Ақжармалық кәсіпкер Ержан Серікбайұлы өмірлік жары Жансая Ералиева екеуі отбасылық кәсіптің негізін қалап, өз күшімен нарыққа төтеп беріп келеді. Баймұрат батыр ауылындағы мектепте балаларға ұстаздық ететін ол егер шын қаласа, бәріне қол жеткізуге болатынын дәлелдеп жүр. «Уақыттың қадірін біліп, тиімді пайдалану керек» деген ұстанымдағы оның алға қойған жоспарлары да жетерлік.
Алақандай ауылда кәсіпкерлік нысандары көп те емес. Бірақ елдің қажетімен қамтамасыз етіп отырған Ержан тәрізді азаматтар нәпақасын адалынан тауып келеді. Ержан Серікбайұлы ауласынан арнайылап ғимарат салып, шаштараз бен дүкенді бір күнде ашты. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп, ауылдастарына қызмет көрсете бастады.
– Ең алдымен, кәсіпте қорықпау керек. Тәуекелге бармасаң, жетістікке де жете алмайсың. Қанжығаң майланып, олжа байланып, биік шыңдарды еңсеру үшін алдымен тәуекелге баруға батылдық, сонан соң еңбекқорлық керек. Соның арқасында алдыңнан кезіккен кедергінің қай-қайсысын да еңсере аласың. Кез келген адамда бірінші қадам бастауға батылдық жетпей жатады, – дейді кәсіпкер.
Ауыл мектебінде еңбек етіп жүрген ұстаз өзінің кәсіпкерлік бағытта да дамуына барынша тер төгуде. Өзінің қабілетін жан-жақты шыңдап, «Жігітке жеті өнер де аз» деп келеді. Бүгінде кеңейген кәсіп оның ұстаздық қызметіне еш кедергі емес.
– Мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп, бала оқыту – жанымның рахаты. Балалармен әңгімелесу, оларға бағыт-бағдар беру маған ерекше серпін береді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді Абай. Ойдағымыз бен бойдағымызды балаға үйретуден қалыс қалған емеспіз. Адам баласы шын қаласа, барлық нәрсеге уақыт таба алады, – дейді Ержан Серікбайұлы.
Қай уақытта да бастаған ісінен нәтиже шығара білетін іскер азамат бүгінде ешқандай мемлекеттік бағдарламаға қатыспаған. Адамның өз күшімен сол мемлекеттің экономикасының дамуына қомақты үлес қоса алатынын жеткізді. Әлбетте, ырзық-несібесін кәсіптен бұйыртқан жаратқанның сілтеген бағыты да осы болса керек.
– Қазақта «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген керемет сөз бар. Ойға алғаның, қолға алғаның орындалып, өзінің жүйесін тауып жатқанының өзі – елге көмегің. «Отан – отбасынан басталады» дейді. Бірінші орында отбасың тұратыны анық. Ал «Мен – патриотпын» деп айғайламай-ақ, Отанға еңбек сіңіруге болады. Мен – сол қатардамын, – дейді ол.
Кәсіптегі көп жылғы тәжірибесімен бөліскен бір меценаттың «Кәсіп ашудан қорықпау керек: сәтті шықса – жеңісің, сәтсіз болса – өмірлік тәжірибе» деген сөзі ойға оралды. Ержан Серікбайұлының да батыл бастамалары мен қарқынды қадамдары көп жасқа үлгі екені анық. Ол осы күні азық-түлік дүкенінің ісін жүргізсе, өмірлік жары Жансая сұлулық салонының жұмысын жандандыруда.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!