Сенбі, 20 сәуiр, 04:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Уақытпен санаспайтындар

19.06.2021

1299 0

Бүгінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы күніне 1300-ден аса шақырту қабылдайды. Ал мереке қарсаңы мен демалыс күндері бұл көрсеткіш тіпті көбейеді. Қашанда ауырып, жаны қысылған жанның қасынан бірінші табылатын жедел жәрдемің ақ халатты абзал жандары қандай құрметке де лайық.

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің айтулы мерекесі. Осы күні дәрігерлердің еңбегі еленіп, арнайы құрмет көрсетіледі. Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда қасымыздан табылып, көмек қолын созатын ақ халаттылар қауымын басылым беттерінде әрдайым дәріптеп келеміз. Бүгін міне, мереке қарсаңында жедел жәрдем қызметінің бір күнімен танысуды жөн көрдік. Басында кірер есікті шатастырып, кезекші-диспетчерлік бөлімге бас сұқтық. Мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Барлық қызметкер бос емес. Соған қарағанда, таңмен таласып жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер қатары көп екенін аңғарасың.

Біз барғанда диспетчер қызметінде 34 жылдан бері осы салада жұмыс істейтін Дина Әлжанова отырды. Оның жұмысы – негізгі бекеттен түскен шақыртуды қабылдап, жақын маңдағы бригаданы науқастың мекен жайына бағыттау. Облыс бойынша барлық қоңырау негізгі бекетте қабылданады. Ол жердегі мамандар  дереу автоматтандырылған «КӨМЕК» жүйесі арқылы қосқалқы бекеттерге хабар береді. Қарап отырсаңыз, мұндағы телефонға тыныштық жоқ. Шақырту қабылдаған дәрігерлер, межеге жеткенше асығатын көлік жүргізушілері, дәрі-дәрмек қобдишасын жанынан бір елі тастамайтын фельдшерлер зыр жүгіріп жүр. Осыған қарап, бұл жердегі қайнаған жұмыстың жауапкершілігі мен маңызын ұғынасың. Себебі, мұнда адам өмірі мен тағдыры тікелей шешіледі.

Бекеттегі бригаданың барлығы шақыртуға кетіпті. Оларды күтуге  тура келді. Қазіргі кезде мұнда жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп, тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің алдын алуға атсалысып жүрген 929 қызметкер жұмыс істейді.  Оның 75-і дәрігер, ал 500 ден астамы орта буын қызметкерлері. Облыс бойынша 78 жедел жәрдем тобы халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде. Оның 50 тобы облыстық жедел жәрдем стансасында. Ал 28-і  емханалар жанынан ашылған жедел жәрдем қызметінің топтары.

Ең алдымен мекеме басшылығына жолығуды жөн санадық. Сөйтіп   облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нүрсейтованың жұмыс орнына бардық. Бізді жылы қабылдаған дәрігердің жүзінен мейірімділікті бірден байқайсың.

– Бүгінде жедел жәрдем 4 санат бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішіндде коронавирус алғашқы шұғыл санатта. Сондықтан мамандар діттеген жерге 10-15 минутта тез жетуі керек. Атап айтсақ, бірінші санатқа науқастың өміріне тікелей қауіп төнетін шұғыл медициналық көмек қажет жағдайда он минутта жету керек. Ал екінші санат бойынша науқастың өміріне қатер төнуі ықтимал, алайда тығырықтан медициналық көмексіз шығуға мүмкіндік болса, он бес минутта жетеді. Үшінші санатқа жататын науқастың денсаулығына қатер төнуі мүмкін, бірақ жағдайды медициналық көмексіз реттеуге болады. Оларға жедел жәрдем қызметі 30 минут ішінде келуі керек. Сонымен бірге төртінші санатқа науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп төнбейтін жағдай кіреді. Оған бір сағат уақыт беріліп, емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелеріне жүгіне алады. Мұндай бөлімшелер шақыртуды жұмыс күндері тәулік бойы қабылдайды. Соңғы жылдары жедел жәрдем стансасын соңғы үлгідегі санитарлы автокөлікпен жабдықтау бағытында біршама жұмыс атқарылды. Былтырдың өзінде орталыққа 40 реанимобиль автокөлігі алынды. Олар заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Соның нәтижесінде қазір халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсетіп отырмыз, – деді Ғалия Нүрсейтова.

Елімізде 2016 жылы Қызылорда мен Павлодар облыстарында жедел жәрдем қызметі бойынша пилоттық жоба енгізілген. Осылайша бұл сала облыстық мәртебеге ие болып отыр. Аталған жобаның негізгі мақсаты – облыс аумағында тұратын халыққа және «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойындағы жолаушыларға дер кезінде жедел көмек көрсетуді жақсарту. Бүгінде аймақтың кез келген нүктесінде тұрып 103-ке телефон соға аласыз. Қоңырау бірден Сall- орталығына келіп түседі. Сондай-ақ қазір 103 бырыңғай оперативті бөлімі мен 112 – бырыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі халыққа бірге қызмет көрсетеді.

Бүгінде халық «Бірінші байлық – денаулық» екенін ұғынды. Өйткені адам үшін ең қымбаты – басының амандығы мен денінің саулығы екенін дәл осы уақыт дәлелдеп тұрғандай. Сондықтан болар денсаулығы сыр берсе болды жедел жәрдемнің көмегіне жүгінеді. Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай әлемді жайлаған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүр. Оның ішінде күн-түн демей, қас пен көздің  арасында ұшып  жүретін 103-тің мамандарын ерекше айтуға болады.

Дабылы қосылған жедел жәрдем көлігі жаныңнан желдей ұшқанда, «Кімнің  жағдайы нашарлап қалды екен, аман болсын» деген сөз ауызға түспесе де еріксіз ойға келеді. Тіпті ағайын-туысты түгендеп, кәдімгідей алаңдап қаласың. Бізге өз қызметіміз ұнайды. Десе де, ақ халат киіп, дәрігер болу мектептегі баланың арманы ғой. Бір кездері бізде медицина қызметкері болуды қиялдадық. Бүгін міне, араға қанша уақыт салып, ақ халат киіп, балалық арман орындалып, өзімізді дәрігер сезінудеміз. Қарап отырмай, шақырту күтіп отырған  фельдшерді әңгімеге тарттық.

– Осы салада 33 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл уақыт аралығында қаншама шақыртулар мен жедел түрде көмек көрсететін түрлі жағдайға тап келдік. Өмір мен өлімнің арасында жатқан қаншама адамға алғашқы көмек көрсеттік. Біздің жұмыс физикалық жағынан да, рухани жағынан да қиын. Күн-түн демей кезекшілікке шығамыз, үзіліссіз жұмыс істеп, кез келген жерге барамыз. Тіпті ауа райының қолайсыздығына қарамай жүре береміз. Науқасты құтқарып қалсаң, соған көмегің тисе, көңілің көтеріліп, шаршағаның басылып, жүрегіңді қуаныш кернейді. Ал кейде қанша тырыссаң да науқасқа көмектесе алмайтын кезің болады. Бұндай кезде  жабырқап қаласың, – деді Гүлсара Шүйтенова.

 Осылай әңгімелесіп отырғанымызда телефонға жедел шақырту келіп түсті. Сөйтіп, біздің бір күндік бірлесіп атқаруды көздеген кезекшілгіміз басталып кетті. Қалам-дәптерімізді қолымызға алып, фельдшердің соңынан ердік. Көмек қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауыратын егде тартқан кісіге қажет болды. Діттеген жерге он минутта жеткен жедел жәрдем қызметкерлері науқастың қан қысымын өлшеп, тамырына дәрі егіп жатты. Науқастың аталған дертпен ауырғанына бес жылдың көлемі болған. Ол кісіге сол уақытта қан қысымын қалыпқа келтіретін дәрі берілді. Баста жаны қысылып, мазасызданып, дәрігер көмегіне жүгініп отырған кісіні көзбен көргесін одан жағдайын сұрауға ынғайсыздандық. Алдымен өзіміздің қай жақтан келіп тұрғынымызды айтып, таныстырдық. Осылайша жедел жәрдем қызметіне қандай баға беретінін сұрадық.

Әрдайым уақытылы келіп, көмек көрсететінін ақ халаттыларға алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді. Алайда, аты-жөнін газет бетінен оқығысы келмеді-ау. Бізге өзінің есімін жазбауға өтінді. Әрине мұндай жағдайда кімнің газетке шыққысы келеді дейсің. Бізде түсіністік танытып, деніне саулық тілеп, шығып кеттік. 

Мұндағы жұмыстың қарбаластығы сонша, бригада қызметкерлерінің түскі ас ішуге де уақыты жоқ. Соған қарамастан тұрғындардан түсетін шағым да жетерлік. Оған себеп көп. Оның ішінде аймақтағы атауы жоқ көшелер мен реттік нөмірі дұрыс емес үйлерді іздеумен  уақыт өтіп кешігіп барады. Осы мәселе қиындық тудыруда. Алайда, қазір жедел жәрдем көлігінің барлығына автоматтандырылған «КӨМЕК» жүйесі қондырылған. Оның тиімділігі соншалық көліктер бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы анықтап, сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Осылайша уақыт үнемдейді әрі артық шығын болмайды. Мамандардың айтуынша, шақыртудың басым көпшілігі қан қысымына қатысты. Сондай-ақ, облыс көлемінде жол көлік оқиғасының көп орын алып жатқанын да баса айтты. Тіпті бір күнде бірнеше қайта шақыртулар да көп кездеседі екен.

Бүгінде шалғайда орналасқан елді мекендерден түскен 1-3 санатты шақыруларға дер кезінде көмек көрсетуде. Қазір облыс бойынша 9 тіректі бекет жұмыс істейді. Егер, шақырту түскен жер ауылдан қашықта болса, онда қоңырау ең жақын ауылдың дәрігері мен фельдшеріне бағытталады.

Бір сәт өзімізді жедел жәрдем қызметкері ретінде сезініп, олармен етене араласа келе абзал жандардың халыққа қызмет көрсетуі мен ұшырасқан қиындықтарын, жұмыстарының өте ауыр екенін жүрекпен сезіндік. Өкінішке орай әлемді жайлаған пандемия індеті бұл сала қызметкерлерін де айналып өтпеді. Мәселен, былтыр кеудесін отқа тосқандай, аурудың қақ ортасында жүрген ақ халаттылардың арасынан коронавируспен 65 қызметкер ауырды. Сондай-ақ аталған дерттің салдарынан үш қызметкер өмірден өтті. Бүгінде дәрігерлер адам өмірін сақтап қалу үшін өз өмірлерін тәуекелге тігіп күн-түн демей жұмыс істеуде.  

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: