Жасанды интеллект елдердің экономикалық қуатын, білім беру жүйесін, мемлекеттік басқару Сапасын және бизнесті дамыту бағытын анықтайтын стратегиялық күшке айналады. Әлемдік деңгейде АИ үшін бәсекелестіктің күшеюіне қарай Қазақстан да өз мүмкіндіктерін жаңа қырынан көрсетуге ұмтылады. Елдегі IT-экожүйенің серпінді дамуы, стартаптардың халықаралық нарыққа шығуы, жас мамандардың жасанды интеллект саласына көшуі осы бағыттағы үлкен өзгерістердің басталғанын көрсетеді. Бұл ретте Қазақстандағы технологиялық бастамалардың маңызды орталықтарының бірі «Astana Hub» дербес кластерлік қоры болып табылады. Бүгінде мұнда стартаптарды қолдау бойынша ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект өнімдерін дамыту, отандық АИ шешімдерін қалыптастыру, тілдік модельдерді жетілдіру, таланттарды дайындау және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін беру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жасанды интеллект өнімдерінің кеңсесін құру, атап айтқанда, елдегі жасанды интеллектті жеке жобалар деңгейінде емес, біртұтас экожүйе ретінде дамытудың маңызды қадамы болып табылады. Осы өзекті тақырыптарда «Astana Hub» дербес кластерлік қорының AИ өнімдері кеңсесінің директоры Алдамжар Киікбаевпен әңгімелесуге мүмкіндік туды.
– Бүгінде Astana Hub базасында AI өнімдері кеңсесі белсенді жұмыс істеп жатыр. Кеңсенің негізгі миссиясы қандай?
– ЖИ өнімдер кеңсесінің негізгі мақсаты «Astana Hub» дербес кластерлік қорының ішкі трансформациясы, оның құрылымдық бөлімшелерінің бизнес-процестерін оңтайландыру және AlemPlus платформасында AI-шешімдерді құруға арналған құралдарды әзірлеу.
– Бүгінде Astana Hub экожүйесінде 200-ден астам ЖИ жобасы бар. Олардың ішінен нақты өнім шығарып, халықаралық деңгейге танылған жобаларды атап өтсеңіз?
– Astana Hub экожүйесінде халықаралық нарыққа шығып жатқан ЖИ-жобалар бар. Бірақ мен оларды ресми рейтинг ретінде емес, экожүйенің әлеуетін көрсететін үш нақты мысал ретінде атар едім. Біріншісі – Higgsfield AI. Бұл генеративті видео жасауға арналған AI-платформа. Өнім мәтіннен немесе суреттен видео жасап, камера қозғалысы, ракурс және визуалды стильді басқаруға мүмкіндік береді. «Higgsfield» Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем бойынша «unicorn» деңгейіндегі стартап ретінде аталып отыр. Екіншісі – Nace.AI. Бұл корпоративтік аудит, compliance және қаржылық бақылау саласына арналған AI-агенттер жасап жатқан жоба. Олардың шешімі үлкен көлемдегі құжаттар мен транзакцияларды талдап, тәуекелдерді анықтауға және есептілікті автоматтандыруға бағытталған. Nace.AI өзінің алғашқы өнімін «audit» және «compliance» бағытына арнағанын ашық көрсетеді. Үшіншісі – zypl.ai. Бұл қаржы секторына арналған «AI agents» және синтетикалық деректер технологияларын дамытып жатқан стартап. Компания банктер мен қаржы ұйымдарына кредиттік тәуекелді бағалау және шешім қабылдау сапасын арттыруға көмектеседі. Бұл жобалар Қазақстандағы ЖИ экожүйесінің әртүрлі бағытта дамып жатқанын көрсетеді. Higgsfield – ЖИ видео, Nace.AI – комплаенс және аудит, zypl.ai – қаржы секторындағы ЖИ. Ең маңыздысы, бұлар тек идея деңгейіндегі жобалар емес, нақты өнім жасап, халықаралық нарыққа шығуға талпынып жатқан командалар.
– ЖИ дамыту үшін үлкен деректер мен есептеу қуаты (GPU) қажет. Отандық стартаптарға бұл бағытта қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Жасанды интеллект стартаптары үшін деректер мен есептеу инфрақұрылымы – ең маңызды факторлардың бірі. Осы бағытта Astana Hub стартаптарға инфрақұрылымды нөлден құрмай-ақ, тез прототип жасап, өнімді тестілеуге мүмкіндік беретін AlemPlus платформасын ұсынып отыр. AlemPlus – AI өнімдерін жасауға арналған дайын технологиялық орта. Платформада қазақ тіліне бейімделген тілдік модельдер, AI-агенттер құру құралдары, дерекқорлар және автоматтандыру мүмкіндіктері Low-code / No-code форматында тиімді. Яғни стартаптар үлкен техникалық командасыз-ақ өз идеясын тез MVP деңгейіне жеткізе алады. Стартаптар бұл мүмкіндіктерге Astana Hub-тың AI’preneurs, Silkway Accelerator Google for Startups, Startup Garage акселерациялық бағдарламалары арқылы қол жеткізе алады. Қатысу тегін, ал негізгі мақсат – отандық AI–стартаптарға технологиялық инфрақұрылымға, сараптамаға және нарыққа шығуға қолдау көрсету.

– AI-инженерлер қазіргі нарықтағы ең қымбат мамандар. Astana Hub осы таланттарды елде сақтап қалу және жаңа кадрларды даярлау үшін қандай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынады?
– Astana Hub IT – және AI-компаниялар салықтық жеңілдіктер алатын, инфрақұрылымға, серіктестік ресурстарға, бос жұмыс орындарына, стартап-бағдарламаларға және инвестициялық мүмкіндіктерге қол жеткізетін орта жасайды. Жас талантты мамандарды сақтау үшін бұл тікелей маңызды. Компания салық жүктемесінен төмен болған кезде және экожүйеге қол жеткізе алатын болса, ол жалақыға, R&D және инженерлік топтарды дамытуға көбірек инвестиция сала алады. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық мамандарға Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency арқылы елге тәжірибелі IT және ЖИ кәсіпқойларды тарту үшін ашылады. Негізгі мақсат – жаңа кадрларды даярлау. Атап айтқанда, Tomorrow School, Astana Hub ұсынған алғашқы peer-to-peer жасанды интеллект мектебі. Ол практикалық жобалар, командалық оқыту және нақты технологиялық тапсырмалар арқылы ЖИ және бағдарламалауға нөлден бастап үйренуге мүмкіндік береді.
– Шетелдік оқу мен халықаралық ортада жүріп түйгеніңіз көп. Батыс немесе Азия елдерінің ЖИ саласындағы даму моделінен біздің елге ең алдымен нені енгізу қажет деп есептейсіз?
– Шетелдік тәжірибе мен үшін өте маңызды рөл атқарды. Себебі ол маған жасанды интеллектіні тек технология ретінде емес, тұтас экожүйе ретінде қарауға үйретті. Stanford-тағы ЖИ және креативті экономика бағытындағы бағдарлама, сондай-ақ халықаралық технологиялық компаниялармен танысу барысында ЖИ стратегиясы тек модель құрумен шектелмейтінін түсіндім. Ол деректер инфрақұрылымын, таланттарды, өнімдік ойлауды, қауіпсіздікті, бизнес-процестерді және нарыққа шығу мүмкіндігін бірге қамтуы керек. Біз ЖИ-ды жеке-жеке пилоттық жоба ретінде емес, нақты бизнес процестерді оңтайландыратын өнімдік жүйе ретінде дамытуға тырысамыз. Яғни идеядан бастап прототипке, одан кейін нақты қолданылатын өнімге дейін жеткізетін орта қалыптастыру маңызды. Халықаралық тәжірибе маған мықты ЖИ экожүйені технология емес, адам жасайтынын көрсетті. Сондықтан Astana Hub стратегиясында стартаптарды қолдау, ЖИ-инженерлерді дайындау, инфрақұрылымға қол жеткізу және халықаралық нарыққа шығу сияқты бағыттар қатар жүруі керек.
Менің ойымша, бізге Батыс пен Азия тәжірибесін ең тиімді үлгісін бейімдеп енгізу қажет. Батыс елдерінен бізге ең алдымен, AI басқару мәдениетін алу керек. Мысалы, Еуропа ЖИ-ды тәуекел деңгейіне қарай реттеу моделін енгізіп жатыр: төмен тәуекелді шешімдерге еркіндік беріледі, ал медицина, қаржы, еңбек нарығы, мемлекеттік қызмет сияқты сезімтал салаларда қауіпсіздік, ашықтық және жауапкершілік талаптары күшейеді. Бұл инновацияны тоқтатпай, қоғам сенімін сақтауға көмектеседі. Азия елдерінен, әсіресе Сингапурдан, бізге жылдам іске асыру моделін алу маңызды. Сингапур ЖИ стратегиясын тек құжат ретінде емес, нақты секторларға енгізу, кадр дайындау, инфрақұрылым құру және бизнестің ЖИ қолдануын жеделдету құралы ретінде қарастырады. Олардың National AI Strategy 2.0 құжаты ЖИ-ды экономикалық өсім құралы ретінде дамытуға бағытталған. Біз үшін ең дұрыс жол – осы екі тәсілді біріктіру. Батыстың жауапты ЖИ қағидалары және Азияның тәжірибесі, қолдану мәдениеті.
– Қазақ тілді үлкен тілдік модельді жасау барысы қалай жүріп жатыр? Бұл модельдің шетелдік ChatGPT-ден басты айырмашылығы мен инновациялық ерекшелігі неде болмақ?
– Қазақ тілді модельді дамыту қазір ұлттық AI-инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде жүріп жатыр. Бұл бағытта екі маңызды қабат бар: KazLLM және AlemLLM. KazLLM – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі 148 млрд токен негізінде оқытылған отандық үлкен тілдік модель. Ресми дерек бойынша, оның 8 млрд және 70 млрд параметрлік нұсқалары әзірленген, әрі ол болашақта түркітілдес кеңістікке арналған TurkLLM жобасының негізіне айналуы тиіс. Ал AlemLLM бағыты Astana Hub және Alem.ai экожүйесінде практикалық қолдануға жақын инфрақұрылым ретінде дамып жатыр. 2026 жылғы деректер бойынша AlemLLM платформасы әзірлеушілерге нейрожелілерді оқытуға қажет есептеу ресурстарына өтінім арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни бұл тек тілдік модель емес, AI өнімдерін жасауға арналған технологиялық орта ретінде қарастырылып отыр. ChatGPT-ден басты айырмашылығы – мақсатында. ChatGPT – жаһандық қолданушыға арналған әмбебап өнім. Ал біздің модельдер мен платформалардың негізгі мақсаты – қазақ тілін, жергілікті контекстті, мемлекеттік қызметтерді, бизнес–процестерді және отандық стартаптардың қажеттілігін жақсы түсінетін ұлттық AI-қабат қалыптастыру. 2026 жылы бұл бағыт деректермен де толықтырылуда. «Ashyq Data» порталы арқылы 120-дан астам мемлекеттік дерекқордан жиналған 200-ге жуық ашық деректер жиынтығы ұсынылған, оның 73-і алғаш рет жарияланған эксклюзивті деректер. Бұл ЖИ өнімдерін дамыту үшін маңызды.
– Алдағы 5-10 жылда жасанды интеллект ел экономикасын қалай өзгертуі мүмкін? Біз жаһандық бәсекеге дайынбыз ба?
– ЖИ тек технологиялық тренд емес, елдің өнімділігін арттыратын, жаңа нарыққа жол ашатын және қазақстандық компанияларды жаһандық деңгейге шығаратын үлкен мүмкіндік. Ең алдымен, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырады. Қайталанатын процестер автоматтандырылып, адамдар күрделі әрі шығармашылық міндеттерге көбірек уақыт бөле алады. Бұл банк, медицина, білім, логистика, мемлекеттік қызмет, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты көптеген салаға әсер етеді. Екінші үлкен өзгеріс – жаңа ЖИ өнімдер мен стартаптардың пайда болуы. Қазақстанда қазірдің өзінде ЖИ бағытында жұмыс істеп жатқан мықты командалар бар. Егер біз оларға деректерге, есептеу қуатына, акселерацияға, инвестицияға және халықаралық нарыққа шығуға дұрыс мүмкіндік берсек, Қазақстан ЖИ өнімдерін экспорттайтын елге айнала алады. Үшіншіден, ЖИ мемлекеттік және корпоративтік процестерді әлдеқайда жылдам, ыңғайлы және тиімді етуге көмектеседі. Азаматтарға көрсетілетін қызметтер, бизнеске арналған қызмет, құжат айналымы, талдау, шешім қабылдау – мұның бәрі ақылды әрі проактивті форматқа өте алады. Жаһандық бәсекеге келсек, менің ойымша, Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары. Бізде жас таланттар, өсіп келе жатқан стартап-экожүйе, Astana Hub сияқты алаң, ЖИ білім беру бағдарламалары, Alem.ai бағыты, AlemPlus платформасы және ұлттық тілдік модельдерді дамыту бойынша алғашқы нақты қадам бар.
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!