Бейсенбі, 09 мамыр, 12:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Несие пайызы төмендей ме?

03.02.2024

196 0

Сурет: qamshy.kz

Халықтың банктерге қарызы, шектен тыс несие тақырыбы әлі де өзекті. Бүгінде несие пайызын төмендету жайы талқылануда. Мәжіліс депутаттары жылдық пайыздық мөлшерлемені 56-дан 44 пайызға дейін төмендетуді ұсынуда. Бұл ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қолдап отыр.  Қалай болғанда да несиесіз тршілігі бітпейтін халық үшін несие пайызының төмендеуі тиімді жолдың бірі болмақ.

 Сарапшылар базалық мөлшерлеменің өзгеруіне және ол арқылы 2024 жылы кредиттер мен депозиттердің банктік мөлшерлемелеріне қандай факторлар әсер ететінін айтты.

Экономист Марат Қайырле­нов­тің «Tengrinews.kz» ақпараттық агенттігіне жарияланған пікіріне сүйенсек, қазір Ұлттық банктің 2024 жылғы базалық мөлшерлемесін өзгертудің екі негізгі сценарийі бар. Бірінші, оң сценарий бойынша жыл соңына қарай мөлшерлеме 12-13 пайызға дейін төмендейді. Алайда сарапшы атап өткендей, теріс нұсқаны да жоққа шығаруға болмайды, онда мөлшерлеме тө­мендей бастағанда, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен инфляцияның өсуіне байланысты белгілі бір уақытта 15-16 пайызға дейін өсе бастайды. Ал қаржы маманы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, базалық мөлшерлемеге Қазақстанның экономикалық бел­сенділігі, көтерме және бөлшек сауданың қалай қалыптасатыны, өндірістің өсу қарқыны әсер етеді. Сыртқы факторлардың ішін­де доллардың жаһандық баға­мы, сондай-ақ әлемдегі саяси тұрақ­тылық үлкен маңызға ие. Сарапшы атап өткендей, егер жылдық инфляция 8 пайыз деңгейінде қалса және айтарлықтай өспесе, оң сценариймен мөлшерлеме 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Ол үшін елімізде бюджеттік тұрақ­тылықты сақтау, Ұлттық қордан трансферттерді ең төменгі мәнге қысқарту қажет. Сонымен қатар оң сценарий үшін мұнай бағасы және Каспий консорциумы бойынша тұрақты жұмыс сақталуы маңызды.

Жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,25 пайыз­ға дейін төмендетті. Бұл 2023 жылдың тамызынан бастап базалық мөлшерлеменің бесінші рет төмендеуі. Жарты жыл бұрын инфляцияның өсуі аясында ол 16,75 пайызды құрады. Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде өзге елдердегі несие пайызы туралы мәлімет жарияланды. Мәселен, еуропадағы тұтынушылық несиелер шамамен жылына 7-10% құрайды. Пайыздық мөлшерлемелер әртүрлі, ең төмен­гісі Ұлыбританияда 2% құрайды. Бірақ жоғары пайызбен несие беретін банктер де бар. Мысалы, кейбіреулер жылдық мөлшерлемесі 5,5% болатын несие немесе ипотека ұсынады. Ең қолайлы пайыздық мөлшерлеме Кипрде, онда – 5%. Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш Болгарияда – 11%. Несие беру көлемі бойынша Швейцария көш бастап тұр. Бұл елде 400 мың еуроға дейін алуға болады. Яғни теңгемен есептегенде 201 миллион теңгеден асады екен.

Несие пайызын төмендету мәсе­лесін көтерген мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай жалпы несие пайызын ғана емес, қарапайым халыққа баспана алу оңай болуы үшін тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын өзгертуді ұсынған.

– Бір қарағанда, мемлекет ипотеканы төмендетілген пайызбен алуға, содан кейін пәтер сатып алу құқығын алуға жағдай жасап жатқан сияқты. Алайда адамдар кезекте тұрғанына қарамастан, баспанаға қол жеткізе алмай жүр­гендер қатары жеткілікті, өйт­кені мемлекеттік тұрғын үй бағ­дарламаларының шарттары оңай емес. Жылдар бойы кезекте тұрған, бірақ баспана ала алмайтындар қатары көп. Айына небәрі 85-100 мың теңге алатын адамдар ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін бас­тапқы жарнаны да жинай алмайды.  Бастапқы жарнаның 20-30 пайыз болуы өте жоғары, – деді ол. Халық қалаулысы халыққа ипотекалық несиені 2 пайызбен, бастапқы жар­насыз беру керек дегенді айтады.

Орайы келгенде экономист Мақсат Халыққа хабар­ласқан едік. Экономист жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 56 пайыз болғандықтан несие беруші банк несие пайызын 50 пайызға дейін өсіруге құқы бар екенін айтты

– Бұл мәселені мен де жиі қоз­ғап жүрмін. Жылдық пайыздық мөлшерлеменің 56 пайыз болуы өте жоғары. Мұны 30 пайызға дейін түсіру керек. Қаржыгерлер қауымдастығы ең болмаса 44 пайыз­ға дейін түсіру туралы ұсыныс айтты. Меніңше, мұны бірте-бірте түсірсек те, жоғары пайызды  тө­мендетуге қадам жасаудың жолы деп есептеймін. Мәселен, бір адам 1 млн теңге несиені 3 жылға алса, ол 50 пайызбен несиемен 1 млн-ның үстіне 1,5 млн теңге қосып қайтарады. Сонда ауыртпалық өте жоғары. Қазір азаматтар қа­рыздың қамытына байланып отырғаны  шындық. Сондықтан пайызды барынша төмендету керек. Ал екінші жағы бар, ол – базалық пайыздық мөлшерлеме. Оны Ұлттық банк бекітіп отырады. Базалық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болған сайын пайыздар да өседі. Өйткені банктер өздерінің пайдасын базалық мөлшерлеменің үстіне қояды. Мысалы, екінші дең­гейлі банк Ұлттық банктен ақшаны 15 пайызбен (базалық мөлшерлеме 15,25 пайыз) алса, олар халыққа несиені бұдан төмен пайызбен бермейді. Керісінше, өздерінің шы­ғындарын қосып, халыққа жоғары пайызбен несие береді.  Сондықтан базалық мөлшерлеменің деңгейі де бірте-бірте түсуі керек. Сонда ипотекалық несие, автонесие, бар­лығының пайызы төмендейді, – дейді экономист.

Халықты қарыз қамытынан шығару үшін жылдық тиімді мөл­шерлемені 42 пайызға дейін төмендету бүгін қызу талқылануда. Нәтижесі алдағы уақыт еншісінде.

Гүлмира Ділдәбекова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: