Сейсенбі, 19 мамыр, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

Үнемдеуге көшіп жатырмыз

19.05.2026

43 0

Байқаған боларсыздар, кейінгі кезде кәсіпкерлердің сауда бұрынғыдай емес, азайды деген уәжін естіп жүрміз. Өзіміз де қаржыны үнемдей бастағаннан ба, бейберекет зат сатып алмайтын болдық. Сарапшылар автокөлік нарығында да тоқырау басталғанын айтуда. Ірі сауда орталықтарында «жалға беріледі» деген жазулар да көбейген. Кеше ғана келушілер арылмайтын киім дүкені мен базарларда сауда бұрынғыдай емес қарқыны бәсеңдеген. Бұл қаржылық тоқырау ма, әлде ел ақшасын үнемдей бастады ма? Сараптап көрейік.

Биылдан бастап күшіне енген жаңа салық кодексі бизнеске қосымша салмақ болды. Қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі тауардың өзіндік құнының күрт өсуіне әкелді. Киім дүкендерінен бастап, азық-түлік емес тауарларға дейін бағаның өсуі байқалуда. Бұл онсыз да азайып жатқан сатып алу қабілетін одан әрі тежеп, сауданың «тоқырауына» түрткі болды. Үкімет бұл қадамды бюджет түсімдерін арттыру және Ұлттық қорға тәуелділікті азайту үшін жасалған мәжбүрлі шара деп түсіндіреді.

Сарапшылардың пікірінше, сауданың азаюына салық реформасы тікелей себепші екен. Кәсіпкерлер шығынды жабу үшін бағаны өсірді, ал тұтынушы бұл бағаны көтере алмай, сатып алудан бас тартады.

2025 жылы билік жеңілдетілген салық декларациясына негізделген арнайы салық режиміне қатысты шектеулер енгізілетінін жариялаған кезде, кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық тудырды. Сол кезде Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін Қазақстанда шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 207 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседен асты. Билік мұның едәуір бөлігін белсенді емес немесе формалды түрде тіркелген кәсіптің жабылуы деп түсіндірді. Жаңа салық кодексінің енгізілуі кәсіпкерлердің жабылуының бұрын-соңды болмаған толқынын тудырған. Әсіресе бөлшек сауда, киім бутиктері, шағын дүкендер мен қызмет көрсету саласындағы бизнес қатты қысымға түсті. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин нарықтағы бұл өзгерістер «қалыпты әрі табиғи құбылыс» екенін айтқан.

– Қызметін тоқтатқан бизнес нысандарының 95 мың­дайы жабылғанға дейін де кәсіппен айналыспаған, кіріс түсірмеген. Кейбір азаматтар басқа компанияларда басшы ретінде жазылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелгендер де кездесті, өзгерістер іскерлік саланың нашарлауын емес, «нарықтың тазаруын» және бизнес ортаның құрылымдық тұрғыда қайта жасақталуын білдіреді, – деп түсіндірді вице-премьер.

Қазақстан экономикасына той-жиындардың да әсері бар.

Бұрын қазақстандықтар үшін той – әлеуметтік мәртебені көрсету құралы болатын. Әлемдік тоқырау пандемиядан кейін халықтың психология­сы өзгерді. Қазір жастар 500 адамға дүркіретіп той жасағаннан гөрі, сол қаражатты пәтердің алғашқы жарнасына салып немесе кәсіп ашып, шетелге қыдырғанды жөн көреді. Бұрын орташа той 200-300 адамнан басталса, қазір 50-80 адамдық «шағын-тойлар» трендке енгені де байқалады.  Сонымен бірге кортеж жалдау, гүлмен безендіру, шақыру билеттерін басып шығару салаларында тапсырыс көлемі айтарлықтай төмендеген.

Серік Жұманғарин атап өткендей, тұтынушылық несиені оңды-солды беру­ді азайту той индустриясын тежеді. Той-жиынның айтарлықтай бөлігі банк несиелері есебінен қаржыландырылып келген еді. Несие алу талаптарының қатаңдауы «тойды қарызға өткізу» мүмкіндігін шектеп, халықты «көр­песіне қарай көсілуге» үйретуде. Тойға шақырылған қонақтардың өзі шығыннан қашып, тойға барудан бас тартатын деңгейге жетті.

Бұрын мейрамханалар мен сұлулық салондары, киім дү­кен­дері мен гүл сатушылар дәл осы «той маусымында» жылдық табысының негізгі бөлігін табатын. Алайда той форматы кішірейіп, шағын отбасылық кештерге ауысып жатыр. Халықтың несиелік жүктемесінің жо­ғары болуы мен тойға шашылудың тиімсіздігін түсінуі бұл саладағы табысты 20-30%-ға тө­мендеткен. Қалада­ғы белгілі «Орда» мейрамханасына ха­бар­ласып, соңғы уа­қыт­та қазақ тойды қалай өткізіп жүргенін сұрадық. Мейрамхана әкімшісі той саласында да үлкен өзгерістер барын айтады. Бұрынғыдай 300-400 адам шақы­рып той жасайтындар азайған. Қазір той жасауға келген жұрт шағындау етіп, 100-150 адамға ғана тапсырыс береді екен.

Тұтыну нарығындағы то­қыраудың тағы бір айқын индикаторы – автокөлік саудасы. Соңғы екі айда жаңа көліктердің де, ескі көліктердің де сатылымы бәсеңдегені байқалады. Бұған автонесиелердің пайыздық мөлшерле­месінің жоғары болуы және халықтың ірі сатып алуларды кейінге шегеруі се­беп болған. Көлік сатумен айналысатын Ерлан Отарбаев биылдан бастап көлік бағасының төмен­дегенін айтады. Оның себебін доллар бағамының төмендеуі мен Қазақстан нарығында сұраныстың бәсеңдеуімен түсіндіреді.  Оның айтуынша, АҚШ валютасының құлдырауынан бізге кіретін импорт автокөліктер арзандаған.

– Ішкі нарықта көлікке сұраныс төмендеді. Соған қарамастан сырттан көлік әкелетін жеке тұлғалар мен автосалондардың көбеюі бәсекені арттырып,  темір тұлпар бағасының арзандауына әкелді. Төлем қабілеті жоғары халықтың көп бөлігі несиеге көлік алып алдағы 7-8 жылы несие төлеумен өтеді. Ал табысы аз азаматтарға банктер несие талаптарының қатаңдауына байланысты өтініштерін мақұлдамай отыр. Сондықтан көлік саудасы төмендей береді, – дейді кәсіпкер.

Байқағанымыздай, алыпсатарлар мен автосалондар бұрынғыдай сауда жоқтығынан көбі жабылып немесе басқа салаларға ауысып кетуде. Бізде жыл сайын шетелден келетін автокөліктердің утиль алымы мен алғашқы тіркеуі қымбаттай беретінін ескерсек, алдағы жылы да тағы қымбатшылық күтіп тұр. Ал нарықта жыл сайын жаңа тұтынушылардың есебінен темір тұлпарға  деген сұраныс өсіп отырады.

– Нарықтағы дәл осы жағдай қазір қолында нақты қаражаты бар көлік іздеп жүрген қазақстандықтарға тиімді. Олар қазір бұрынғыдай аспандап тұрған бағаға емес көлігін өткізе алмай жүргендерден анағұрлым төмен бағаға алады. Меніңше, елімізде көлік бағасы тағы да түседі деп күтудің қажеті жоқ сияқты. Доллар бағамы тағы да түспесе, темір тұлпар бағасы бұдан әрі құлдырамайды. Қазір алыпсатарларға нарықта біраз ойыншылардың азайып, сұраныстың қалыпқа түскенін күту керек. Сауданың төмендеуі уақытша құбылыс деп ойлаймын, – деді Ерлан Отарбаев.

Несие жүктемесі мен инфлияция қысқан жұрт енді әр тиынын санап жұмсауға көшкен. Бұл үрдісті экономист Бауыржан Ысқақов халық табысының аздығымен байланыстырады. Ресми түрде жалақы өсіп жатқанымен, елдің еркін жұмсайтын ақшасы азайғанын, қазіргі таңда азық-түлік, коммуналдық төлемдер, несие төлемдері қымбаттағанын жеткізді.

– Табыс артқанымен, шығын одан да тез өсіп жатыр. Сондықтан адамдар бұрынғыдай техника, тойға, киімге артық шығынды қысқартуда. 2021-2024 жылдары тұтыну несиемен қатар жүргені белгілі. Ол уақытта бөліп төлеу, несиеге алу, онлайн төлем кең таралған еді. Қазір отбасылардың ай сайынғы шығыны көбейгені себепті қажетсіз затты алмай, ақша жинау әдісіне көшкен, – дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.

Экономикада «күту психологиясы» деген маңызды ұғым бар. Егер қоғамда доллар бағамының өсуі, салықтық жүктеменің артуы немесе жұмыс орындарының қысқаруы туралы теріс болжамдар басым болса, тұтынушылар үнемдеу режиміне көшеді. Бүгінде біз дәл осындай «сақтық кезеңінде» тұрмыз. Халық ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарап, ірі шығындарды мейлінше тежеп отыр.

– Сауда да оффлайнан онлайнға ауысуда. Бұрын базарға барып, аралап сатып алатын азаматтар қазір көбіне маркетплейс дүкендерден сатып алуды әдетке айналдырған. Қазақстан экономикасында тұтыну несиеге тәуелді болғандықтан несие баяуласа, сауда да баяулайды. Үкімет инфляция ресми түрде тұрақталды десе де халық оны сезінбей отыр. Себебі ет, жеміс-жидек, дәрі-дәрмек бағасының қымбат екенін көріп отыр. Экономикада халықтың сезінуі ресми статистикадан да маңызды. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі халық есепсіз тұтынуға емес, қаржылық сауаттылыққа мән беруде деген тұжырым жасауға болады. Бұл ұзақ мерзімді «мәдени өзгеріс» болуы да мүмкін, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Бүгінде халық ақшасын есеппен жұмсай бастады. Тойдың ықшамдалуы, автокөлік нарығындағы бәсеңдік, сауда орталықтарындағы бос орындардың көбеюі – осы өзгерісті көрсеткендей. Жақында «Қазақстан бөлшек сауда желілері» одағы басқарма төрағасының орынбасары Елбегі Әбдиев елдегі тұтынушылық жағдайды талқылады. Оның  айтуынша, соңғы 10 жылда халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуінен тұтынушылардың 55-60%-ы тек төмен баға мен жеңілдіктерді іздеуге мәжбүр болған. Сауда айналымындағы акциялық тауарлар үлесі 5%-дан 40%-ға дейін өсіп, тұтынушылар сапаны емес, тек бағаны бірінші орынға қойған. Бұл жағдай қазақстандықтардың үнемшіл сатып алушыға айналғанын көрсетеді.

Қазіргі кезең – тұ­ты­ну мәде­ниетінің өзгеру дәуірі. Қазақстандық­тар несиеге өмір сүру­ден бір­тіндеп бас тартып, қар­жылық сақ­­тық­­қа көше бас­тады. Ал бизнеске нарықта бұрын­ғыдай тек сауда жасау жет­кіліксіз. Енді цифр­лық ортаға икем­делу, қызмет сапасын күшейту және тұты­ну­шының сұраны­сына сай болу басты талапқа айналды.

Бетті дайындаған Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: