өңдеуде және бактериямен спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануды жұғуы мүмкін.  Ауру көбінесе теріні зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см,  қызыл-көкшіл түсті ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орынында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12- 24 сағаттан кейін серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға (карбункул) айналады. Жараның айналасы қызарып, ісіп 1-2 аптадан кейін жараның ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды.

Карбункулдың ең көп орналасатын жері –аяқ-қол, мойын және желке. Қосымша әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы 39-40 –қа дейін көтереді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделмеген терілік түрде өлім жағдайы 5 пайызға дейін жетеді. Өкпелік-ішектік формада өлім 80-100 пайызда дейін жетеді. Ауырған адам аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралса, толығымен жазылып кетуге болады.

 Тұрғындарға аурудың алдын алуда берілетін кеңес:

-жоғарыда аталған аурудың белгілері байқалған кезде міндетті түрде дәрігерге қаралу;

-аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын бақылауда ұстау, сібір жарасына қарсы екпе жүргіздіруге рұхсат беру, үй иегелерінің малдарды екпеге қатыстырмауы-аурудың кеңінен таралуына себепші болып, соның салдарынан адамдар ауыруы мүмкін.

-мал ауырған жағдайда ветеринар мамандарынан кеңес алу, ауру мал жатқан, сойылған жерлерге басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерді пайдалануына тиым салынады,

-дер кезінде медициналық көмекке жүгінсеңіз аурудан толық айығатыныңызды естен шағырмаңыз.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: