Жастық шақта ойнап күлген, оқып-білген адамның келешегіне қатты әсер етеді. Ерік-жігері тасыған жастың бойында кішіпейілділік қасиет басым болса, ол ала жіпті аттамайды, кісінің бетінен алып, әдепсіздік көрсетпейді. Білім қуған жанның алды жарық болады. Өйткені білім – қараңғыда жол көрсетер шамшырақ.
Жастарға қырағы көзбен қарап, олардың көмескі жолға түспеуін, дұрыс ортада жақсы көріне алуын қадағалау – үлкендердің міндеті. Немқұрайдылық белең алса, үлкені жастарға тәйт, қой дей алмаса, бейберекетсіздік белең алып, жастар бетімен кетеді. Жастар арасында өзінің өскен ортасының тәлім-тәрбиесі әсер еткен, тұғыры мықты тәрбиесі бар, өнегелі ортадан екені, көрініп тұратыны белгілі. Ондай тәртіптілер жан-жағына өмір бойы өнеге болады.
Үйде, көшеде, қоғамдық орындарда, оқу ғимаратында, кафе-мейрамханалардағы жастар әдебін меңгерген адам ешкімге дөрекілік көрсетпейді. Әдептілік адамның бала кезінен алған өз ортасындағы дағдыдан әдетке айналып, мінез болып қалыптасады.
Ережеге сай, киіне білу (жасына лайық), өз ортаңда мәдениетті жүру, сөйлеу мәдениетін сақтау (дарақы күлкіге жол бермеу), қоғамға лайықты бола білу – осының бәрі отбасында және мектепте алған тәлімнен хабар береді.
Автобустағы әдепті қозғасақ жастардың орын беруі керек деген сөз ойға оралады. Одан басқа жастардан не күтеді?! Киім кию әдебі, қыздардың шаш өсіру әдебі (шашты жайып жібермеу), өте тар киім киіп жұртқа жағымсыз көрінбеу, телефонмен көпшіліктің ортасында дауыстап ұзақ сөйлеспеу, бұзақылық жасамау – бәрі жастардың мәдениетін көрсетеді.
Сәлем – сөздің анасы. Танысыңа сәлем берсең, батаңды аласың, танымағанға сәлем берсең, атаңа рахмет аласың. Яғни адам өз ортасында танымаса да ілтипатпен амандасып алуы арқылы өз әдебінен хабар береді.
Күнкөріс үшін жүрген таксилердің жүргізушілерінің арасынан қарапайымдылығы қазақы, сөзге қонақ беретін, әдебі әлемін жарқыратып жіберетін жастар бар. Міне, олардың жолаушылары көліктен түсіп кеткеннен кейін де көз алдарында тұрып, өнеге болады.
«Адамның аласы ішінде» дейді. Ол рас. Адамның қандай екенін аңғара алмауымыз мүмкін. Бірақ іс-әрекетінен белгі берген адалдық тайға таңба басқандай жанға шуақ құяды. Ал арамдық бесенеден белгі берсе, ол адамнан аулақ жүрген пайдалы.
Нарық заманында пайда ойлап, таңның атысы, күннің батысы екі теңгесін төрт теңге еткісі келетін, ел арасында маңдайының терін төгіп, аязда тоңып, аптапта күнге күйіп жүрген жандар бар. Еңбегі еш болмауы үшін сол жанның жан жағынан күтері – мейірім мен сыпайылық. Ел арасында сыпайылық самалы соғып тұрса, жамандық атаулы қашып кетер еді.
Жастар арасында еңбекке ұмтылыс болғанда ғана жемісін көре аламыз. Түнімен телефон көріп, күндіз ұйықтап, үлкенді үлкен демейтін, кішіге әлімжеттік ететін дөрекі сөз иелері де өкінішке қарай, жеткілікті. Түнгі клубтарда уақыт өткізу, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүргісі келетіндер – көмескі жол иелері. Оларға қамшы керек. Сөз қамшысы – ең жақсы тәлім. Отбасы-ошақ қасында еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастырмай, жетістікке жету қиын. Адамды адам еткен – еңбек.
Бала кезден еркелетіп, ақшаны қолына молдап ұстатқан жастар безбүйрек, ақшақұмар болып кетеді. Сондықтан балаға керегін өзі ата-ана алып беріп, ақшаға құмар етпей, оқуға, спортқа бейімдеп, кітапты сүюге машықтандырғанның берері мол.
Шаңырақтың шайқалуы екі жастың әдебінің аздығынан болады. Сөз көтермеу, кешіре білмеу, артын ойлай алмау, тереңнен ойлап, өз қатесін мойындамау секілді кемшіліктердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалады.
Балалы болғаннан соң бала алдындағы жауапкершілік – өте мықты сынақ. Балалы әйел, отбасылы ер азамат балаларының алдында үлгі екенін ұмытпауы тиіс.
Арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген ер азаматтың шаршап келгенде отбасында берекесін келтіріп отырған әйелі болса, еткен еңбегі мен көрген бейнетіне риза болған еркек мал табудан ешқашан шаршамас.
Шашын жинауға шамасы келмейтін, самай шашы дудырап, тамағына түсіп жүретін, ерте тұрып төсегін жинамайтын салақ әйелдің ер азаматын құдай аясын. Оны тәрбиелеймін деп азаматтың өмірі өксіп өтері анық.
Олай болса, осы келеңсіздіктер болмас үшін баланы жастан, әйелді бастан тәрбиелеу керек.
Қанзада АЛТАЕВА,
ардагер ұстаз
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!