Замана ауысып, әлеуметтік-саяси құндылықтардың парқы өзгергенімен, жалпы адамзатқа ежелден ортақ мұрат – ұлтқа қызмет ету, оның рухани әлемін кеңейту, осы бай қазынаны келер ұрпаққа мирас ету сияқты қастерлі ұғымдар жасай бермек.
Ұлттық әдебиет пен руханияттың қайнар көзінде жүрген, саналы ғұмырында сөз өнерін қастерлеумен келе жатқан тұлға, жастарға бағыт-бағдар беруші ұстаз, профессор, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлы ағамыз мерейлі 70 жасқа да келіп қалыпты. Ағамыздың асқаралы алпысын кеше ғана тойлаған сияқты едік. Бәкеңнің тұлғалық болмысы, қайраткерлік қырлары мен ғалымдық биігі туралы сол тұста (Ұлт руханиятының қайраткері //Сыр бойы.–2016. –3 наурыз) және былтыр (Ғазиз жүректің ұлағаты// Сыр бойы. –2025. – 3 мамыр) мақалаларым шыққан болатын.
Зымыраған уақыт. Өткен он жылдың ішінде ағамыз үшін қуанышты да, сындарлы сәттер аз болмады. Өзіне ғана тән парасаттылықпен табысты сәттерді байыппен, сынақты сабырмен қабылдады. Адамның жүрегі де, миы да – көпке көріне бермейтін әсерлердің барометрі десек, ағамыздың кейінгі жылдары бірнеше күрделі ота жасатқанын айтпай кете алмаймын. Бірақ осынау қиындыққа мойымай, рухының мықтылығын көрсетіп келеді. Қайсар жүрегі төзімділік пен өршілдіктің үлгісіндей болған ол қолынан қаламы түспей, 4 кітап («Ғазиз жүрек», «Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» және «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы») жазып, жарыққа шығарды. Ізденіс пен зерттеуді ғұмырына серік еткендіктен өз шығармалары мен ғылыми еңбектерінде қазақ әдебиетінің қоржынына молынан олжа салып, ұлттық дүниетаным, тіл мен діл байлығын, тарихи құндылықтарымызды дәріптеуде. Туған жерінің мерейін асырып, мәртебесін төрге жеткізу жолында жанкештілікпен тер төгіп келе жатқан Бағдат Кәрібозұлы ағамыздың тұлғасы – буырқанған перзенттік жігердің, жаны ізгі жасампаздықтың символындай. Оның еңбектері – уақыт сынынан өткен, мәңгілік құндылықтарға толы қазына, халықтың тарихи жадын кейінгі буынға жеткізетін өнегелі мұра.
«Менің өмірімдегі кездестірген кейбір адамдардың бойындағы ізгі қасиеттердің табиғилығы соншалық, олары сырт көзге тіпті білінбейді. Олар өз борыштарын атқарғанда ешқандай қиналысы байқалмайды. Бәрін өз ықтиярымен атқарады, өздерінің сондай бірегей қасиеттерін айтып мақтан етпейді, тіптен сол қасиеттерін өздері байқамайды». Бұл – француз ойшылы Ш.Монтескьенің сөзі. Ендеше, бүгінде арамызда жүрген, барлық болмыс-ерекшелігімен, қабілет-қарымымен, ой-өрнегімен, мінез-машығымен жан-жүйемізді баураған Бәкеңнің саналы ғұмыры осы Ш.Монтескьенің сөзіне толық жауап бергендей.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімін басқаратын менің Бәкеңмен тығыз араласуым 2008 жылы көктемде оның Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, яғни тікелей басшым болып тағайындалған кезінен басталды. Кейін (2009-2020 жж.) «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Бірге қызмет атқарған кезеңде шығармашылығыма бағыт-бағдар беріп, ақыл-ойымен және ішкі мәдениетімен тұлға әрі қаламгер ретінде қалыптасуыма елеулі ықпал етіп қана қойған жоқ, дұрыс жолды көрсетіп, парасаты әрі болмысымен ізгілікке жетелейтін рухани ағама айналды. Қазіргі күні қаламгерлер қауымы қатарында бір терінің пұшпағын илеудеміз.
Бәкеңе мақтану, өзінің мүддесін қоғамнан жоғары қою – жат қасиет. Біреудің қуанышына ортақтасып, қиындық көргенге қол ұшын созу – оның шынайы табиғаты.Бірақ сол көмекті ешқашан алға тартпайды. Жүрекке жеткендей жанашырлығы көзге ұрмайды. Нағыз адамгершіліктің мектебі осындай болса керек. Біле-білгенге «рухани аға» ұғымы қандас туыстықтан әлдеқайда тереңірек. Өмір жолымда осындай тұлғаның кездесуі – тағдырдың сыйы.
Махаббат – өмірдің мәні, бақыттың бастауы және пәнидегі ең басты сезім. Ендеше, махаббатпен өрілген ғұмыр ешқашан зая кетпейді, ол адамның артында өшпес із қалдырады. Шын сүйген әрі арманшыл жан өзінің ғана емес, өзгенің де бақыты үшін әрекет етеді. Мұның бәрі Бәкеңнің махаббат-ғұмырына қаратып айтылғандай. Ойымды тарқатуды есімде өшпестей қалған мына оқиғамен бастауды жөн көрдім. ҚР Ұлттық кітапханасында 2010 жылғы 10 желтоқсанда өтетін «Қазақтың ұлы қолбасшылары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырту алып, Алматы қаласына теміржолмен іссапарға аттандық. Купеде екеуміз ғана. Барғанша (бір тәулік ішінде) көп тақырыптың басын шалдық. Сөздің майын тамызатын Бәкеңнің негізгі әңгімесі құдай қосқан қосағы Салтанат жеңгей туралы болды. Бірінші рет қалай көргенінен бастап, бүгінге тыныс-тіршілігіне дейін үлкен құрметпен, ризашылықпен айтып берді. Әрбір сөзінен жан жарына деген әлі ескірмеген махаббаттың, лаулаған сезімнің лебі есіп тұрды десем, артық айтқандығым емес. Конференцияға қатысып, ертеңіне елге бет түзедік. Купеде тағы да екеуміз. Негізгі тақырып өзгеріссіз – Салтанат жеңгей. Бәкең жол жүргенде жеңгейдің тамағынан басқаны жемейді екен. Ол тамағы барар жолда-ақ таусылған-тын. Сөйтіп Бәкең қайтар жолда мүлдем нәр татпайды. Көңілі көзі тала күтіп отырған өмірлік серігіне деген іңкәрлыққа тояттаған болар, бәлкім?!.
Үйіне барғанда аға-жеңгеміздің бір-біріне деген қамқор көзқарасы, үнсіз түсіністігі, ішкі жылылығы менмұндалап тұрады. Бірінің ойын екіншісі айтқызбай түсініп, көңіл күйін үнсіз-ақ сезіну, тек қуанышта емес, қиындықта да бірге болу – бұл уақыт сынынан өткен шынайы махаббаттың көрінісі. Өмірдің қиын кезеңдері де мұндай махаббатты әлсірете алмайды, керісінше, оны одан әрі шыңдай түседі. Шығармашыл тұлғаның, талантты адамның жары болу – оңай емес. Осынау үлкен миссияның жүгін кез келгеннің көтере алмасы тағы да анық. Бұл тұрғыда ортақ бақытты құру жолын өз өміріне ту еткен Салтанат жеңгей абырой биігінде тұр. Қандай құрметке де лайық. Адал жар ретінде өмірдің кездеспей қоймайтын сындарлы сәттерінде Бәкеңнің қасынан табылып, тірек болып, айналасына шуағын шашу арқылы ел-халқына тектіліктің риясыз үлгісін көрсетуде.
Әке махаббаты – көзге көрінбейтін, бірақ отбасының берік іргетасын ұстап тұрған ең маңызды рухани күш. Бәкеңнің перзенттеріне деген ыстық ықыласы көпке мәлім. Сезімге беріліп ашық мақтамаса да, ұрпақтарының әр жетістігін ішінен қуана қабылдайтынын көріп жүрміз. Бұл – мәңгілік тәрбие мектебі. Қыздары, құдайға шүкір, өздеріндей елжанды, бүгінгі қоғамның белгілі де белсенді мүшелері болып қалыптасты. Ал бұл қасиеттердің бастауында Бәкең мен Салтанат жеңгейдің күнделікті еңбегі мен үлгі боларлық бейнесі жатыр.
Бәкеңнің ендігі үлкен махабатты – ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов. Және осынау қасиетті ұғым екеуіне де ортақ. Ұстазының білімін, тәлімін жүрегіне сіңірген Бәкең үшін оның әрбір сөзі – бағыт, әрбір ісі – өнеге.
Әуезовтың сүйікті шәкірті З.Қабдоловтың да Бәкеңе деген ыстық ықыласынан ғылыми қауымдастық, Сыр жұртшылығы жақсы хабардар. Әйгілі академик оның бойынан тек білімділік пен ғылымға деген жанқиярлықты емес, ізгілік пен адалдықты, қазақтың кең даласын құшағына сыйдырардай дархан көңілді жазбай көрсе керек.
Ұстазымен рухани байланыс – шәкіртті кемелдікке жетелейтін қасиетті жол. Бәкең де қазақтың даңғайыр ғалымын ерекше құрметтеп қана қоймай, оның ілімін әрі қарай дамытуға, мұрасын насихаттауға бар күшін салуда.
Шәкірт тәрбиелеу – ғылымның тоқтамай, үздіксіз дамып отыруының кепілі. Осы ретте, ағамыздың да ғылымға олжа салып жүрген ізбасарлары жетерлік.
Ғылыми ізденіс – Бағдат Кәрібозұлының жастай таңдаған махаббаты. Бәкеңнің ғылымға қызмет ету ісіндегі жоғары жауапкершілік сезімін, ойлау машығындағы дербестігін, тұжырымдау барысындағы бүкіл факторларды егжей-тегжейлі таразылай білуі тәрізді сапалық қасиеттерін айтпай кетуге болмайды.
Көп жылғы ізденістерінің бағыты сан тарау: әдебиеттану ғылымы, қазақ поэзиясының жанрлық, ұлттық сипаты, өлке тарихы, ел өміріндегі тұлғалар болып кете береді. Әр бағыт бойынша зерттеу нәтижелерін тізіп-тізбелеу үшін таңды-таңға асыру қажет екені да түсінікті.
Бүгінде ұлттық әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар ғалымның шығармашылығы – қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі. Демек, ұлт руханиятының ортақ қазынасы.
Деседе, ағамыздың ұлт алдында атқарған көп еңбегінің екеуін бөле-жара айтсам деймін. Біріншісі – ұлт руханиятын ұлықтауға мәңгілік қызмет ететін 200 томдық «Сырдария кітапханасы». Екіншісі – «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» (аңыздар мен әңгімелер, қиссалар, дастандар мен жырлар) үш томдығы (2019, 2021, 2023 жж.). 100 томдық «Бабалар сөзі» фольклорлық антологиясымен шендесетін әлем фольклорының асыл мұрасы. Мойындау керек, қастерлі Сыр өңірінде тұңғыш қолға алынған мұндай жобаларды орындау – әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақыт.
Біртуар дарын Бағдат Кәрібозұлы бүгінде ұлттың рухани байлығын еселеуші, ақыл-ой мен мәдениеттің шамшырағы, аңыз адам. Сондықтан да ғибратты ғұмыр кешіп, елге сыйлы, мұқтажға сүйеу бола білген ағаның орны мен үшін әрқашан бөлек.
Қиындықтан қаймықпай, бел шешкен ісіне белсене кірісіп, еңсере шығатын қайсарлық пен қажырлылықтың, ұстанымына қалтқысыз адалдықтың бейнесіндей Бәкеңнің ел-халыққа берері әлі де аз емес. Осынау мерейлі сәтте Салтанат жеңгей екеуіне ұзақ ғұмыр сүріп, бақ-берекелі отбасында қол ұстасып талай белестерді бағындыра беріңіздер дей отырып, ағамыздың шығармашылық жолына сарқылмас шабыт, тың бастамалар, толағай табыстар тілеймін.
Қали ОМАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің бас редакторы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!