Жұма, 11 қазан, 03:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Бақыт бесігін тербеткен

07.09.2024

442 0

Отбасы – ынтымақ пен бірліктің, татулық пен ауызбіршіліктің бақытты мекені. Елге өнеге болып, ұлттық үрдісті ұлықтап, ата салтымызды ардақтап, өнегелі өмір жолы бар отбасыларды ұлықтау мақсатында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Аталған байқауда қызылордалық Жайсанбаевтар әулеті «Берекелі отбасы» номинациясын иеленген болатын. Біз жеңімпаз отбасына барып, қазыналы қарт анамен тілдестік.

Шаңырақтың отағасы ардақты әке Мақаш Жайсаңбаев пен отанасы Күнсұлу Ақпанбетқызынан тараған ұрпақтар бүгінде бір рулы елге айналып, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып жүргендерін мақтанышпен айтуға болады. Көптің алғысына бөленген анамыз Күнсұлу мен әкеміз Мақаш ат басын ұстайтын 4 ұл мен кесте тігер 4 қыз баланы дүниеге әкелген.
Торқалы тоқсанға келген ақ жаулықты әже 70 жылдан астам арғын әулетінің ошағын сөндірмей, бұл күнде балаларының сүйікті анасы, немерелерінің аяулы әжесі, шөберелерінің қолынан су ішіп, шөпшектің қолынан май жалаған қадірменді қария. Абыз әженің жүріп өткен жолы тұтас қоғам үшін де, еліміз үшін де дара жол.
Еңбегімен ел құрметіне бөленген жан 1960-1978 жылдар аралығында Қарауылтөбе күріш тәжірибе шаруашылығында қарапайым лаборант, 1978 – 1982 жылдар аралығында шаруашылықта күрішші болып, еселі еңбек етті. Маңдай терінің өтеуі болар бірнеше дүркін қалалық, облыстық дәрежедегі Құрмет грамотасымен және Ерен еңбегі үшін медалімен, ордендермен марапатталып, ел алғысын алды.
Анамызбен тілдескенімізде отбасының бақыты ынтымақ пен бірлікте екенін айтты.
– Айналайын, отбасын құру үлкен жауапкершілік. Ол Алланың аманаты. Біздің заманымыз қиын кезеңге тап болды. Сонда да жан бағып үйде отырмай, бала-шағаны жеткізу үшін қара жұмысқа араластым. Әйел затына күріш егіп, оны өсіру, ыстық күнде атыз жағалау, оның арасында отбасыңның шаруашылығымен айналысу, бала күтімі оңай ма? Шынығып, шымыр болдық. Еңбек қана адам баласын бақытқа бөлейді. Жалқау болсаң бар игіліктен, құрметтен құр қаласың. Ер азаматымды күттім, қайын жұртыма да сыйлы болдым. Балаларым үмітімді ақтап, әр салада қызмет жасап, еңбегінің жемісін көруде. Мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген әулетімнің жеткен жетістігіне қуанып отырамын. Биыл «Мерейлі отбасы» конкурсында «Берекелі отбасы» деген құрметті атақты иемденіппіз. Аллаға шүкір, жауқазындай жайнаған ұрпақтарымның қызығына тоймай, мерейім тасып, мәртебем өсіп отырады. Ана үшін бұдан артық бақыт бар ма?!, – дейді Күнсұлу әже.
Жайсаңбаевтардың өнегелі шаңырағында тәлім-тәрбие алып, өсіп-өнген ұрпақтары ата-ананың үкілі үмітін ақтап, өз мамандықтары бойынша қажырлы еңбек етіп, елдің дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінде балаларының алды зейнет жасына жетіп, немере сүйіп отыр.
«Бағалай білгенге бақ қонады» дегендей Жайсаңбаевтар отбасы қоғамның маңызды, шешуші салаларында қажырлы еңбек майданын қыздырып, әулеттің абыройын асқақтатып, ата-ана өсиетін адал орындап келеді. Берекелі отбасының өнегелі де, өрелі жолы көпке үлгі. Отбасы бақыты дегеніміз осы болар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: