Дүйсенбі, 17 маусым, 04:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Оқуға құштар ауыл

25.05.2024

177 0

Іргедегі Талсуат – түтіні түзу ұшып, бірлігі мен берекесі тасыған ауыл. Елді мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Содан да болса керек, екі қолға бір күрек таппай, сенделгендер жоқтың қасы. Облыстық маңызы бар оңалту орталығы бар, оған қоса, ауыл да қаладан таяқ тастам жерде. Елді мекенде жұмыс болмаған жағдайда көзді ашып-жұмғанша облыс орталығына жетіп барады. Жұмыс сонда да табылады. Ал ең негізгісі, Талсуат халқының көкірегі ояу, көзі ашық. Ағартушылық салада алда тұрған ауылдың кітапханасында да оқырман қарасы үзілмейді. Білім саласында да көш ілгері, білікті мамандар еңбек етіп келеді. Тіпті «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылға келіп жұмыс істеп жатқан маман да аз емес. Бізді қуантқаны, талсуаттықтардың ағартушылық саладағы ауқымды істері. Өйткені білім – жарқын болашақтың алтын кілті.
Көлік жүйткіп келеді. Бірнеше ауданды облыс орта¬лығымен байланыстыратын байырғы жол әлі де өз мәнін жоймаған. Автобустар мен таксилер ерсілі-қарсылы жүріп жатыр. Соған қарап, жол бойындағы ауылдардың экономикасы мен көлік қатынасының деңгейін саралау қиын емес. Үлкен жолдан ауылға қарай бұрылғанда да тақтайдай тегіс жолдың жағдайы үзілмеді. Басты жолдың бойын жағалай әкімдікке кеп табан тірегенде ауылдық әкімдік қызметкері Айгүл Нұрпейісова ақжарқын болмысымен жылы шырай таныта қарсы алып, елдегі жағымды жаңалықтарды айтып, халықтың жай-күйімен таныстырды.
– Ауыл халқы еңбекқорлығымен ерекшеленіп келеді. Мұнда жұмыссыз адам жоқ десек те болады. Көп болса, бес адам ғана жұмыссыз. Экономикалық белсенді 1101 адамға шаққанда 5 адам дегеніңіз түк емес. Алдағы уақытта бұл ұғымды мүлдем жойғымыз келеді. Әрине, мемлекеттік деңгейдегі түрлі бағдарламалар қарқын алып, азаматтар да өз жағдайын жасауда. Басқа ауылдарды білмеймін, біздің алақандай ауылда бір емес, үш балабақша жұмыс істейді. Оның біреуі мемлекеттік, екеуі – жеке балабақша. Кәсіпкерлердің де ұрпақ тәрбиесі бағытында еңбек етіп жатқаны қуантады. Мемлекеттік «Заңғар» балабақшасы және жеке «Балнұр» балабақшасы мен «Алан Орда» бөбекжай-балабақшасы елге қызмет етуде. «Заңғарға» 90 бала барса, «Балнұрда» 30 бала, ал «Алан Орда» бөбекжайында 60 бала тәрбиеленуде. Елге болсын деген кәсіпкерлері¬міздің елдің ер¬теңіне, ұр¬пақтың сапалы тәрбие мен саналы білім алуына бар жағдайды жасап отырға¬ны¬ның өзі игі іс емес пе? – дейді Айгүл Төлегенқызы.
«Балалы үй – базар» деп, кішкентайлар асыр салып ойнап, айналаға таным-түсінігін, көзқарасын қалыптастырып жүрген бөбекжайдың бірі – «Заңғар» балабақшасы аймақта алдыңғы қатарда келеді. Алақандай ауылдағы балабақша облыстың 200 бөбекжайының ішінен сан мәрте топ жарып, көпке танылып келеді. Елді мекен халқына 2014 жылдан бастап қызмет көрсетіп келе жатқан балабақша меңгерушісі Гүлнар Кенебаева балғынжай жетістігіне тоқталды.
– Біздің балабақша аймақта дүбірлі додалардан топ жарып, жетістік желкенін керіп жүр. Әрине, 200 бала¬бақшаның ішінен суырылып шығып, жүлде алу оңай шаруа емес. Қалалық деңгейдегі «Бал-бала» өнер байқауында ІІ орынды еншіледік. Облыс деңгейінде «Әке – асқар тау» байқауында І орынның биігін бағындырдық. Облыстық балалар би байқауында «Биші ұжым» номинациясын жеңіп алдық. «Мен – зерттеушімін» қалалық білім аламанында да алдыңғы қатарда болдық. Керемет емес пе?! Алдағы уақытта алар асуы мен бағындырар белесі көп ұжымбыз, – дейді Гүлнар Әбдіжаппарқызы.
Көп ауылда мемлекеттік балабақшаның өзіне бала жинай алмай жүргенде, Талсуатта бір емес екі бірдей жеке балабақша жұмыс істейді. Бұл – балалардың өз ойын ашық білдіріп, еркін айта алатын, көзқарасы мен танымы қалыптасып, білім алуға бар ынта-ықыласымен кірісетін тұлға етіп тәрбиелеуді әу бастан қолға алған іс-шаралардың бірі. Біз сапар барысында «Алан Орда» бөбекжай-бақшасына бардық. Заманауи бөбекжайдың ауласынан бастап тап-тұйнақтай тірліктің мысалы бола алатынын көрсетіп тұр. Ойын алаңы да, балалардың ойлау жүйесін дамытар түрлі-түсті безендірулер де көңілден шығады. Кіргеннен қарасаң көз тоярлық керемет балабақшаның құрылтайшысы Бағила Кустабаева – әлеуметтік нысандар салып, елге қызмет етіп жүрген кәсіпкер. Ұрпақ тәрбиесі жолында елге титімдей болса да үлес қосқым келеді деп алға қойған мақсатының жемісті жалғасын байқатқан. Бүгінде балабақшаны білікті де тәжірибелі педагог Зибагүл Манасыпова басқарады.
– Әрине, бір емес, бірнеше балабақша болса, сапа да артады, бәсеке де қалыптасады. Бала тәрбиесі жолында жан-тәніңмен беріле кіріспесең, бәрі бекер. Бала – ата-ананың сеніп тапсырған аманаты. Оған қиянат жасауға, жүрдім-бардым қарауға жол жоқ. Бізге баланы әкелгенде тіпті сөйлемейді. Міне, сөйлеуге үйретеміз, түзу жүргізу, тұрғызу – мұның бәрінің мектебінен өтеді. Ойын да, бойын да өсіреміз. Ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Балабақшаның міндеті баланы таңнан кешке дейін ойнатумен шектелмеуі керек. Біз бала тәрбиелеу арқылы тұтас ұлттың алдындағы жауапкершілігімізді сезініп еңбек етсек қана, мына елдің келешек тұтқасын ұстай¬тын мықты тұлғалар шығады. Әрбіріміздің мойны¬мыздағы жүк осы. Мен саналы ғұмырымның 40 жылын бала тәрбиесіне арнадым. Бір уақыттарда еңбек де¬ма¬лысында өзімді басқа салада да сынап көрген едім. Мен балаларсыз өмір сүре алмайды екенмін. Олардың шула¬ғаны, жадырап ойнағаны жанымды ерекше сезімге бөлейді. Мен осы сала үшін жаратылған жанмын, – дейді бала¬бақша меңгерушісі ағынан жарылып.
Иә, адам мамандығын сүйіп, жан-тәніңмен еңбек етсең ғана жетістікке жететіні анық. Бала жанының бағбанына айналып, бүлдіршіндердің жүрегіне жол тапқан Зибагүл апайдың болмысынан көргеніміз осы.
Ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағымен байланыстырған Талсуаттағы білім сапасы да жоғары. Елді мекендегі №178 орта мектеп директоры Динарида Шадибекова барлығы ізденімпаз ұстаздардың ерен еңбегі екенін айтады. Ауыл деген қазақтың қарашаңырағындағы қара орман елдің тәрбие мәселесіне ерекше ден қоятынын, балалардың болашағын бәрінен биік қоятынын айтқан педагог бұл ерекшелік көзге бірден түсетінін жеткізді.
– Мен мұнда аралас мектептен келдім. Иә, ауылдағы балалардың қазақы тәрбиесі мен ұяңдығы, тіл алғыштығы мен елгезектігі көрген жанға бір мезетте-ақ сезіледі. Ұстаздарымыз да әркезде ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, балалардың толыққанды тұлға болуына барынша атса¬лысады. Қазіргі заман білектінің емес, білік¬тінің, білімдінің дәуірі екенін ұғынған әрбір ұланның кеудесінде асқақ арман бар. Армандай білетін, алдына мақсат қоя алатын баладан жақсы азамат шығады. Мен мұндағы әрбір шәкірттің болашағынан үлкен үміт күтемін. Сенімге селкеу түсірмейтініне сенемін, – дейді мектеп директоры.
Ұстаздар қауымы да еңбектенуден алдына жан салмайды екен. Мәселен, осы елге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көрген Алма Кенжебаева – мектептің география пәнінің мұғалімі. Бала оқытуда өзінің бөлек тәжірибесі бар ұстаздың ұстанымы да балалардың қабіле¬тін оятуға негізделген. Қазіргі таңда олимпиада, ғылыми жобаларда жеңімпаз болып жүрген дарынды шәкірттердің басым көпшілігі – Алма апайдың дайындаған балалары.
– Бастапқыда барлығы балаларды таңдап-таңдап алады да, мен соңында қалып қойып жүрдім. Сол себепті маған басқаша бағыт керек болды. Балаларды үлгеріміне қарай емес, іс-әрекетіне қарай зерттедім. Жерге дән сепсеңіз де, барлығы бір уақытта шықпайды. Сондықтан мен енді бүр ашатын таланттарды іздедім. Түйсігім алдамапты. Осылайша, мен балаларды олимпиада мен ғылыми жобаларға таңдауда жаңа бағыт таптым. Әрине, бала үшін сапалы білім мен саналы тәрбие бірінші орында тұруы керек. Біз осы нәрсеге ерекше мән береміз. Тіпті үлгерімі төмен балалардың өзін олимпиадалар мен білім аламандарына алып барғаннан кейін ынтасы мен ықыласы оянды. Қазір де көпшілігі биік белестерді еңсеріп үлгерді. Мен шәкірттеріммен мақтанамын, – дейді ұлағатты ұстаз.
«Менің атым – Қожадағы» Рахманов ағайдың сөзі естеріңізде ме?! «Бала ішіне әр нәрсені толтыра беретін қапшық емес, ол – шамшырақ. Соны жаға білу керек» деген еді. Сонда Майқанов апай «Сіз Сұлтанды қайда қоясыз?» дегенде «Мен Сұлтанның шамшырағын жаға алмағаным үшін өзімді өмір бойы кешіре алмаймын. Бұл – менің өмірлік өкінішім» деген. Алма апайдың ойында да осы ұғым тұрғанын жазбай танисыз. Әрбір шәкірттің жүрегіне жол тауып, оның қабілеті мен талантын таныған ол «Сен – мықтысың!», «Сенің қолыңнан келеді» деп жігерлендіреді. Білім алуға жасалған осыншалықты жағдайдан кейін жетістікке жетпеу тіпті ұят шығар…
– Біз балаларға мүмкіндік беріп, оның қабілетін шыңдауға бар күшімізді салмай тұрып, олардан жетістік күте алмаймыз. Міне, сондықтан олардың көкірек көзін ашып, кеуде сарайындағы арман-мақсаттармен танысамыз. Бағыт-бағдар береміз. Біз шәкірттің білім алуы жолында уақытымызды аямаймыз. Өйткені уақытпен санаспайтын тіршілікте балалардың ертеңі бәрінен маңызды. Біздің әрбір еңбек балалардың жетістігі арқылы көрінеді, – дейді талапшыл ұстаз.
Білім ошағында мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп жүрген жас мамандардың бірі – Арман Жексенбаев. Ол – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жас маман Қызылорда қаласында туған, бірақ бағдарлама арқылы отбасымен ауылға келді. Жары Шапағат Сәбитбек¬қызы – осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі бірге дипломын арқалап, «Ауыл, қайдасың?» деп тартып отырған. Талсуат оларды жатырқамады. Бауырына басып, бағдарлама арқылы жұмыс берді, үй әперді. Жағдайын жасау үшін алғашқы көмек ретінде көлемді қаражатқа қол жеткізді.
– Ауыл халқы жылы қарсы алды. Мұндағы өміріме көңілім толады. Қалаға тиіп тұр. Ауылда да өмір бар екенін, мұндағы өмірдің жақсы, көңілді екенін әу бастан білемін. Еңбек етіп, өзімді көрсеткім келеді. Болашағым алда ғой, осы ауылға, елге қызмет етемін деп келдім. Шәкірттерім де алғыр, оларды тәрбиелеп жүрмін. Сынып жетекшілігім де бар, – дейді Арман Бөгенбайұлы.
Әрине, қазір білікті маман бәрінен қымбат. Өйткені жұмыстың жүруі тікелей соған байланысты. Мектеп директоры Динарида Есіркепқызы кейіпкерлеріміздің қай кезде де мақтауға лайық екенін жеткізді.
– Білесіз бе, Алма Кенжебаева – өте жақсы мұғалім. Оның жүзінен нұр төгіліп, айналасына сәуле шашып тұрады. Нағыз ұстазға лайық қандай қасиет болса, соның бәрі осы кісінің бойынан табылады. Шәкірті үшін еңбектеніп, оның біліп, үйреніп кетемін дегенінше маңдай терін төгіп, табандылық танытады. Өз ісінің маманы. Ал Арман Бөгенбайұлы – заманауи ұстаз. Балалардың тілін тауып, олармен еркін пікір алмасады. Бір-біріне сенім білдіретін атмосфера қалыптастырған. Ізденімпаз. Екі мұғалімнің де дайындаған балалары жарыстардан, білім аламандарынан топ бастап, алдыңғы қатарда келеді. Олар – мектептің мақтаныштары, – дейді мектеп директоры.
Алтын ұя мектептің төрінде білім алып жатқан балалар қандай бақытты иә! Мектеп директоры білім ұясында балаларды алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті. Жоғары санатты білікті ұстаздар оларды үлкен сынға сақадай сай етіп дайындап жүр. Талабы таудай таланттарды тәрбиелеп, талпынысын осылай арттыруда.
Білім мен тәрбиеге баса мән берген елді мекен халқы кітапты да жақсы оқиды. Тұрақты оқырмандары қалыптасқан. «Адал адам» бағыты бойында Әлем book атанған руханият ордасында 10 983 кітап қоры бар. Оның 7411-і – қазақ тілінде.
– Бізге тек бұл ғана емес, жаңа әдебиеттер қосылып тұрады. Өткен жылы 755 оқырман болса, биыл жыл ортасына жетпей, 407 оқырман болдық. Көркем әдебиет, өнер бағытындағы оқулықтарға сұраныс көп. Үлкен кісілер үйіне алып кетіп оқиды. Жастар жағы осында келеді. Жаңа әдебиеттер келгенде оқушылармен бірге талқылаймыз. Жаңа әдебиеттің ерекшелігі мен артықшы¬лығы, тіпті кемшілігі де назарға алынады, – дейді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №15 кітапхананың меңгерушісі Айнұр Байменова.
Тұрақты оқырманның бірі Гауһар Жүнісова бала күннен кітап оқуды дағды еткен. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» кітабын қанша оқыса да жалықпайды. Бір кітапты 3-4 күнде оқып бітіретін оның қоржынында оқылған кітаптар жетерлік.
– Кішкентайымыздан бойымызға сіңген қасиет. Оқыған кітабыңның әлеміне терең еніп кетеміз. Бала күнімізде оқулықтың астында қазақтың классиктерінің кітаптары тұрады. Ата-анамыз кеп қалса, сабақ оқып жатырмыз. Ал олар кеткен соң қайтадан астындағы кітап бетіне шығады. Оқыған адамның болмысы бөлек болады. Кітап оқысаңыз, көңіл көзіңіз ашылады, көпшілік ортада қысылмай, еркін сөйлей ала¬сыз. Ойыңызды жинақтайтын ерекшелік береді. Алдағы уақытта да осы дағдымды жоғалтқым келмейді, – дейді Г.Жүнісова.
Ауылдық клуб үйінде кітапханадан бөлек көптеген үйірме жұмыс істейді. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта «Жас дәурен», «Әсем әуен», «Ақкербез», «Ана тілі – жүрек үні» және «Алақай» балалар қуыршақ драма үйірмесі жұмыс істейді. Біз барған сәтте қуыршақ драма үйірмесі «Жеті лақ» ертегісін сахналап жатыр екен. Ғаламат. Шынашақтай сәтінен шыңға ұмтылған балақайлардың өнері мен қабілеті таңдай қақтырарлықтай. Ауылдық клубтың директоры Айнагүл Жайдариева үйірмелердің қоржынындағы марапаттың бір атанға жүк болардай ауқымды екенін жеткізді.
– Біздің алда да айқын жоспарымыз көп. Үйірме¬лердің жұмысын жүйеге қойып, көптеген биікті бағындырдық. Мысалы, шәкірттеріміз Жақия Жәнібек пен Рамазан Жайсаң ХVI республикалық «Tanm ART» өнер аламанында біреуі бас жүлде алса, екіншісі І орынды қанжығасына байлады. Осы байқауда «Әсем әуен» дәстүрлі ән тобымыз да бас жүлдеге ие болды. Республикалық «Жарқын болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен VII республикалық «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауында Рамазан ІІ орынды еншіледі. «Айғаным» шығармашылық орталығы ұйымдастырған І респуб¬ликалық «Starmen» өнер байқауында Шынболат шәкір¬тіміз І орынды жеңіп алды. Шәкірттеріміз Аружан Болат пен Гүлназ Еділбаева ХХVI облыстық «Бозторғай» конкурсының дипломанты атанды. Балалардың алдағы уақытта да осындай олжалармен қанжығаларын майлай түсетініне сенім мол. Олардың өнер-білімге ынта-ықыласы қуантады, – дейді Айнагүл Сансызбайқызы.
Көшелері көрікті, жасыл-желекті ауылдың айналасы да береке мен бірлікке бастағандай. Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін етене араласып, жақын танитын әкімдік қызметкері Айгүл Төлегенқызы «Біздің ауыл осындай» деді жарқын күлкісімен.
Иә, қазақтың қарашаңы¬рағы қай кезде де дархан көңілмен бізді құшағын айқара ашып қарсы алады…

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ,
Нәзира МҰҚАТАЕВА.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: