Сейсенбі, 23 шiлде, 13:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Күнкөріс көмек, жалақы жәрдем бола ма?

08.06.2024

282 0

Сурет:open news

Ақшаны ұнатпайтын адам жоқ шығар, бәлкім. Азық-түлік, киім-кешек алу, тіпті қонақтық та құрқол болмайды. Тұрмыстағы көп шешімнің қалтадағы тиынға тәуелді болатыны сол. Содан болар, аймақ тұрғындары арасында ақша табамын деп мамандық ауыстырып, жақсы жалақы іздеп, өзге өңірге қоныс аудару көбейді. Биыл қаңтар-наурыз айларында өңірден қоныс аударғандар саны көшіп келгендерден 2 216 адамға асып түскен. Кеткендердің уәжіне құлақ түрсек, басты мәселе – айлық табыс, кұбылмалы инфляция.
Жағдай шынымен, күрделі ме?
Көрсеткіштер не дейді? Саралап көрелік.

Там-тұм табыс

Табыстың негізгі көзі – жалақы. Бұл орайда көрсеткіш сан алуан. Мысалы, өткен жылы IV тоқсандағы жалақының медиандық мәні 259 463 теңге жеткен. Ұлттық статистика бюросы осылай дейді. Демек, соңғы екі тоқсанда айлық жалақының орташа мәні 12,3 пайызға өсті деген сөз.
«Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысына тиесілі. Аталған облыста 23,5 пайыз, Ақмола облысында – 23 пайыз, Қызылорда облысында, Алматы қаласында 20,4 пайызды құрады. Ең төменгі өсім Атырау облысында – 6,4% және Маңғыстау облысында – 9,9% болды», – деген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Көрсеткіште өсім бары бар, әйтсе де халықтың әлеуметтік жағдайы экономикалық қыспаққа түсіп, қиындыққа тап болғанын жасыра алмайсыз. Басты кедергі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы, жалақы мөлшерінің аздығы екені айтпаса да түсінікті. Оған нарық талабына сүйенген кәсіпкерлердің пайда ойлаған пиғылы қосылып, мәселенің ушығуына әкелді. Мемлекет олқылықты түзеу үшін бірқатар шара қабылдап, шешім шығарғанымен, нәтиже көрінер емес. Енді, міне, қоғам келесі қадам – ең төменгі жалақы деңгейін көтеру ісінен үміт күтеді. Мемлекет басшысы да олқылықты шешудің тиімді тетігі жалақы мөлшерінде екенін қайталап, сала министрлігіне тапсырма берген болатын.
Нәтижесінде 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді. Нақтырақ айтсақ, 15 мыңға ұлғайды. Көпке мәлім кірісті арттыру жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға өзінің былтырғы Жолдауында тапсырған болатын.
«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Күнкөріс деңгейі
күнелтуге жете ме?

Жалпы жалақыдан бұрын күнкөріс деңгейінің динамикасына назар аударайық. Бұл бағытта облыс көрсеткіші төмен. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де, Ұлттық статистика бюросы да растағалы қашан. Өзге өңірде өсім болған шақта, облыс кері кетті. Мысалы, сәуір айында ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 897 теңгені құрады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға өсті.
«Осы айдағы ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында – 59699 теңге, Астанада – 53567 теңге, Алматыда – 51982 теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 51027 теңге, Алматы облысында – 50410 теңге, Ұлытау облысында – 49405 теңге және Шымкентте – 48476 теңге болып тіркелді. Бұдан әрі облыстар Абай – 47816 теңге, Ақмола – 47735 теңге, Жетісу – 47424 теңге, Солтүстік Қазақстан – 47 343 теңге, Павлодар – 47254 теңге, Қарағанды – 47136 теңге, Қостанай – 46754 теңге, Жамбыл – 46596 теңге, Атырау – 45953 теңге», – деді Ұлттық статистика бюросы.
Көрсеткіші кейін кеткен облыстар ішінде Қызылорда бар. Бізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 44 021 теңге ғана. Мамырда әрең 44,1 мың теңге жетті. Сонда да соңғының қатарындамыз.
«Елдегі 18 жастан асқан еңбекке қабілетті ер адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 58038 теңгені, әйелдер үшін – 46075 теңгені құрады. Зейнеткерлер мен қарт адамдар үшін бұл көрсеткіш 45709 теңгеге, 14 жасқа дейінгі балалар үшін – 39648 теңгеге, 14-17 жас аралығындағы ұлдар үшін – 61795 теңгеге, ал қыздар үшін – 47354 теңге», – дейді ресми мәлімет.
Осы орайда «күнкөріс деңгейіне не әсер етеді?», «облыс олқылығы неде?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Сарапшылар даудың басын тұтыну себетiнен шығарады. Яғни бұл ұғым адамның тыныс-тіршілігін қажетті тамақ өнімдері, тауар мен көрсетілетін қызметтердің жинағын білдереді екен. Тұтыну себетіне кіретін заттың құны өскен сайын ең төменгі күнкөріс деңгейі де өзгермек.
Мысалы, биылғы мамыр айының басында қазақстандықтар азық-түлікке орташа есеппен 63 641 теңге жұмсайды екен. Демек, облыстағы 44 мың теңгені құрайтын ең төменгі күнкөріс деңгейі өте аз дегенді білдіреді. Мемлекет тұтыну себеті тізіміне кіретін 43 азық-түліктің бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұрғанның өзінде ахуалды бақылау қиын.
Сондықтан қоғам белсенділері мен депутаттар тұтыну себетіне кіретін азық-түлік санын арттырып, қадағалауды күшейтуді талап етуде. Жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов азық-түлік себетін қайта қарауды ұсынуы осыдан туған пікір болатын.
«Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге тағайындалған жәрдемақыны белгілеуге негіз болып отырғандықтан, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдістемесі өмір сүру сапасының базалық стандартына жауап беруі керек.
Азық-түлік санын 43-ке дейін төмендетуді негізсіз деп санаймыз. Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы» бұйрығында 64 түрлі азық-түлік атауы белгіленген. Біз бұл көрсеткішті де аз және халықаралық стандарттарға жауап бермейді деп санаймыз. Біздің ел дамыған елдермен иық тіресуге ұмтылуы керек. Мәселен, Францияда бұл көрсеткіш 500-ден астам атаудан тұрады», – деді мәжілісмен.
Әрине, депутат сөзінің жаны бар. Халықтың қымбатшылықтан құтылуы әлеуметтік жәрдемге байланысты. Егер қоғам пікірі ескеріліп, жаңа азық-түлік себеті құрылса, ең төменгі күнкөріс деңгейін жоғарылатуға жол ашылмақ.

Инфляция иіні

Алдымен төменгі жалақының көтерілуіне ықпал еткен инфляцияға тоқталайық. Мұндай өзгеріске не түрткі болуы ықтимал? Әрине, әлемдік саяси оқиға, валюта бағамы, экономикалық көрсеткіштер секілді себеппен жақын таныспыз. Алайда мәселе тым әріде секілді. Мамандар жағдайдың мұнша құбылуын азық-түлік бағасының қымбаттауымен түсіндіруде. Олардың айтуынша, тауар айналымы, экономикалық саясаттың жүйесіздігі мәселені ушықтыра түскен.
Үкімет инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін қабылдағанымен нәтиже аз. Тіпті жобада көрсетілген ішкі нарықта отандық тауарларды көбейту, антимонополиялық реттеу, бөлшек сауданы қолдау, сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыру ісі көңіл қуантқанымен, іс жүзінде кәдеге аспай келе жатқанын жасыра алмаймыз. Ол аздай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемесі 15 пайыздан асырмауын қадағалау да кемшін түсіп отыр. Міне, осы талаптар тыңғылықты орындалмағандықтан баға аспандап, бағам түрленіп отыр. Ал нарық бағасы көтерілсе, жалақының жетіспеуі түсінікті.
Статистика мәліметіне сүйенсек, ақылы көрсетілетін қызметтер 12,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9,1 пайыз, азық-түлік тауарлар 8,5 пайыз, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер 9,8 пайызға өскен. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінің тарифтері 13,9 пайызға, жылыту – 26,1 пайызға, электр энергиясы – 19,9 пайызға қымбаттаған.
Жуырда Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров БАҚ-та инфляцияны төмендетуге қатысты қандай шаралар жүзеге асырылатынын мәлімдеген болатын. Ол Қазақстанда инфляция деңгейі жоғары екенін, тарифтердің, тұтыну тауарларының, қызметтердің біршама көтерілгенін, бұл халықтың әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететінін жасырмады.
«Мамырдағы жағдай бойынша инфляцияның деңгейі 8,5 пайыз болып тұр. Қандай бағыттар бойынша бағалардың қымбаттап жатқанын біз, әрине, білеміз. Біздің мақсатымыз – инфляцияны 6,8% деңгейінде ұстап тұру. Оны орындау үшін бар күшімізді саламыз. Ол үшін біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Бұл орайда біздің нақты жоспарымыз бар», – деді министр.

Шешім жолы

Бүгінде азық-түлік бағасын оңтайландыру, олқылықтың келер жылы да қайталанбауы үшін мемлекет қарқынды ізденіс үстінде. Бұл орайда «Әлеуметтік әмиян» көмекші құралға айналатындай. Себебі Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін қайтару үшін «Әлеуметтік әмиян» механизмін енгізуде.
Сондай-ақ тұрғындарды ақшалай емес қолдау шаралары да жоспарланыпты. Бұл ретте Үкімет әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасыларды анықтап, дер кезінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында Отбасының цифрлы картасы мен «Әлеуметтік әмиянды» интеграциялауды көздеген.
Халықты қолдау, қаржылай қиындықты шешу тағы бір жолы – жұмыспен қамту. Егер азаматтарда тұрақты жұмыс болмаса, базар бағасы қанша құбылғанымен пайда шамалы. Табыс ғана талап қоюға мүмкіндік береді. Бұл орайда мемлекет халықты, әсіресе жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, қолайлы жалақы беруге құлықты. Себебі мұндай қолдауға зәру азаматтар аз емес.
Мысалы, жыл басынан бері облыста 17,9 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 400 АЕК (1476 800 теңге) мөлшерінде 1556 грант және жастар үшін жылдық 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін 400 жеңілдетілген шағын несие беру жоспарлануда.

P.S. Иә, ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы, кей сала мамандарының еңбекақы көрсеткішінің көтерілуі көңіл көншітеді. Бұл халық әлеуметтік мәселені шешуге, жаңа мүмкіндік пен жаңа қаржылық жоспар құруға еркіндік сыйлары сөзсіз. Алайда көп қуанған қуанышты азық-түлік бағасының тұрақсыздығы бұзуы ықтимал. Сондықтан халық мемлекет жалақыны көтеріп ғана қоймай, нарықтағы баға саясатын да қаперден шығармауы қажет деген пікірде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: