Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өнердің арда азаматы

19.06.2021

1582 0

Қасиетті Сыр топырағы жыраулар мен күміс көмей әншілерге кенде емес. Олар атадан балаға мұра болып келе жатқан жыр-термені кейінгі ұрпаққа табыстай білді. Бабадан қалған қасиетті өнерді дәріптеп, Сыр сүлейлерінің шығармалары мен өсиет-термелерін бүгінге жеткізді.

 «Аралдың табанынаи су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп жырлаған Бекұзақ Тәңірбергенов есімі өңір жұртшылығына етене таныс. Осы екі ауыз жалынды жыры бүкіл тыңдаушы көрерменді тебірентіп, жүрегін елжіретті. Қазір бұл жыр Арал халқының ұранына айналды десек те болады.

Бекұзақ Жақсанұлының туған жері – Арал топырағы. Сондағы Шижаға ауылдық  кеңесінде малшы-шопан әрі өнерлі отбасында дүниеге келген. Бұл аймақтың басқа жерге қарағанда ұқсамайтын өзіндік сыры бар. Басқасын айтпағанда, осы өңірде көнекөз орындаушы, жырау-термешілер көп. Олардың бір ерекшелігі, мақамдары әртүрлі. Тіпті орындау шеберліктері де бір-біріне ұқсамайды. Ұрпақтан ұрпаққа дарыған текті өнердің құдіреті Бекұзақ ақынды да айналып өтпепті. Әкесі Жақсан жыраулық өнерді бұрыннан ұстанып, халық арасында жыр айтып жүрген. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өнер  Бекұзаққа да дарыса керек. «Бала естігенін емес, көзбен көргенін істейді» демекші жастайынан әкесінен домбыра тартып, ән-жыр айтуды үйреніп өсті. Есейе келе өзі өлең шығарып, мектеп, ауыл сахналарында өнер көрсете бастады. Аудандық қөркем өнерпаздар байқауына қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Көп ұзамай аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрып, сан қырлы өнерпаз екенін танытты.

Кейіпкеріміз ақындығымен қатар  сазгер, әнші, домбырашы, термеші, әрі тамаша актер бола білген жан. «Жігітке жеті өнер де аз» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Бір бойынан қаншама талантты байқауға болады. Соның ішінде ол суырып-салма ақындығымен оза шауып, қалың жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, көзайымына айналды. Ол 1987 жылы облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орынға ие болды. 1988 жылы Алматыда өткен республикалық телеайтыста бас жүлдені жеңіп алып, Сыр елінің мәртебесін биіктетті. Ол аудандық мәдениет үйі жанындағы Нұртуған Кенжеғұл атындағы жырау-термешілер мектебінен дәріс алған өнерпаздарға өзінің өнерін үйретіп жүрді. Бір жағынан Қазанғап атындағы халық ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болып, халық әндерін орындады.

 Ол өзінің білімін жан-жақты жетілдіру үшін түрлі ақындардың шығармаларын оқи отырып, айтыс өнеріне бейімделді. Оның қыр-сырын жетік меңгеріп, ақындар айтысында Арал аймағының экологиялық тағдырын, бұқара халықтың әлеуметтік-экономикалық дағдарысын жырлап отырды. Мәселен, оны Сырдария ауданынан Серік Өтеуов пен Арал ауданынан Бекұзақ Тәңірбергеновтің айтысындағы үзіндіден аңғаруға болады.

Серік:

Ал, Бекұзақ, көз жеткендей арманыңа,

Қарайсың, қарандай-ақ жан-жағыңа.

Еліміз экология білесің ғой,

Ауырды деп есітіп ем, қалың қалай?

Құлашымды кеңге мен жайып өтем,

Жырыммен, жүрекпенен байып өтем.

Сұрасам жағдайыңды, Бекұзақжан,

Айтшы өзің соның бәрі айып па екен?

Бекұзақ:

Отырсын әңгімені анық тіліп,       –

Көретін күнімізді жарық білед.

Жағдайды көп сұрап сен не қыласың,

Деп айтам мына отырған халық білед.

Өнерді мен халқыма беріп жүрмін,

Қайда жақсы болса мен еріп жүрмін.

Экология деген әңгімені айтпа маған,

Барлығында мына мен жеңіп жүрмін, – деп жырлайды.

Белгілі жырау Алмас Алматов айтқандай, расымен текті өнер кез келген адамға қонбайды. Оның киесі де, иесі де болады. Жыраулық өнердің де қыр-сыры жетерлік. Ұзақ дастанды әп-сәтте жаттап алу үшін мықты зерде қажет. Осындай текті өнерді бойына дарытқан жеткен жетістіктері де аз емес. Бекұзақтың өнерінің өрлеуіне бабасы Нұртуған шайыр, әкесі Жақсан жыршы, ұстазы – айтыстың ақтаңгері Әбілхан Махановтың шығармашылық ықпалы зор.

«Ніл дариядан таппаған жауһарды Сырдариядан табасың» дегендей, Сыр топырағы – қазақтың ақберенін айқасқа кезеген баһадүр батырлармен бірге, алаш абыройын жырмен әлемге асқақтатқан шайыр-жыршылардың, сүлей, ақындардың мекені. Елімізде жырдың қадір-қасиетін түсінетін жандар барда сүлейлер мұрасының ұмытылуы әсте мүмкін емес. Дегенмен, отты жыр ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болары анық.

Артына өшпес із қалдырған өнер иесі жан-жары Жаңагүлмен екі қыз, бір ұлды тәрбиел, жеткізді. Әсіресе ұлы Ұлықбектен үлкен үміт күтті. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» дегендей Ұлықбек нағыз атаға тартып туған ұл болды. Әкенің қанымен дарыған өнері жалғасын тапты, арман-тілегі орындалды. Ол бүгінде жас ақындардың аудандық, облыстық, республикалық мүшәйрасында жүлделі орындардан көрініп, поэзия әлеміне өз есімін қалыптастырып үлгерді. Қазіргі кезде қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі қызметінде жүр. Отбасында жары Әйгерім екеуі бір қыз, бір ұл ды тәрбиелеп отыр.

Өнердің арда тұлғасы елімізге белгілі айтыс, жазба ақын, жазушылар Махамбетқали Тұрсанов, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов, Лена Әбдіхалықова, Асқар Кіребаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов, Айжарық Сәдібековпен тағы да басқа өнер адамдарымен етене араласып,  жақсы қарым-қатынаста болды.

– Бекұзақ туралы еске алсам, оның мына бір қимас қылығы көз алдыма келіп тұра қалады. Шамасы 2001 жылдың күз айы болуы керек. Бір күні кеште Бекұзақ үйге келіп мені құшақтап: «Аға, мен шаршаңқырап жүрмін. Бүгін бір өзіңмен еркін әңгімелесіп, сырласып, әніңді, күйіңді тыңдайын, сосын қасыңа өзіңді құшақтап жатып қонып шығайын деп келдім, рұқсат болса», – деп қиылып тұр. Мен ұшып тұрып тебірене: Оу, айналайын, сұңқарым! Рұқсат сұрағаны несі, ағаңның үйі – өз үйің, өлең-төсегің емес пе? Кел, кел! – деп құшақтап төрге шығардым. Базекең де дереу дастархан жайып, қазанға ет салып, қонақжайлығын жасады. Дәмді астан соң екеуміз бір оңаша бөлмеде еркін отырып сыр-сұхбатымызды бастадық. Бекұзақ көбіне өзі сөйлеп, өзі бастап отырды. Сондағы оның көп айтқаны – киелі өнердегі әттеген-айлар, бұралаңы көп өмір, ондағы шынайы және күндікшіл достар туралы толғаныстар болды. Осы оқиға еске түскенде «Қайран, Бекұзағым, өрелі өміріңнің қысқа екенін, мына фәни дүниеден мәңгі-бақи дүниеге аттанар сапарыңның жақын қалғанын сезіп бой жазып жүрген екенсің ғой» – деп толғанамын. Әсіресе Бекұзақтың жан-жақты өнері мен оның адам танитын ақжайлау бауырмалдығы баурап алып, жақын сыйлас-достықта аға-іні болып кеттік. Әттең әлі де талай сын кезеңде бәйгеде суырылып алға шығар азамат еді. Алланың жазуына не шара. Білдірмей жабысқан ауыр сырқаттан 2002 жылы 44 жасында өмірден өтті. «Қош, жарық дүние!» – деп, қия алмай артына қарап қалдық. Қайран, Бекұзағым-ай, – деп күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықов қиматыстықпен еске алды.

Бүгінде Бекұзақ  Жақсанұлын үлгі тұтып, өнеріне еліктеген шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде жүр. Олар Бекұзақ деген есімді елге таратып, жырын айтып, өнерін насихаттауда. Демек, өнер иесінің жыры уақыт өткен сайын жаңғырып, жадымызда түлей бермек.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

Ұлықбектің әкеге толғауы

ӘКЕМЕ… 

Жүйрік ең нағыз көрсетпей кетер шаңын да,

Жиналды адал, аяулы достар жаныңда.

Осынау жырды арнадым, әке, өзіңе,

Сары ала күздің нұр жауып түрған таңында.

Ак жаңбырдайын түйдектеп сөзім түйілсін,

Алдымда талай кездесер әлі қиын сын.

Мұқалтпай өтем өзіңнен қалған қаламды,

Телегей теңіз шабытың маған бұйырсын.

Ішіңде кетті сырларың барлық ымдасқан,

Сырласың жұлдыз, мұңдасың болып түнгі аспан.

Кезінде, әке, жырыңмен бүкіл әніңді,

Қамкөңіл халқың ұйып бір мүлгіп тыңдасқан.

Бұл күнде сенің орныңды мендей ұл басқан,

Үзіліп қалған жалғанар сендік жыр-дастан.

Әкенің сырын серт ұстар ұлдың қолына,

Оралды қайтып ақсұңқар жырың қырды асқан.

Әке, мен сенің өмірлік мұраң — ұлыңмын,

Көңілден өшті қайғыға толы құлын күн.

Өмірді үлкен аламан бәйге деп жүрміз,

Ендеше менің келмейді ешбір сүрінгім.

Жырыма қуат көк аспан менен арай күн,

Мұқатпақ болған қайғыға күліп қараймын.

Өрт алау сенің нұр төккен күндей жырыңның,

Ешқашан сөнбес шуағы болып тараймын.

Ертеңгі күнім белгісіз, алда жол сағым,

Дамылдамаймын, келмейді талып, шаршағым.

Сақталған сырдың көбесін сөгіп, сол сырдан,

Бақ қонған жырдың маржан қып тізем моншағын.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: