Отбасы – бұл сыйластық, жарастық орнаған орта, шағын мемлекет іспеттес.
Онда ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат тәрбиеленеді. Сондықтан отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, дәстүрдің сақталуы маңызды.
Отбасы құндылықтары жөнінде білім саласының ардагері, аяулы ана, ардақты әже Күлайша Көшербаевамен әңгіме барысында айтылды.
Адам ғұмырының шынайы байлығы артында қалған ізі мен тәрбиелеген ұрпағы десек, Күлайша Балымбетқызының өмір жолы осы сөздің айқын дәлелі іспетті. Саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнап, отбасының берекесін кіргізіп отырған аяулы ана, ардақты әже бүгінде ел құрметіне бөленіп отыр.
Бүгінде жетпістің желкенін керген Күлайша Балымбетқызы берекесі мен бірлігі жарасқан үлкен әулетте дүниеге келгенін мақтанышпен айтады. Соны үлгі еткен ол әкеден көрген имандылық пен анадан дарыған ибалықты, қарапайымдылық пен еңбекқорлықтың қадірін бойына сіңіріп өсті. 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеген өнегелі отбасының тәлімі оның өмірлік ұстанымына айналды. Отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын ата-анасының тәрбиесін өміріне азық етті. Жалағаш ауданындағы №123 орта мектепті аяқтап, білімге деген құштарлығының арқасында Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі.
Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған ол филология факультетін бітіріп, мектеп қабырғасында еңбек жолын бастайды. Ұстаздық – ұлы мамандық. Ал бала жүрегіне білім нәрін себу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті іс. Ол шәкірт тәрбиелеуде мейірім мен жауапкершілікті қатар ұстанып, талай баланың сауатын ашып, өмір жолына бағыт-бағдар берген ұстаздардың бірі болды.
1980 жылы Күлайша Балымбетқызы Бейбітбек Бүркітбайұлымен шаңырақ көтеріп, өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Ынтымағы жарасқан отбасының оты маздап, берекелі әулетке айналды. Бүгінде қызы әке жолын қуған журналист, ұлдарының бірі – заң саласында, бірі – мемлекеттік қызметте.
Бүгінде осы бір жарасымды отбасының шаңырақ көтергендеріне 46 жыл толып отыр. Бір-біріне деген сыйластық пен түсіністікті ту еткен отбасы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, көпке үлгі боларлықтай биік белеске жетті. Қазіргі таңда бақытты ата мен әже атанып, ұрпағының қызығын көріп отырған қадірлі жандар.
– Отбасы – адам өміріндегі ең қасиетті ұғым. Шаңырақтың беріктігі де, ұрпақтың тәрбиесі де ең алдымен ата-ана арасындағы сыйластық пен түсіністіктен басталады. Яғни, отбасы болу – тек бір шаңырақ астында өмір сүру ғана емес, бір-біріне сүйеу бола білу, қуанышты бірге бөлісіп, қиындықты бірге еңсеру. Сонда ғана перзенттерің сенен үлгі алып, бауырмалдықты жоғалтпауға, туған-туысқа жанашыр болуды үйренеді, – дейді Күлайша анамыз.
Осындай парасатты пайым мен мейірімге толы отбасында өскен ұл-қыздары бүгінде елге сыйлы азамат болып қалыптасып, ата-анасының мерейін үстем етіп отыр.
– Мен бала тәрбиесінде қатал сөз бен орынсыз ұрыстың пайдасынан зияны көп деп ойлаймын. Баланың жүрегі нәзік, көңілі таза болады. Оған зекіп сөйлеген сайын жан дүниесіне сызат түседі. Сондықтан перзент тәрбиесінде мейірім мен сабырды басты орынға қоюға тырыстым. Бала қателеспей өспейді. Кейде оларды ұрысып емес, түсіністікпен тыңдап, ақылмен жөнге салған дұрыс. Себебі жылы сөз бен аналық мейірім баланың жүрегіне тез жетеді. «Бала – Алланың аманаты» деп қараймын. Сондықтан әр ата-ана перзентінің жан дүниесін жараламай, керісінше, оның бойындағы жақсы қасиеттерді оята білуі керек. Мейірім көріп өскен бала өзгеге де жанашыр, жүрегі жұмсақ болып өседі. Бүгінде балаларымның бір-біріне қамқор, үлкені сыйлый білуі сол сабыр мен сүйіспеншілікке негізделген тәрбиенің жемісі деп білемін. Біз әкеміз бен анамыздан көрген өнегені өмірлік ұстаным еттік. Ата-ананы ардақтау перзенттік парыз ғана емес, адамдықтың белгісі. Сол себепті олардың ақылын тыңдап, қадірін біліп, құрмет көрсету кейінгі ұрпаққа үлгі болар қасиет деп білемін, – дейді ардақты ана.
Ақ жаулықты ананың өмірлік ұстанымы балаға құр сөзбен емес, өнегелі ісімен тәрбие беру. «Бала ата-ананың айтқанынан гөрі, көргенін көбірек бойына сіңіреді» деген қағиданы берік ұстанған аяулы ана перзенттерін кішіпейілділікке, еңбекқорлыққа, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға баулып өсірді. Кейіпкеріміз перзент тәрбиелеудегі ұстанымын айтты.
– Біз балаларымызға ең алдымен адалдық пен адамгершілікті үйретуге тырыстық. Қай кезде де отбасының бірлігі мен татулығын жоғары қойдық. Дастархан басында балаларымызбен ашық әңгімелесіп, олардың ой-пікіріне құлақ асуға мән бердік. Әр баланың жүрегіне жол табу үшін мейірім мен сабыр қажет. Тәрбиенің негізі – сүйіспеншілік пен сенімде деп ойлаймын. Балаға байлық емес, жақсы тәрбие беру маңызды. Ата-ананың артындағы ең үлкен мұрасы – тәрбиелі ұрпақ. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті түгелдей мұғалімнің мойнына артып қою белең алып бара жатқандай көрінеді. Алайда тәрбие тек мектептің ғана емес, ең алдымен отбасының міндеті. Мұғалім білім береді, бағыт-бағдар көрсетеді, ал баланың бойына адамгершілік, мейірім, ізет пен ұлттық құндылықтарды сіңіретін – ата-ана. Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Үйдегі әрбір сөз, ата-ананың іс-әрекеті, үлкенге құрметі мен кішіге қамқорлығы бәрі бала санасына із қалдырады. Сондықтан «мұғалім тәрбиелесін» деп шетте қалмай, ата-ана мен мектеп бірлесе жұмыс істегенде ғана ұрпақ тәрбиесі нәтижелі болады деп ойлаймын. Біз баламыздың қандай ортада жүргеніне, кіммен араласатынына, нені қызықтайтынына бейжай қарамауымыз керек. Баламен сөйлесу, оның жан дүниесін түсіну, сеніміне кіру – тәрбиенің ең маңызды бөлігі. Егер ата-ана жауапкершілікті толықтай мектепке ысырып қойса, бала бойындағы кейбір олқылықтың орнын толтыру қиынға соғады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халқымыз. Сондықтан тәрбие ең алдымен отбасынан басталып, мектеппен сабақтасқанда ғана саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Қазіргі заманда бала тәрбиесінде кітаптың орны ерекше деп ойлаймын. Баланы кішкентайынан кітап оқуға баулу оның ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін байытатын ең үлкен қазына. Кітап оқыған баланың тілі бай, танымы терең, ойы сергек болады. Сондықтан біз әрқашан балаларымызды кітаппен дос болуға тәрбиеледік. Үйімізде өзіміз жинақтаған кітапхана бар. Бүгінде ондағы кітап қоры мыңнан асады. Бұл біздің отбасының рухани байлығы. Үйдегі әр кітаптың өзіндік орны, өзіндік тағылымы бар. «Кітап – үнсіз ұстаз» дейді ғой халқымыз. Сондықтан балаға жақсы кітап ұсыну оның болашағын жарқын етумен тең деп білемін. Қазір немерелеріміздің де кітапқа қызығушылық танытып жүргені бізді ерекше қуантады. Ұрпақтың рухани бай болып өсуі – әр ата-ананың ең үлкен бақыты, – деп сөзін түйіндеді ардақты ана.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!