Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Бүгін республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 млрд 851 млн теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілуде. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді. Сондай-ақ шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар жоба аясында өңірде 12 мың 300 орынға 21 жайлы мектеп салу жоспарланса, биыл 10 мектеп салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру арқылы аймағымызда апатты және үш бейінделген мектептің мәселесі толық шешімін табады. Ал, бұл білім ордасының ашылуы аймақ тұрғындарына, балаларымыз бен ұстаздарымызға ерекше қолдау.
Жаңа мектеп салу, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыттың ең маңыздысы. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сеніміміз мол», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ел болашағы өскелең ұрпақтың заманауи үлгідегі жайлы білім алу ордаларында сапалы білім мен саналы тәрбие алу үшін қолайлы жағдай жасап жатқан президентке аймақ жұртшылығы атынан шексіз ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
Бүгінде ұлттық жоба аясында салынған 900 орындық мектеп заманауи үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Яғни атауы айтып тұрғандай, жайлы мектеп оқушылар үшін жайлы болмақ. Себебі, жаңа білім ошағында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар мен зертханалар, шеберханалармен қамтылған. Түрлі тағамдар пісіретін аспаздар сыныбы да бар. Мұнда оқушылардың зейінін ашып, оқуға құлшынысын арттыратындай түрлі мүмкіндіктер жасалған. Тіпті арнайы жеке заттары мен оқулықтарын сақтауға арналған шкафтар орнатылған. Бұл оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа білім ошағының ашылу салтанатында мектептің құрылысын жүргізген мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің жанына қосымша ғимарат салынды. Ал биыл 1850 оқушыға арналған 4 мектептің жанына қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін жаңа 12 мектеп және 4 мектептің жанындағы қосымша құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілмек. Осылайша бюджет қаржысын үнемдеу арқылы орын тапшылығы, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешілді. Сонымен қатар «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» орталығының қаржыландыруымен жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында 100 орынға арналған, Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектептер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек Жаңақорған, Шиелі аудандарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, «СаутсОйл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, шығармашылық-инновациялық орталық, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Аталған мектеп-интернаты екінші тоқсаннан бастап пайдалануға берілмек.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!