Жексенбі, 06 қазан, 02:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Ауылды дамытуда тұрғындармен бірлесе жұмыс істейміз

10.09.2024

204 0

Ғасырға жуық тарихы бар Қызылжарма ауылдық округі – бүгінде заман көшіне ілескен іргелі елді мекеннің бірі.  Қала іргесінде орналасқан бұл ауылды басқару былтыр Шәріп Әбдірахмановқа жүктелген еді. Содан бері ауылда нендей жұмыс атқарылды? Халыққа берген уәде орындалып жатыр ма? «Уәденің» кезекті қонағы Қызылжарма ауылдық округінің әкімі – Шәріп Әбдірахманов. 

– Шәріп Әкбарұлы, Қызылжармада биыл қандай жұмыстар атқарылды?

– Қызылжармада биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 586 млн теңгеден астам қаржы қаралып, 5 көше күрделі жөндеуден өтті. Жергілікті бюджет­тен бөлінген 5 млн теңгеге Дүйсенбиев, Мұратбаев, Новая көшелеріне түнгі жарық бағаналарын орнатылды. Сондай-ақ 2 млн 596 мың теңге ауылдағы балалар ойын алаңдары жөнделді. Қа­зіргі таңда қалалық құрылыс бөлімі арқылы 617 345,5 мың теңгеге округтегі 23 көшеге талапқа сай электр желісі жүргізілуде. Сонымен қатар округтегі М.Ермаханов көшесін қайта жаңғырту жұмыстарына қалалық бюджеттен 151 млн теңге қаралып, қазіргі таңда мердігер мекемемен келісім-шарт жасалуда. Ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстарына 2,2 млн теңге және округтегі түнгі жарықтандыруды күтіп ұстауға 40,2 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ауылдық округте биыл 7 айда 499 кәсіпкерлік нысаны тіркелді. Оның ішінде 259 мал шаруашылығы, 16 шаруа қожалығы, 30 дүкен, 3 монша, 4 шаштараз, 5 көлік, 1 кондитерлік цех, 2  ауыз су өндірісі, 1 дәріхана, 1 мейрамхана, 1 ас­хана,  2 пластик есік, терезе, 6 тігін цехы, 5 дәнекерлеу цехы, 11 көлік тасымалы, 2 оқу орталығы, 2 АӨК кооперативі, 2 сауда саттық, 4 жеке балабақша, 143 басқа­да салада жұмыс жасауда. Жалпы 499 кәсіпкерлік субъектінің 1 ЖШС, 480 жеке кәсіпкер,16 шаруа қожалығы және 2 ауылшаруашылық өндірістік коопе­ративі бар. Ауыл тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, кәсібін дамытып жатқандар да бар. Биыл бұл бағытта «Аграрлық несие  корпорациясы» АҚ арқылы «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарына ар­налған жол картасы» аясындағы «Іскер» бағдарламасы аясында 24 млн теңгені құрайтын 5 жоба құжаттарын толық тапсырып, қаражаттарын алды. Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвести­циялық орталығы» микроқаржы  ұйымы арқылы 3  млн  теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылып, 20 млн теңгені құ­райтын 1 жоба  комиссияға ұсынылуда. Бұдан бөлек «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша 11,8 млн теңгені құрайтын 8 жоба, «Байқоңыр әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» ак­цио­нерлік қоғамы арқылы бүгінгі күні 117 млн теңгені құрайтын 9 жоба бойынша комиссияға ұсынылатын болады. Сондай-ақ биыл «Бизнес-Бастау» оқу курсы ая­сында Қызылжарма ауылдық округінен 82 адам оқып, сертификат алды.

– Ауылда ауыл ақсақалдары мен қауымдастық кеңес көп нәрсені шешеді. Іс барысында олармен ақылдасасыз ба?

– Қызылжарма ауылдық округінде ауыл ардагерлерінен және кәсіпкерлерден құралған ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес бар. Ауылдық округте атқарылатын жұмыс, қандай да бір мәселе болсын  кеңес мүшелерімен алдын ала ақылдасып, ортақ шешім шығарылады.

– Елдімекендегі «Тауықбаза» атал­ған фабрика жайы тұрғындардың көп жылдан бергі түйкілді мәселесіне айналды. Бұл қашан шешімін табады?

– Ауылдық округте орналасқан ескі құс фабрикасы 2009 жылы өз жұмысын тоқтатып, қазіргі уақытқа дейін 46 гектар жер аумағы иесі тарапынан игерілмей отыр. Қазіргі таңда, аталған 46 гектар жер телімін Қоғамдық қауымдастық және ардагерлер кеңесінің ұсынымымен  мемлекет меншігіне қайтарып, ауылдық округ әкімшілігінің жер кезектілігінде тұр­ған 3000-ға жуық азаматтарға табыстау үшін тиісті шаралар атқарылуда.  

– Ауыл тұрғындардың айтуынша, ауылда иесіз үй жануарлары көп екен. Қаңғыбас иттер мен ірі қара малының есік алдында жүруі жұртшылықты алаңдатуда. Бұған не дейсіз?

– Қазіргі таңда, ауылдық округте 4 ба­ғытта пада ұйымдастырылған. Ауыл тұрғындарына өздеріне тиесілі ірі қара малын осы падаларға қосу жөнінде жиі айтылуда. Сондай-ақ,  ауыл көшелерінде мезгілден тыс уақытта жүретін ірі қара мал иелеріне учаскелік полиция инспек­торлары тарапынан ескертпелер мен айып­пұл салу жұмыстары жүргізілуде. Ал қалалық ветеринариялық станциясының арнайы мамандары тарапынан иесіз жүр­ген қаңғыбас иттерді тұрақты аулау жұмыстары жүргізіледі.   

– Уәдеге беріксіз бе?

– Қызылжарма ауылдық округінің әкімі жұмысын атқарғаныма бір жыл болды. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Жыл басынан бері қайы­рымдылық, қамқорлық акциялары аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы және жалғыз басты 100-ге жуық отбасыға азық –түліктей көмек көрсетілді. Ауылдағы тұрмыс деңгейі аз қамтылған 1189 отбасына мемлекеттен атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалып, жалпы сом­масы 52863,4 мың теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Тұрғындармен ай сайын жеке қабылдау өткіземін. Оларды мазалаған мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүр­гізіледі, назардан тыс қалмайды.

– Әкім боп келгенде халыққа қандай уәде бердіңіз және оны орындай алдыңыз ба?

– Әкім болып келген алғашқы кезде ауыл ардагерлері мен тұрғындарымен кез­десу барысында көптеген мәселелер қозғал­ды. Сонда ауылдың инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарының әлеу­меттік қолдау бойынша көптеген жұмыстар атқару қажеттігін түсіндім. Ағымдағы жылы ауылдық округте 6 кө­шеге күрделі жөндеу жұмыстары, 2 көшеге тас төсеу жұмыстары, 3 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату, 2 балалар ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу, 22 кө­шеге талапқа сай электр желісін тарту және тағы басқа жұмыстар атқарылды. Негізгі ұстанымым, алға қойған мақсатқа жету үшін талмай еңбек етіп, жинаған тәжірибеме сүйеніп мол табыстарға қол жеткізу. Бұл жолда ауылдық округ тұрғындарымен бірлесіп, ауызбірлікте жұмыс істейміз деп сенемін. Ауылдық округтың әлеуметтік, экономикалық көр­­сеткіштерін жақсарту бағытында, ар­дагерлер кеңесі, қауымдастық кеңесі мү­шелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап, жоспарларымды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ететін боламын. Оның ішінде жұмыссыздықты жою, әлеуметтік қамсыздандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, ұрпақ тәрбиесі, білім беру саласын жақсартсам деген ниеттемін.

– Әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: