Сейсенбі, 28 сәуiр, 01:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2243)
28.04.2026
PDF мұрағаты

«Таза Қазақстан» маусымдық сенбілік емес

28.04.2026

44 0

Маусымдық сенбіліктермен ғана шектеліп келген тазалық мәселесі бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» атты ауқымды мемлекеттік бастама деңгейіне көтерілді. Бұл қоқыс жинау науқаны емес, елдің жаңа мәдени коды мен азаматтық қоғам қалыптастырудың стратегиялық жолы. Дала тазалығын сана тазалығымен ұштастырған бұл акция экологиялық саясаттың басым бағытына айналып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа форматтағы диалогқа жол ашты. Көше тазалаудан  басталған жұмыс ендігі жерде заңнамалық реформаларға, цифрлық бақылауға және ұлттық құндылықтардың жаңғырумен жалғасын табуда.

2024 жылдың сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» акциясы қысқа мерзім ішінде нәтижеге қол жеткізді. Ел Үкіметі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, жалпы есеппен жеті миллионға жуық адам экологиялық іс-шараларға белсенді қатысқан. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы ең ауқымды қоғамдық жұмылдырудың біріне айналды. Акция аясында 844 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигондарға жеткізген. Бұл елдегі заңсыз үйінділер мәселесін шешуге үлкен серпін беріп, қалалар мен ауылдардың санитарлық жағдайын жаңа деңгейге көтерді.

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кең ауқымда жүзеге асырылып келеді. 25 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманы қолдап, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Акция аясында ел бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Осы кезеңде 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Жыл сайын акцияға шамамен 6,5 миллион адам, оның ішінде 780 мың ерікті қатысады. Сонымен қатар 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру мақсатында 1 миллион гектардан астам ау­маққа 1,6 миллиардтан астам көшет отырғызу жоспарланған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілген. Алдағы уақытта жүздеген мың гектар аумақты қам­титын экологиялық аймақтар құру көзделіп отыр. Бастама тек тазалық жұмыстары­мен шектелмей, ел аумағын көгалдандыру, қоғамдық орындарды абаттандыру және халықтың экологиялық жауапкершілігін арт­тыруды көздейді.

Елімізде «Таза Қазақстан» республика­лық экологиялық акциясы кең ауқымда жүзеге асырылып келеді. 25 сәуірде Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастама­ны қолдап, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Акция аясында ел бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Осы кезеңде 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Жыл сайын акцияға шамамен 6,5 миллион адам, оның ішінде 780 мың ерікті қатысады. Сонымен қатар 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру мақсатында 1 миллион гектардан астам аумаққа 1,6 миллиардтан астам көшет отыр­ғызу жоспарланған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілген. Алдағы уақытта жүздеген мың гектар аумақты қам­титын экологиялық аймақтар құру көзделіп отыр. Бастама тек тазалық жұмыстары­мен шектелмей, ел аумағын көгалдандыру, қоғамдық орындарды абаттандыру және халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Әлем тазалық туралы айта бастады

ХХІ ғасырда тазалық ұғымы көше сыпырумен өлшенбейді. Бүгін бұл қалдықты басқару, ауаның сапасы, су қауіпсіздігі, пластик ағыны және азаматтық мінез-құлық мәселелерін біріктіретін күн тәртібіне айналды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының есебіне сүйенсек, әлемдегі коммуналдық қатты қалдық көлемі 2023 жылғы 2,1 млрд тоннадан 2050 жылға қарай 3,8 млрд тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ал қалдықты дұрыс басқармаудың тікелей және жасырын шығыны 2050 жылға таман жылына 640,3 млрд долларға жетуі мүмкін. Сондықтан көптеген ел тазалықты енді бір реттік акция емес, қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениеттің өлшемі ретінде қарастыра бастады. Бұл бағытта әлемдік ауқымдағы «World Cleanup Day» қозғалысы 212 елде 139 миллионнан астам адамды біріктіріп үлгерді. АҚШ-та Keep America Beautiful ұйымы жүргізіп отырған «Great American Cleanup» өзін елдегі ең ірі community improvement бағдарламасы ретінде таныстырады және 2026 жылғы 4 шілдеге дейін 25 миллиард қоқыс бөлшегін жинауды мақсат етіп отыр. Сингапурдағы «Clean & Green Singapore» науқаны болса, тұрғындарды таза, жасыл және тұрақты өмір салтына ынталандыруды басты миссия ретінде белгілейді. Яғни халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тазалық енді коммуналдық қызметтің ғана емес, ұлттық мәдениеттің де көрсеткіші.

Ластану жай ғана эстетикалық мәселе емес

Ластану туралы әңгіме көбіне көзге көрінетін қоқыс пен ретсіз үйінділерден басталатыны жасырын емес, бірақ оның шынайы салмағы мен қоғамға тигізер зардабы әлдеқайда терең. Қазіргі таңда экологиялық ахуалды тек қала көркі мен эстетика тұрғысынан қарастыру – үлкен қателік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерек­теріне сүйенсек, жер шарындағы халықтың басым көпшілігі, нақтырақ айтқанда, оннан тоғызы ДДСҰ белгілеген қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін лас ауамен тыныстауға мәжбүр. Ауа­ның сапасыздығы тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары ауруларын көбейтіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қаржылық салмақты еселеп арттырып отыр. Экология мәселесі бүгінде тікелей демографиялық қауіпсіздік пен еңбек ресурстарының сапасына әсер ететін факторға айналды.

Су ресурстары мен санитария саласындағы жағдай да осы мәселенің күрделілігін айғақтай түседі. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2025 жылғы тұрақты даму туралы есебінде көрсетілгендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша әлемде екі миллиардтан астам адам сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Бұл дағдарыс тек құрғақшылықпен ғана емес, су көздерінің өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың ластануымен тікелей байланысты. Үш миллиардтан астам адамның тиісті санитарлық жағдайы жоқ екенін ескерсек, ластанудың әлеуметтік теңсіздікті тереңдетіп, жұқпалы аурулардың ошағын қалыптастыратынын түсіну қиын емес. Таза су тапшылығы мен гигиенаның төмендігі экономикалық белсенділікті тежеп, дамушы елдердің жалпы ішкі өніміне айтарлықтай нұқсан келтіруде.

Бұл жаһандық мәселеге пластик қалдықтарының көбеюі тағы бір қауіпті өлшем қосып отыр. БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасының есептеуінше, жыл сайын мұхиттар мен өзендерге жиырма миллион тоннадан астам пластик қалдығы түседі. Бұл тек су астындағы флора мен фаунаның жойылуы емес, сонымен бірге микропластиктің қоректік тізбек арқылы адам ағзасына енуіне әкеп соғатын жасырын қауіп. Пластик дағдарысы балық шаруашылығына, туризмге және жағалаудағы инфрақұрылымға миллиардтаған доллар шығын әкелуде. Ластану мәселесі көше көркін бұзатын сыртқы фактордан асып, ұлттық экономиканың табиғи капиталын әлсірететін және болашақ ұрпақтың өмір сүру ортасын тарылтатын жүйелі кедергіге айналды. Табиғатты қорғау сұлулықты сақтау ғана емес, бұл адамзаттың аман қалуы мен экономикалық тұрақтылықтың басты шарты.

Экология – өзекті мәселе

Қазақстан үшін экологиялық тәртіп мәселесі тек жаһандық «жасыл» трендтерге ілесу емес, бұл елдің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын сақтау үшін қажеттілік. Мемлекеттің 2025 жылғы статистикалық деректеріне сүйенсек, 2024 жылы еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 25,8 пайызды құраған. Ал өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу мен қайта айналымға қосу көрсеткіші сол кезеңде төмен болды. Бұл сан соңғы жылдары белгілі бір ілгерілеудің бар екенін көрсеткенімен, дамыған елдердің стандарттарымен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Қалдықтарды толыққанды айналым экономикасына (circular economy) көшіру үшін бұл көрсеткіштерді еселеп арттыру мемлекет алдында тұрған негізгі меже. Сондықтан экологиялық саясатты жаңғырту мәселесі бүгінде экономикалық тиімділік пен ресурстарды ұтымды пайдаланудың басты тетігіне айналды.

Осы тұста «Таза Қазақстан» акциясының мемлекеттік маңызы айқындала түседі. Қазақстандағы экологиялық проблемалардың шешімі тек қоқысты шығару логистикасы немесе полигондар санын көбейтумен ғана шектелмейді. Мәселенің өзегі әрбір азаматтың күнделікті мінез-құлқына, инфрақұрылымның заманауи сапасына, цифрлық бақылау жүйелерінің тиімділігіне және жергілікті атқарушы органдардың кез келген заңсыздыққа әрекет ету жылдамдығына келіп тіреледі. Ел үшін экологиялық реформалар ең алдымен басқару жүйесі мен қоғамдық қатынастарды трансформациялау. Яғни, бүгінгі таңда мәселе «қоқыс бар ма, жоқ па» деген шеңберден шығып, «қоғам экологиялық тәртіпті күнделікті өмір сүру нормасы және мәдениеті ретінде қабылдай алды ма?» деген сауал деңгейіне жетті.

Бұл тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы маусымдық сенбіліктердің жиынтығы емес, ұлттық деңгейдегі ауқымды мәдени және институционалдық өзгеріс жасауға бағытталған прагматикалық қадам. Экологиялық жауапкершілік институтын қалыптастыру арқылы мемлекет қоршаған ортаға зиян келтірудің экономикалық тұрғыдан тиімсіз және әлеуметтік жағынан айыпталатын әрекет екенін ұғындыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыс экологиялық білім беруден бастап, қалдықтарды өңдеу индустриясын қолдауға дейінгі кешенді шараларды қамтиды. Түптеп келгенде, бұл бетбұрыс Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы жауапты әрі өркениетті мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтып, болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз табиғи ортаны аманаттаудың жалғыз жолы.

«Таза Қазақстан»: акциядан тұжырымдамаға дейін

Ел Үкіметі 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ресми түсіндірмеге сәйкес, бұл құжат қоғамдық орындарда коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуды, экологиялық қауіпсіз тәжірибелерді енгізуді және қоршаған ортаны ластауға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалып­тастыруды көздейді. Тұжырымдама іс-қимыл жоспарымен бірге қабылданған. Үкімет жанындағы түсіндірмеде тұжырымдаманың 7 бө­лімнен тұратыны, оның негізгі бағыттары экологиялық ойлау мен мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық білім беру және ақпараттық-ағартушылық жұмыс екені көрсетілген. Сондай-ақ 2025-2027 жылдары қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жобаларын іске асыру, автоматтандырылған ауа мониторингі бекеттерін кеңейту, су жүйелерін цифрландыру, экологиялық құқық бұзушылықтарды бақылауды күшейту сияқты шаралар қарастырылған. Бұл жерде мемлекет тазалықты тек қол еңбегімен емес, инфрақұрылым, бақылау және цифрлық басқару арқылы да шешуге тырысып отырғаны байқалады.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының бір ерекшелігі – оның цифрлық кері байланыс тетігі. eGov Mobile қосымшасындағы сервис арқылы азаматтар жол, саябақ, кіреберіс, жарықтандыру, санитарлық жағдай секілді мәселелерді фотоға түсіріп, жауапты органдарға жібере алады. Өтінім санатына қарай орындау мерзімі автоматты түрде белгіленеді, ал жұмыс аяқталған соң орындаушы фото мен түсініктеме арқылы есеп береді. Өтінім жіберуші де атқарылған жұмыстың сапасын бағалай алады. Ресми дерек бойынша, сервис іске қосылған сәттен бастап-ақ сайт пен Telegram-бот арқылы 1500-ден астам өтінім түскен. Бұл «Таза Қазақстанды» дәстүрлі сенбіліктен тазалық тәртібін сақтауға жақындатады.

Сыр елі – жасыл желекке бөленген аймақ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде кең көлемде жалғасын тапты. Президент саябағында өткен акцияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, басқарма, департамент, инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйымдары және студенттер қатысты.

Облыс бойынша 25 мыңнан астам адам акцияға атсалысты. Нәтижесінде 12 мыңнан астам тал егіліп, 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 250-ден астам техника жұмылдырылды. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысып отырғанын айғақтайды.

Облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өтуде. Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата мемориалды аллеясы жаңартылып, Президент саябағы қайта жаңғыртудан өтуде.

 «Таза Қазақстан» акциясы ел көлемінде табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін нығайтатын ортақ іске айналса, Қызылорда облысында бұл бастама нақты жұмыстармен жалғасып, жасыл желек егу, аумақтарды абаттандыру, қалдықтарды басқару және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жаңа серпін беріп отыр.

Жыл басынан бергі көрсеткіштер өңірде бұл бағыттың жүйелі сипат алғанын дәлелдейді. Облыстағы тазалық шараларына 46 934 ерікті, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып, 1067 тонна қоқыс қалдығы жиналған. 156 сквер мен парк, 225 тарихи-мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан, 407 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 8 су айдыны мен 843 көше бойы тазартылған. Бұл жұмыстарға 248 техника жұмылдырылған. Көгалдандыру бағыты да бастаманың мазмұнын тереңдете түседі. Өңір климатына бейімделген 27 450 түп қарағаш, терек, Сыр талы секілді көшеттердің егілуі экологиялық акцияның ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс істейтінін байқатады. Бұл арада ағаш отырғызу, өңірдің ыстық климаты мен шаңды ортасына қарсы табиғи қалқан қалыптастыру қадамы ретінде маңызды. Арал ауданындағы «Келешек мектебінде» өткен «Жасыл мұра» шарасында түлектердің 100-ден астам тал егуі бұл бастаманың тәрбиелік және ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын игі іс екенін айқындап берді. Яғни экологиялық мәдениет әкімшілік тапсырма күйінде қалмай, мектеп пен қоғамды байланыстыратын құндылыққа айнала бастады.

Демеушілер мен бюджет қаражаты есебінен демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары жаңартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделген. Қызылорда қаласындағы орталық алаң, мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата скверінің қайта жаңғыртылып, халық игілігіне берілуі, Президент саябағының жаңадан салынып, тұрғындар мен қонақтардың демалыс орнына айналуы –  осының нақты көрінісі. Бұл жерде экологиялық саясат қаланың сыртқы келбетімен, тұрғындардың күнделікті жайлылығымен және қоғамдық кеңістіктің сапасымен тікелей байланысып отыр. Өңірлік деңгейдегі жұмыстың тағы бір маңызды бағыты –  қалдықтарды басқару инфрақұрылымы. Қызылорда облысында бұл салада 98,7 миллиард теңгенің 9 жобасы бар. Жаңақорғандағы сұрыптау кешенінің іске қосылуға дайын болуы және Сырдария ауданында жаңа полигонның пайдалануға берілуі «Таза Қазақстанның» нақты экологиялық экономикаға қарай қадам екенін көрсетеді. Бұл өте маңызды жайт. Өйткені қоқысты жинау бір бөлек те, оны сұрыптау, өңдеу мүлде басқа мәселе. Егер осы екінші кезең жолға қойылмаса, кез келген тазалық акциясының нәтижесі уақытша ғана болады.

Облыста өткен мәжілісте өңірлік дамудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, туризмді дамыту, қалалардың сыртқы келбеті және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мәселелерінің қатар қаралуы да бекер емес. Бүгінгі таңда тазалық мәселесінің экономикадан, туризмнен, инфрақұрылымнан және өмір сапасынан бөлек қаралмайтынын білдіреді. Өңірдегі туристік аймақтар, демалыс орындары мен жол бойындағы сервистік нысандардың талапқа сай болуы да тікелей тазалық пен тәртіп мәдениетіне тәуелді.

Қызылорда облысының ағаш отырғызу көрсеткіштері де бұл жұмыстың ұзақ мерзімді сипат алып отырғанын аңғартады. Мемлекет басшысының елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары толық орындалып, 958,8 мың ағаш егілген. Қаланың кіреберісіне 7 мың, әуежай аумағына 4 мыңнан астам алма ағашының отырғызылуы, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көгалдандыруға 18 миллиард теңге бөлінуі өңірдің экологиялық саясаты енді бір реттік шаралар шеңберінен шығып, инвестициялық және инфрақұрылымдық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Алдағы 2025-2030 жылдары 71,5 мың ағаш, 658,6 мың шаршы метр жасыл аймақ және 428,4 мыңнан астам гүлзар отырғызу жоспары осы жұмыстың жалғасатынын білдіреді.

Бұл бастама аймақтарда тек қоқыс шығарумен шектелмей, ауланы ретке келтіру, қоғамдық орындарды жаңарту, тарихи нысандарды күту, қалдықтарды басқару жүйесін құру, көгалдандыру көлемін ұлғайту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүргізілуде.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: