Сауысқандық шатқалындағы тасқа қарап отырып, осыдан үш–төрт мың жыл бұрын мұнда тіршілік қайнап жатқанына сену қиын. Алайда мұндағы әрбір тас «сөйлейді»… Әр тастың бетіндегі таңба көне дәуірдің бізге қалдырған «хаттары» сияқты. Қып–қызыл тас бетіндегі ежелгі таңбаларға көзің түскенде көне заманмен тілдескендей әсер береді. Бұл жай ғана тастар емес, тасқа қашалған галерея. Мұндағы жартастар жай ғана табиғат туындысы емес, олар – мыңдаған жылдар бұрынғы адамдардың арман–тілегін, наным–сенімін және күнделікті тіршілігін сақтаған үнсіз куәгерлер.
Бүгінде еліміз материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына енді. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де атқарылар жұмыс көп екені белгілі. Мемлекет басшысы Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф табылғанын, осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды. Сауысқандық петроглифтері – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде. Бүгінгі күні Қызылорда облысына қарасты Қаратаудың солтүстік-батыс бөлігінде 30-дан астам петроглифтердің орны бар. Зерттеуге сүйенсек, Қаратауда Қазақстан бойынша ең ежелгі тас дәуірі, мезолит, энеолит дәуіріне жататын жартас суреттері анықталған.
Б.з.д. 2 мың жылдықтардағы тас қашау мәдениеттінің жартастағы суреттері сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінің көрінісін береді. Сауысқандық петроглифтерінің негізгі мотивтері – антроморфтық кескіндер. Онда бұқа, елік, жылқы, аң-құстар бейнеленген.
Қаратау петроглифтерінің ерекшелігі көшпелі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, діни сенімдері, салт-дәстүрлері кеңінен бейнеленген. Суреттер шынайы, натуралистік стильде орындалып, ежелгі дала тұрғындарының дүниетанымын айқын жеткізеді. Кейбір бейнелердің көлемі 2-4 метрге дейін жетеді, бұл Орталық Азия жартас өнері үшін сирек құбылыс. Әсіресе, соғыс арбалары мен жүк таситын көліктер бейнесі – қола және ерте темір дәуіріндегі технологиялық және мәдени дамудың маңызды дәлелі. Жартастағы арбалар, жануарлар, жауынгерлер мен салт-жоралғылар бейнелері арқылы жойылып кеткен өркениеттердің ізі сақталған. Шатқалға аяқ басқан журналистер әр таңбаға үңіле түсті. «Қараңызшы, мынау кәдімгі жылқыға ұқсайды екен, тіпті жалы мен тұяғына дейін анық қашалған!» десе, енді бірі: «Ал мынау – мүйізді арқар, бейнебір жартастан секіріп түскелі тұрғандай», – деп сонау қола дәуіріндегі адамдардың қалдырған суретіне қайран қалды. Тіпті сонау көне заманда алтыбақан тепкендей әсер қалдыратын суретті де шырамыттық. Дегенмен жөнсіз шимай мен адам есімдерін көріп «Бабалар тасқа тарих жазса, біз сол тарихты таспен ұрып қиратып жатқандаймыз», – деп түйді сапарлас болған қаламгерлер.
«Тасқа жазған өшпейді» дейді халық, алайда тасқа басылған тарихты адам қолымен өшіруде. Бүгін біз әлемдік деңгейдегі бірегей мұрамыздан айырылып қалу алдында тұрмыз. Шиелідегі Сауысқандық петроглифтері – өндірістің дүрсілі мен мәдениетсіздіктің құрбанына айналуда. Мұнда демалуға келгендер тасқа өз атын жазудан жарысқа түскендей.
– «Тасқа қашалған суреттердің 2000-ға жуығы үйінді астында қалса, қалғаны туристер жазып кеткен шимай суреттердің тасасында қалып жатыр» – дейді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі.
Бұл жерді қорғауды ертерек қолға алмасақ алдағы 4-5 жылда қолда бар жазулардан да айырылып қалуымыз мүмкін екен.
– Ескерткішті сақтап қалу үшін ғимарат соғып, күзет қоятындай жағдай жасау керек. Өйткені аудан орталығынан алыс. Ауылдық округ әкіміне де «мына жерді қарауылда» деп айта алаймыз. Сондықтан осы жерге «Сапар орталығы» салынса деген ұсыныс бар. Бұл жерге жарық бағаналары да келіп тұр. Егер туристік орталық ретінде ашылса ақылы қызмет көрсетіп, аудандық бюджетке көмек болар еді, – деді өлкетанушы.
Ерекше ескеткіштерді қорғау, сақтау кезек күттірмейтін мәселеге айналуы керек. Әйтпесе, Сауысқандық секілді петролифтердің сау тамтығы қалмауы мүмкін.
– Келушілерге де инфрақұрылымдық жағдай жасалуы керек. Кіре беріске «тастың бетін қашауға», «қоқыс тастауға болмайды» деген тақтайша қою керек. Дамыған елдердегідей арнайы баспалдақ жасалса. Негізгі петроглифтер 5-6 шақырым арна бойындағы Қаратауда сақталған. Дегенмен келген туристерге бағыттаушы адам болмаған соң қай жерде не бар екенін біле бермейді. Сол тастағы таңбаларға апаратын арнайы белгілер қойылса, туристерді көптеп тартуға үлкен мүмкіндік болар еді, – деді Бекболат Әбутегі.
Сауысқандық 2016 жылдың 24 тамызынан бастап ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген. Алайда бұл нысанды негізгі тізімге қосуға үміткер ретінде ұсынғанымен әлі толық сараптамадан өтіп, ресми бекітілген жоқ. ЮНЕСКО-ға ену үшін нысанның сақталу деңгейі өте жоғары болуы керек. Ал Сауысқандықтың қасында ванадий кен орнының болуы, сондай-ақ өндірістік жұмыстар мәдени мұраның сақталуына қауіп төндіріп тұр.
Қазақстандағы Тамғалы петроглифтерімен салыстырғанда, Қаратау кешені хронологиялық тұрғыдан да, мазмұны жағынан да терең. Сондай-ақ Моңғол Алтайы, Италиядағы Валькамоника, Норвегиядағы Альта, Намибиядағы Твифелфонтейн және Сауд Арабиясындағы Хаиль аймағының жартас өнерімен үндес болғанымен, Қаратау петроглифтері көшпелі өмір салтын бейнелеуімен ерекшеленеді.
Тарихшылар мен ел тарихына жанашыр азаматтар «Сауысқандық шатқалындағы қайталанбас суреттер көзімізше жойылып барады» деп дабыл қағуда. Десе де, осы күні петроглифтердің қорғалу дәрежесі кішкентай тақтамен ғана шектеліп тұр. Ежелгі адамдардың қолтаңбасы қалған тарихи орындарды сақтап, туристік бағытта саяхат жасауға жағдай жасасақ, біріншіден, тарихқа құрмет, екіншіден, ұрпаққа өнеге, үшіншіден, табыс көзіне айналар еді.
Думан КЕҢШІЛІК
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!