Дүйсенбі, 17 маусым, 00:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Тәрбие қателікті көтермейді

25.05.2024

164 0

Сурет:kazinform.kz

Өңірде жасөспірімдер тәрбиесі мінберден түспей тұр. «Тентегін тезге сала алмай», жарты әлемге жария болған жағдайлар көбеюде. Тәрбиедегі олқылықтың аймақтың бірнеше ауданында бірінен соң бірі ізін іле сала қайталанып жатқаны қынжылтады. Апта ағымында білім саласындағы түйткілдердің тарқауын іздеген кеңейтілген мәжілісте көптеген мәселе көтерілді. Мұндағы басты нысана – тәрбиеден қалыс қалған тұсымыз. Жиынға облыс әкімі, облыстық мәслихат төрағасы, облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы, құқық қорғау органдарының, департамент және басқармалардың басшылары, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Аудан әкімдері мен активі бейнебайланыс режимі арқылы қосылды.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға жұмыс істеу керегін ескертті. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген еді. Тәрбие солқылдақ болса, білімде олқылық болары ақиқат.
– Білім беру саласына қойылатын негізгі екі ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі – саналы тәрбие беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі 171 мәдениет үйі жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін, түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс істеуде. Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар толастар емес. Соңғы уақытта оқушылардың электронды темекіге әуестенуі, өз-өзіне қол жұмсауы, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жиі көрініс беруде. Отбасында бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі белең алып, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталатын алтын уақыт зая кетуде. Бұл барша ата-ананың басты уайымына айналды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
«Тәрбие – тал бесіктен» екенін ежел¬ден айтқан дана қазақтың әрбір ұстаны¬мында ұлын жауап¬кершілікке баулып, қызын қырық үйден тыйған игі дәстүр бар. Жиында аймақ басшысы ұлттық құн¬дылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, облыстық білім басқармасына мектептер мен колледждерде «Аналар академия¬сының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұ¬мысын жандандыруды тапсырды. Басқармаға бұл ғана емес, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың іс-шаралар жоспары аясында күшейтілген жұмыс жүргізу жөнінде де пәрмен берілді. Сонымен қатар мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды бейімдеу үшін үйірмелерге тарту, жазғы демалыспен қамту қажет. Бұл өз кезегінде Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген ойымен ұштасады. Бос уақыты тиімді өткен баланың теріс қылыққа зауқы да соқпасы анық.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруге жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірім қыздардың денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейту керек. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, әлеуметтік карта әзірлеуі тиіс. Полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қоюы қажет. Қала, аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қалалық, аудандық ардагерлер, қоғамдық, әйелдер кеңестерін жұмылдыру арқылы тәрбие жұмыстарын жандандыру жүктелді. Ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларына қала, аудан әкімдері және полиция департаментімен бірлесіп, вейп пайдалануға толық тыйым салу және сатылымын болдырмау шараларын қабылдау тапсырылды.
– Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын. Ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – жұмыстың негізгі бағыты. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, соңы небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Орын алған ауыр жағдайлар осыған дәлел. Бүгінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқан. Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімінің шешімімен Шиелі ауданының әкіміне қатаң сөгіс жария¬ланса, аудандық білім бөлімінің бас¬шысын, мектеп директорын, учас¬ке¬лік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ Сырдария ауданының әкімі де қатаң сөгіс алды. Ал облыс әкімі аппаратына қылмыстың алдын алу үшін барлық ауылға мониторинг жүргізуді жүктеді. Мәжілісте балалар қауіпсіздігі мә-селесі де тал¬қыланды. Жуырда Жала¬ғаш ауданы Қара¬кеткен ауы¬лынан Түркістан қаласына сая¬хаттауға шық¬қан, оқушылар мінген микроавтобустан өрт шық¬қаны белгілі. Аймақ басшысы сақтық шараларының маңыздылығын назарға салып, жазғы демалыс кезінде жол қауіпсіздігін жіті қадағалауды міндеттеді.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: