Сәрсенбі, 24 сәуiр, 08:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Театр жастары: Мұхамедияр мен Ақбота

24.02.2024

454 0

Театр – тәрбие бесігі. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі де тегін болмаса керек. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету әсте мүмкін емес. Театр – өнерпаздарды бір шаңырақ астына біріктіріп, бір отбасындай жақындастыратын шаңырақ. Бүгінде театр ұжымы мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Соның ішінде жас өнер иелері де бар.

Сахна қашанда киелі. Мұндағы өнер иелерінің еңбегін тамашалап келетіндер қатары күн санап артуда. Адамның жан дүниесін тыныштандырып, керемет сезімге бөлейтін театр ұжымының жұмысы ерен. Дәл осы күні театрдың шығармашылық ұжымы наурыз айында өтетін жаңа преьмераға дайындық үстінде. Сол дайындық барысында театр ұжымына енді қосылса да бірнеше рөлді сомдап, көрермендердің көзайымына айналып үлгерген қос жас Мұхамедияр Абсаттар мен Ақбота Есмұхамбетованы әңгімеге тарттық. Себебі олар – театрдағы жаңа леп, көрермендер үшін жаңа есім.

Бала кезден спектакль көрермені атанған

Мұхамедияр Достиярұлы 2002 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. 2023 жылдың маусым айында Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясын бітірген. Былтырдан бастап Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыс­тық қазақ академиялық музы­калық драма театрында артист болып қызмет атқарады.

Театрға келгелі Қ.Жүнісовтің «Love is…» комедиясын­да – Тұрсынбек, Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасында – Ертай, Р.Отар­баевтің «Нарком Жүргенов» тарихи драмасында – Щукин, А.Елгезектің «Бол­маған бала­лық шақ» драма­сын­да – Тілеукеш рөлдерін өз сомдап шықты.

– Негізі бұлар еңбек жо­лымдағы алғашқы қойы­лымдар. Алдағы уақытта әлі талай рөлді ойнап шығамын деп ойлаймын. Шынымды айтсам, мен актер болуды бала кезден армандадым. Сол кезде мен осы театрға келіп, спек­такльдерді жиі та­ма­шалап жүретінмін. Бұл – арманымның бастауы. Сол мақ­сатқа жету үшін мен бала кезден дайындалдым.

Тоғызыншы сы­­ныпты бітірген соң колледжге түсе ал­май, он бірінші сыныпты аяқтап, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер ака­демиясына актер мамандығын бойын­ша оқуға түстім. Қазір осы үлкен ұжымның арасында жүрмін. Сол аға буыннан әлі де үйренерім көп, – деді Мұхамедияр.

Ұжымның ең кішкентайы

Келесі жас актриса – Ақбота Ғаниқызы. Ол 2002 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2019 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, 2023 жылы «Драма театр және кино артисі» мамандығы бойынша бітірді. Өткен жылдан бастап, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрына артист болып,  жұмысқа орналасты.

Осы уақыт аралығында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасында – Дәмеш рөлінде, Қ.Жүнісовтің «Love is…» комедиясында – Қымбат, Т.Уфимцеваның «Ұйқыдағы ару» балалар қойылымын­да – Ханша, А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасында – Козлова, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасында – Айнагүл, И.Меччидің «Арыстан патша» балалар қойылымында – Нала және Зазу рөлдерін сомдады.

– Өнерге бала кезден қызыққанмын. Кішкентайымнан бастап ән айтып, қойылымдарға қатысып, өзімді жан-жақты көрсеткім келіп тұратын. Республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындардың иегері де болдым. Сол марапаттың өзі мені одан сайын жігерлендіре түсті. Бойжете келе актриса боламын деп шештім. Негізі адам баласы мамандық таңдауда қателеспеуі қажет. Мен қателескен жоқпын деп ойлаймын.

Қазір осы театрдағы ұжымның ең кішкентайымын. Ұжымым өзіме қатты ұнайды. Өзім кішкентай болғаннан ба, барлығынан қамқорлық байқалады, – деді Ақбота.

Екеуіне ортақ сұрақ

Әңгіме барысында театрдағы екі жас өнер иесіне ортақ сұрақ қойдық.

 – Қандай жанрда ойнаған ұнайды?

Мұхамедиярдың жауабы:

– Менің ойымша кез келген актер өзінің бойындағы қабілетті аша алатындай рөлді сомдағаны дұрыс. Сол кезде кейіпкердің келбеті сәтті шығады. Мысалы, өзіме драманы ойнаған ұнайды. Кей кездері комедия жанрын да ойнаймын.

Ақботаның жауабы:

– Негізі қойылымда басты рөлде ойнайтын кейіпкерлер кейде нәзік, талдырмаш болуы керек. Сол кезде маған сол рөлде ойнауға тура келеді. Мен өзімді барлық жанрда ойнап, өзімді сынап көруім қажет. Себебі мамандығым үшін көп нәрсе үйрене түсемін.

Бірақ соңғы кезде мен мынадай рөлді сомдағым келіп жүр. Ол өзіме қарама қарсы кейіпкер, яғни зұлым адамдар болады. Сол рөлді ойнап көрсем деген ойда жүрмін.

– Мақсаттарың қандай?

Мұхамедиярдың жауабы:

– Мендегі мақсат – білімімді одан әрі шыңдау. Яғни магистратура, докторантураны Чехия елінде оқысам деген ойым бар. Алдағы бір, екі жылдықтағы мақсатым осындай болып тұр. Осы кезде ағылшын тілін меңгеру үстіндемін. Білімімді жетілдіріп, жаңа ізденіспен еліме қайта оралсам деп мақсат қойдым өзіме.

Ақботаның жауабы:

– Бала кездегі арманы жеттім. Өнер жолында актриса болуды қаладым. Қазір еңбек жолым басталды. Ендігі мақсатым – туған жерімді, Қазақстанды әлемге танытатындай актриса болғым келеді.

– Жастардың театрға қызығығушылығы қандай?

Мұхамедиярдың жауабы:

 – Мүмкін, ол жастардың кері көзқарасы бастапқыда болған шығар. Бірақ кейінгі кезде спектакль тамашалауға, театрға келуге жастардың қызығушылығы өте жақсы. Әр спектакльдің өз көрермені бар.

Ақботаның жауабы:

– Қазір әлеуметтік желі дамыған. Әр қойылымнан кейін байқағаным, көп жастар біздің парақшамызға тіркеліп, сұрақтарын қойып жатады. Жалпы өзім оқырмандарыммен байланыс орнатып отырамын. Ара­сында бізге сәттілік тілеп тұратын жас көрермендер де баршылық. Тіпті балалар да театрға келеді. Сондықтан жас көрермендеріміз көп.

Тілші түйіні:Міне, екі жаңа есімнің жауаптары осылай өр­біді. Біз де сахнадағы жас­тарға сәттілік ті­ледік. Жалпы «Театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда» деп жазушылар ай­тып кеткендей, театр көрінгеннің ермегі емес, ол – үлкен еңбек. Мұны өз ісімен, бала кездегі арманын жүзеге асырып, дәлелдеп жүрген осындай жастардың бар екені бізді ерек­ше қуантты.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: