Бейсенбі, 18 шiлде, 12:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Ғылым таппай мақтанба…

10.07.2024

332 0

Сурет: aptamedia.kz

Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Жаңа заң отандық ғылымды дамытуда қандай мәселелердің тетігін таппақ? Ғалымдар асыға күткен жаңа құжаттың жаңалығы қандай?

Елдің болашағы ғылымның дамуына байланысты екені даусыз. «Ғылым таппай мақтанба» деп ұлы Абай айтып кеткендей, мемлекеттің негізгі жетістігі оның ғылым саласының деңгейіне байланысты.  Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында ғылымды дамыту мемлекеттің негізгі саясатының бірі екенін атап айтқан еді.

– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық кеңесте Ел Президенті ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық префе­ренцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, кәсіпкерлік және бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін отандық ғылымға серпіліс беретін жаңа заң қабылданды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек телеграмм арнасында заңның басты артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат ғылымды дамытуға, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

«Біріншіден, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілді. TRL ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңін қолдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Бұл ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай көпір болып, инновациялық инфрақұрылымдарды қолдауды жүзеге асырады. Үшіншіден, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құра отырып, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нары­ғын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа тетік енгізілді. Төртіншіден, жас ғалымдар жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға құқылы. Бесіншіден, заң ғылымды басқару құрылымын жетілдіреді. Жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми зерттеу жұмыс­тарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзыреттер беру ұсынылады», – деді министр Саясат Нұрбек.

Жаңа заң ғылымның дамуына қандай серпін береді? Осы орайда ғалымдардың пікіріне жүгіндік.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универси­тетінің ректоры, филология ғылымдарының кан­дидаты Бейбіткүл Кәрімова жаңа заң ғалымдар­дың көп жыл бойы армандаған мақсатына жетуіне ықпал ететінін айтады.

– Бұл заң Қазақстанның жоғары оқу орын­дары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалым­дарының өндірістік компаниялардың, бизнес құрылымдарының өкілдерімен, жас ғалымдар­мен және ғылыми-техникалық саясатпен айналы­сатын көптеген тұлғамен тығыз ынтымақтастықта жасалғанын атап өткен жөн.

 Заң мынадай қағидаттарға негізделген:

– ғылым мен өндірістің өзара әрекеттесуінің ашықтығы;

– ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау;

– ғылыми процеске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру;

– ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті экономикалық ынталандыру;

– білім, ғылым, өндіріс және даму инс­титуттарының интеграциясы.

Аталған қағидаттардың негізінде заң мынадай міндеттерді шешуге бағытталған:

– мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру және ғылым мен техника сала­сындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу;

– ғылымның тиімді жұмыс істеуі және ғы­лыми-техникалық саясатты жүзеге асыру;

– іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;

– ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың мәр­тебесін көтеру;

– ғылымның өндіріспен интеграциясы;

– ғылымды кадрлық, материалдық-техника­лық, ғылыми-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету.

Алғаш рет ғылымға қатысты терминдердің анық­тамалары мен онымен байланысты ұғымдар бір заңда берілген.

Бұл заңның қабылдануы Қазақстан ғылымы­ның дамуына жаңа серпін беріп, ғалымдардың көп жылдар бойы армандаған мақсатының орын­далуына жетелейді деп сенемін. Өйткені заң құқықтық олқылықтарды жою, ғылыми кадр­ларды даярлау үшін жағдай жасау, ғалымдарды әлеуметтік қорғау кепілдіктерін іске асыру, корпоративтік басқаруды енгізу және т.б. ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.Заңды әрі қарай күнделікті ғылыми жұмыста қолдансақ, баптары мен қағидаттарына сүйеніп жұмыс істесек ғылым мен өндірістік нағыз интергациясына көзіміз жетеді деген сенімдемін, – дейді Бейбіткүл Кәрімова.

Тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау  бола­тыны, гранттық қаржыландыру бойынша са­лықтық жеңілдіктер енгізілетіні отандық ғы­лымның дамуына серпін беретінін атап айтты.

– Бүгінде әлемнің дамыған мемлекеттері ғылымды бәсекеге қабілетті қоғам құрудың іргетасы деп есептейді. Ендеше, жаңадан қабылданған «Ғылым және технологиялық сая­сат туралы» заң отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді. Бұл заңның негізгі мақсаты да отандық ғылымды дамыту және елдің бәсе­кеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру болып табы­лады. Заң күшіне енген соң елімізде ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіріледі, сол сияқты заңда Ұлттық Ғылым академиясының жаңа мәртебесі айқындалды.

Ғылымның ілгерілеуі ғалымдардың еңбек­те­рімен және олардың жаңалықтарының құнды­лығымен анықталады. Жаңа заңдағы көптен күткен басты жаңалық бойынша енді ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау жүзеге асатын болды. Әсіресе ғылыми дәрежесі, атағы бар қызметкерлердің ғылыми қызметін ынталандыру үшін оларға ай сайынғы қосымша ақы белгіленетін болды. Сонымен қатар университеттерде жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға да шығармашылық демалыс берудің жаңа шарттары белгіленді, гранттық қаржыландыру бойынша салықтық жеңілдіктер қолданысқа енгізілетін болды. Қорыта айтқанда, бұл заң биліктің білім мен ғылымға нақты бетбұрысын көрсетті және елдегі білім және ғылымды қажет ететін технологиялардың дамуына жаңа серпін береді деген сенім мол.

 Ал «Болашақ» университетінің «Білім беру және педогогика» жоғары мектебінің деканы, заңтану магистрі Дәуренбек Серкебаев осы заңның қабылдануы негізінде бірқатар нормативтік-құ­қықтық актілерге өзгерістер енгізілгенін атап айтты.

– Заңның негізгі мақсаты ғылымды дамыту және елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыру, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті салааралық үй­лестіру болып саналады. Заң жобасы құқықтық олқылықтарды жою, ғылыми кадрларды даяр­лауда жағдай жасау, ғылыми қызметкердің әлеуметтік қорғау кепілдіктерін іске асыру, корпоративтік басқаруды енгізу арқылы ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Ғылымның дамуы үшін, ғалымдарымыздың тиімді жұмыс істеуі үшін бұл заң керек. Осы заңның қабылдануы арқасында көптеген нормативтік-құқықтық актілерге де өзгертулер мен толық­тырулар енгізілді.

Мысалы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу тәртібі жеңілдетілді. Тауар, қызмет, жұмысты сатып алудағы көптеген қолбайлауды алып тастаған осы өзгерісті ғалымдар қауымы қуана қабылдады. Жаңа нормаларға негізделген сатып алу тәртібі бұдан былай ғылыми жобаларды  уақытылы әрі сапалы және толықтай орындауға жол ашып тұр. Бұл заңның қабылдануы отандық ғылымының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз, – дейді ол.

Отандық ғылымның дамуын мақсат еткен, ғалымдарға әлеуметтік қолдау жасайтын жаңа құжат отандық ғылымға жаңаша серпін бермек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: