Жұма, 11 қазан, 05:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Көшелер кеңейтіліп, жаңа жол салынуда

17.09.2024

369 0

Биыл қалада 92 жоба жүзеге аспақ. Сол жобаның бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта бюджеттің барлық көздерінен 6 млрд теңге қаралды. Осыған орай биыл біраз ауқымды жұмыс қолға алынды. Қала аумағында жөндеуден өтетін көшелер мен мердігер мекемелер анықталып, қаралған қаржысы бөлінді. Тіпті қызу жұмыс басталып та кетті.

Жаппасбай батыр қайта жанданады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаппасбай батыр көшесіне барып, Қорқыт ата көшесінен көлік жолай­рығына дейінгі бөлікті жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Жобаның мердігері – «УАД», техникалық қадағалаушы – «Тараз-Технопроект» серіктестіктері. Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 3,3 шақырым. Жобада жаяу жүргіншілер жолын және жарықшамдар орнату қарастырылған. Жаппасбай батыр көшесі – қаладағы магистральды көшенің бірі.

Айта кетсек, биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 34,8 млрд теңге бөлінген. Оған 97 кө­шені салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ 54 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, 81 көше жарықтандырылуда. Мұнан бөлек, әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтілуде. Ал, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жо­лын қайта жаңғыртады деп күтілуде.

Яссауи көшесі

жаңа кейіпке енеді

Ілкімді істердің бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғырту. Яғни ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылады. Жаяу жүргіншілер жолы түсіп, толығымен жарықтандырылады.

Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 6 наурыздан бастап «Қыран» ЖШС жүргізуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту жұмысы күз айларына дейін аяқ­талады. Айта кету керек, қайта жаң­ғыртудан өтетін көшенің бойы қо­сымша абаттандырылады.

Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы ойын қалыптастырады. Осылайша қала­ның орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.

Автожол жаңғыртылуда

Қандай автожол десеңіз, аудандық маңызы бар автожол. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Самара-Шымкент-Қызылорда» аудандық маңызы бар автожолын жаңғырту жобасы жүзеге асуда.

Оңтүстік өңірден қалаға кірер айналма көпір мен аспалы көпір­дің арасын жалғайтын жолдың жаңғыр­ту жобасын «УАД» ЖШС атқаруда. Екі ортадағы 4 жолаққа негіздел­ген бұл жолдың ұзындығы 8 434 метрді құрайды.

Даңғыл кеңейтілуде

Аймақ басшысының қолдауымен қаладағы басты жолдар мен кө­шелердің аясы кеңейтілуде. Со­ның бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылындағы қайта жаңғырту жұмысы. Бұл ауқымды жоба 27 тамыздан басталды. Ұзындығы 6711 метрді құрайтын даңғыл екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыс­тырылады. Жұмысты атқарушы «УАД» ЖШС. Дәл осы кезде авто­жолдың да, даңғылдың да жұмысы қарқынды жүруде.

Тұрғындар тілегі

Қаладағы бірнеше көшені ара­лап, жұмыс барысын көріп, ма­мандарымен сөйлесіп, тұрғындармен де тілдестік. Соның бірі – Жаппасбай батыр көшесінің тұрғыны Ибрагим Меңлібаев.

– Шыны керек, қалада тұрғын үй, көше жөндеу болсын, қарқынды жұмыс жүруде. Сенесіз бе, басқа об­лыспен біздің қаланың көшелерін салыстырсаңыз, біздікі сапалы әрі түзу екені көңіл қуантады. Сырттан келген адамдардың өздері Қызылорданың көшесін мақтап жа­тады. Ол рас! Нәтиже бар, – дейді қала тұрғыны Ибрагим.

Шаһардың байырғы тұрғыны, зей­неткер Әубәкір Сүлейменов те өз ойын жеткізді.

– Қазір қалада жылдан-жылға жұмыс қарқынды жүруде. БАҚ ар­қылы бағдарлап отырмыз. Зейнет жасында болған соң үйде отырып, газет оқуға уақыт та бар. Сол газет арқылы біраз атқарылған жұмыс ба­рысын біліп отырмыз. Оның үстіне қала орталығына шыққан кезде жүргізіліп жатқан жұмыстың куәсі болып жүрміз. Жол жөнделіп жатыр. Сапалы көшелеріміз көп. Негізі көшенің әдемілігі де қалаға көрік береді, – дейді Әубәкір аға.

Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмысы толығымен күзде аяқтала­ды деп жоспарлануда. Ал тұрғындар тілегі – сапалы әрі түзу көшенің бойымен жүру.

Бетті дайындаған

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: