Дүйсенбі, 04 қараша, 06:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Куратор

05.10.2024

409 0

Ол кездері Әбілқайыр хан көшесіндегі оқу ғимаратының сырты еңсені басып тұрардай күңгірт боп көрініп тұратын. Тіпті басқа оқу орындарындағы жолдастар қайда оқитынымызды айтсақ, «Алдында өмірі су ақпайтын субұрқағы бар ма?» деп күлетін. Ал бізге олардың сөзі бәрібір еді… Өйткені, сыртынан қарасаңыз, тым-тырыс қалыпта тұрған сол ғимараттың ішінде небір жаны жайсаң ұстаздар бізге дәріс береді. Олардың әрбір сабағында өмірлік ғибрат алуға болады. Бастысы, ұстаздардың жан дүниесіне терең еніп, табиғатын түсіну керек.

Айналамызды ду күлдіріп, біздің анамыздай болған Асыл Қожабайқызының тәлімін сол ғимараттың ішінде алдық. Әрбірімізді қолдап, тиісінше кейде қаталдық танытты. Қаталдық дейміз-ау, оның қаталдық танытқаны тіпті де есімде жоқ. Жүрегі жұмсақ Асыл апай қанша ұрысып жатса да, артынан күліп жіберетін.
Абитуриент кезім. Қазіргі Абай даңғылының бойындағы бесінші оқу ғимаратында шығармашылық емтиханға кірдік. Үлкен оқу залы бұрын-соңды мен көрген мәдениет үйлерінің көрермендер залы тәрізді. Журналистика деген барып оқисың, газет ашасың, телеарна ашып, өз алдыңа үлкен ұжым боласың деген түсінікте емтиханға төрт-бес жыл бойы газетке шыққан мақалаларымды құшақтап бардым ғой. Кезегімізбен аты-жөніміз арқылы шақыртылып жатырмыз. Қабылдап отырған кісілер жұптасып, үш-төртке бөлінген. Мен белгілі профессор Бағдат Кәрібозұлы мен Асыл Қожабайқызының алдына топ ете қалдым.
– Журналистикаға келудегі мақсатың қандай? – деді Бағдат ағай салмақты кейіппен.
Ал мен ағып жөнелдім.
– Ауылдарда талай рухани байлық көмулі жатыр, – деп қоямын ғой қазақ қайраткерлерінің зауыты тәрізді Майқанова, Лапин, Қожықовтар шыққан Қоғалыкөлден екенімді аңғартып. – Сондай құндылықтарды қайта жаңғыртып, ауылдың кенін қазатын, әр қазақтың санасына сәуле шашатын «Ауыл таңы» деген газет ашқым келеді. Тақырып дегеніңіз тұнып тұр. Аласыз да жаза бересіз.
Бағдат ағай менің сөздеріме қарап ойланып қалды да:
– Асыл-ау, мына балаға өзің бірдеңе демесең, мен ештеңе айта алмадым, – деді.
Асыл апай әдетінше бір көзін қуыршақтың көзіндей ғып, бір мәрте қақты да, жарайсыңды айтып, арқамнан қағып шығарып салған. Содан кейін студент атандық қой.
Көңілімен шәкіртке,
Шуақ берген апайым.
Юморымен әр сәтте,
Қуат берген апайым.
Иә, Асыл Қожабайқызы сол сәтте алдымда тұрған тоқсан түрлі таңдаудың ішінен тап басып, журналистиканы таңдағаным дұрыс болғанын ұқтырды. Ұстаз атаулыны темірдей тәртіпке жегіп қоятын тұлға ретінде ұғынып қалған менің санама сілкініс берді. Одан бергі уақыт табаны күректей төрт жылын бізге кураторлыққа арнады.
Құдай өзі кең қылып,
Бере қойған пейілін.
Айналаны таң қылып,
Төгетіні – мейірім.
Асыл апайдың осыншалықты анадай қамқорлығын күн сайын сезініп жүрдік. Бір күні журналистиканың төрт курсынан 5-6 студент Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтетін журналистика олимпиадасына баратын болдық. Асыл апай бізге бас-көз болды. Тіпті сондағы бауырларына сәлем беруге барса да, бізді жанынан бір елі қалдырмады. Қолымыздан ұстап, балабақшаға бала апарғандай болды. Мұның әрбірінде оның зор жауапкершілігін аңғардық. Алматыны алақандағыдай көргіміз кеп Көктөбеге бет алсақ та, ол барлығын басқарып, бізді көз алдында ұстады. Ана емей, кім?
Мұстафа Шоқайдың монологын Қызылордада жүріп жаттап алғанмын. Жол бойы тағы айтып, қарындасы болып ойнайтын Аякөз Өтегенованың маңдайынан сүйіп, әбден мезі еткенім бар. Бір қызығы, Алматыға барып, сахнаға шыққанда әлгі монологтың бірде-бір сөзі ойға келмей қалды. «Қайран елім» деп басталатын. Сол сөзді үш рет айттым, әрі қарайғысы ойымда жоқ. Қазылардың құрамында спорт комментаторы марқұм Амангелді Сейітханов бар. Бір уақытта Асыл апайдың «Балалар, босаңсымаңдар! Білдей бір университеттің сенімін арқалап бара жатырмыз. Жеңіл қарамаңдар. Ертең дымсыз қайтсақ, университетке не айтамыз? Сондықтан, әрқайсысың бір-бір жүлдеге лайықсыңдар» деп берген мотивациясы есіме түсті. Трагедиялық монолог еді, залдағы көрермендер күле бастады. Ол да намысыма тисе керек, әрі қарай импровизацияға арқа сүйеп, тоқтаусыз монолог оқыдым. Жарты сағат. Бір уақытта болып, көрермендерге қарасам, көздері мөлиіп жылайын деп тұрған сияқты. Үнсіз. Ал қолымды кеудеме қойып, басымды игенде ысқырықтан жел есіп, шапалақтан дауыл тұрды. Мұның барлығы да Асыл Қожабайқызының шәкірт баптаудағы үлкен еңбегі екені анық.
Айтпақшы, сол жерде республика бойынша «Ең үздік образ сомдаушы» деген номинациясын жеңіп алдым. Амангелді Сейітханов ағамыз арнайылап келіп, «Інім, ақынсың ба? Арқаң бар екенін байқадым» деп, арқамнан қағып кетті.
Алматыдан бұл Сырға,
Мақсатпен келген апайым.
Купе алмай, үнемдеп,
Пласкартпен келген апайым.
Сол Алматыға барған сапарда апайдың Тұмар есімді кішкентай ханшайым қызы еріп барды. Бүгінде сол Тұмар бүтіндей бір мамандықтың иесі атануға жақын. Университетте оқиды. Жылдар өткен сайын студенттік кездің тәтті естеліктері тәттілігін арттырмаса, кемітпек емес.
Журналистикадағы ұстазым Нұрлан Көбегенұлының «Егер мықты болғың келсе, адамдық пен мамандықты қатар алып жүр. Екеуінің біреуі кем болса, онда аяғын сылтып басқан адамдайсың» дегені бар еді… Асыл апайға қарасам, адамдығы да, адалдығы да, мамандығы да бір-бірін толықтырып, тұлға ретіндегі болмысын айшықтап тұр. Оның әрбір сөзі, орамды ойы санамызда сақталып, өмір мектебіндегі алдымызға қойған мақсаттың айқын болуына қомақты үлесін қосып жүр. Әлі күнге ұстазбен сырласып, ақылын сұраймыз.
Әр шәкіртті анадай мәпелейді,
Азаматты сыйлайды биік қойып.
Баласындай болсам да, Дәуке дейді,
Он бес жылды іргеге жиып қойып.
Міне, бүгінде Асыл Қожабайқызы екі жағына қос жиырма бесті қойып, елу деген биікті еңсерді. Әлбетте, ұстазға деген тілек те, ұстазға деген тебіреністі өлең де, жыр да жүрек төріне орныққан. Сіз сол жүрек төріндесіз, ұстаз!


Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: